Дана халқымыз «Баланың ойынын бақ» деп бекер айтпаған. Кішкентайынан қорапшаларды бұзып, қайта құрауға әуес Олжас оны кәсіпке айналдыратыны туралы ойлап та көрмеген. Бүгінде Шонжы ауылында тұратын Олжас Қанатов орда бұзар отызға таяған шағында ағаш шебері атанып жүр. Оның қолынан шыққан бұйымдары дастарқанның көркін кіргізумен қатар, көптің қызығушылығын тудырады.
Ағаш тақтадан (фанер) төрт бұрышты пішінде кептірілген жеміс салуға қолайлы қорапшалар жасап, оны интернет-дүкен арқылы сатып, кәсіп көзін табу туралы бөлесінің ұсынысын қабыл алып, нар тәуекелге бел буады. Денсаулығындағы кінәратты алға тартып, қол қусырып отыру Олжасқа тән қасиет емес. Тағдырдың ауыртпалығына мойымай еңбек етіп, ата-анаға септесіп, отбасын асырау – азаматтық парызы. Осы жолда оқып-тоқып, ізденді.
Алматы қаласындағы есту қабілеті төмен балаларға арналған №5 арнайы мектеп-интернатта оқып, білім алған жас талант Алматы мемлекеттік политехникалық колледжін тәмамдаған. Жастайынан спортқа жақын Олжас Қазақ спорт және туризм академиясының түлегі атанады. Аладоп теуіп өскен ол кішкентайынан футболшы болуды армандаған екен. Футбол жарысына қатысып, еліміздің көптеген қаласында болғанын мақтан етеді. Есту қабілеті төмен ұлттық құрама сапында қызықты ойын өрнегін көрсеткен сәттері күні кеше сияқты еді. Қазір де Алматы қаласы атынан жарыстарға ара-тұра шақырту алып тұрады. Алайда ауыл алыста болғандықтан әр кез қатысудың мүмкіндігі бола бермейді.
Тұла бойы тұңғышының кемістік көрмеуіне күш салған ата-анасының бармаған жері, ашпаған есігі қалмаған. Алайда еш нәтиже болмаған соң Олжас Қанатовқа 3-дәрежелі мүгедектік тағайындалған. Жүрекке салмақ салса да ұлына жан жарасын сездірмей, демеу болуға даяр әкесі Олжастың икемді кәсібін ілгерілетуіне демеушілік жасайды. Үйінің іргесіндегі үйшіктей бөлмеге ағаш тілетін станок қойып, қорапшалар жасауына қолайлы жағдай жасап берген. Ал анасы мен жан жары Бағлан даяр болғандарын лактап, жинап, таксимен қалаға жөнелтуді міндетіне алған.
– «Ән айтсаң да, жаныңды жеп айтасың» демекші, кәсіппен айналысудың қиындығы аз емес. Сол себепті қолынан іс келіп, алға ұмтылып тұрған ұлымызға әкесі, бауыры болып жабыла қолғабыс жасауға жұмылдық. Бастапқыда ағаш жұмысына керек-жарағын алып бердік. Содан кейін кәсіпкерлікті қолдау бойынша оқып, арнайы сертификат алып, соның негізінде 583 000 теңге мемлекеттік қайтарымсыз грант алды. Сол ақшаның үстінен өз қаржымызды қосып, 1 млн 350 мың теңгеге жазу жазатын лазерлік станок алып бердік. Осылайша кәсібін бастады. Жұмыстың жеңілі жоқ. Табысқа жету үшін табандылық керектігін ұлымыз да үйренді. Соның нәтижесінде үш жыл бұрын бастаған кішкене кәсібі тұрақты табыс көзіне айналып, отбасын асырап отыр, – дейді анасы Эльмира Тыштыбаева.
Отызында орда бұзуға ұмтылған Олжастың еңбек өнімділігі еселене түскені анық. «Jidek» деген брендтік белгісі бар кептірілген жидектің сан түрін салуға арналған табиғи таза қорапшалардың 250-300-ін он күннің ішінде жасап шығаруға әбден төселген. Осыншама заттың тақтайшаларын қиып, құрастырып, дайын өнімді жинауға жұмыс орны таршылық етіп отыр.
Мүгедектігіне қарамай еңбек етіп отырған кәсіп иесінің алдағы арманы – цехтың аумағын кеңейтіп, заманауи станоктар қойып, жұмыс көлемін арттыру, іске бейім ауыл азаматтарын жұмыспен қамту, отандық өнімді көбейту. Өмірлік қосағы Бағлан Талғатқызы да ісмерлікті меңгерген екен. Ол да өндірістік іс машинасын алуды армандайды. Екі жүректің ниеті бір – ортақ кәсіптерін кеңейту.
– Жоғары білімім болса да біздің ауылда денешынықтыру пәнінен сабақ бере алмаймын. Себебі мен сабақ беретіндей арнайы мектеп жоқ. Құлағымның естімейтініне байланысты қалаған жерде жұмыс істей алмаймын. Сондықтан көп уақыт жұмыссыз үйде отырдым. Отбасын құрғаннан кейін қаржылық қиындық туды. Келіншегіммен досымыздың тойында таныстық, ол да өзім сияқты мүмкіндігі шектеулі жан, екеуміз ым-ишара тілі арқылы сөйлесеміз. Шаңырақ көтергенімізге биыл 4 жыл толады. Алғашқы кезде отбасым көмектесті, әсіресе, әкем. Ол қажет құралдарды тауып беріп отырды, алғашқы фанерді кесуге қажет алмас араны әкем екеуміз қолдан жасадық, кейін тапқан табысыма электрлі түрін сатып алдым. Барлық жұмыстың өз қиындығы бар, десе де мен үшін фанерді кесу, өлшеу, құрастыру ауыр болды. Сосын алмас ара – өте қауіпті техника. Онымен жұмыс істеуде өте мұқият болу керек. Бір күні бір компания 500 қорап дайындауға тапсырыс берді. Уақыты өте қысқа еді. Таңға дейін жасап, әрең өткіздік. Тапсырыс беретін компания Алматыда болғандықтан жеткізу де қиын болды. Түнімен таксиге артып әрең үлгердік. Бірақ түгел өткізіп, ақшасын алған кезде қатты қуандық, – дейді Олжас.
Электрлі станоктар істен шығып қалса, оны жасауға арнайы маманды Алматыдан шақыратын кездері де болады. Кейде тіпті ауылда фанер табылмай қалған кездері тапсырысты тоқтатпау үшін 60 шақырым жердегі Жаркент қаласына дейін іздеп сабылған. Сондай-ақ ол 5 миллиондық грантқа қатысқанымен, оны жеңе алмағанына қынжылыс білдірді.
– Тапсырыс қыс айларында, әсіресе, мейрам кездерінде жақсы түседі. Қыс мезгілінде орташа табысым жарты миллионға жуықтайды. Жаз айларында бәсеңсіп қалады. Сондықтан қосымша табыс көзі ретінде жиһаз құрастыру, кейде сауда орындарында қара жұмыспен айналысамын. Ал ауылда әйеліме жұмыс болмағандықтан ол қаладағы жұмыстарды жағалайды. Қызымыз өсіп келе жатыр. Баламыздың болашағын ойлаймыз. Бақытты болуына жағдай жасағымыз келеді, – дейді ол.
Алматы облысы