Түркістан облысы Келес ауданының прокурорлары балабақшалардың қауіпсіздігін тексере бастады. Олар аталған мекемелердегі бейнебақылау камераларының жазбаларын талдап, қылмыстық іс қозғауға негіз болған заң бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
24.kz хабарлағандай, ауданның төрт балабақшасында балаларға қол көтеру фактісі анықталды. Мәселен, мектепке дейінгі мекемелердің бірінде қызметкер балаларды еден жуатын жабдықпен ұрған. Енді ол 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сонымен қатар прокуратура қызметкерлері балалардың ас мәзірін тексереді.
«Мектепке дейінгі мекемелерде жүргізілген тексеріс жұмыстары әр баланың құқығын сақтауға, қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда 97 балабақшаның тек алтауында тексеру жүргізіліп, 20 күнде үш маман тобы құрылды. Тиісті жұмыстар әлі де жалғасады», деді Келес ауданының прокуроры Нұрлан Ешенқұлов.