Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшылығымен кездесті. Жиын барысында «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мәселесі талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Комитет төрағасы Әли Бектаев еліміздің Президенті фермерлерді жан-жақты қолдауға ерекше назар аударып отыратынын және «Ауыл аманаты» бағдарламасы өзінің тиімділігі мен қажеттігін көрсетіп келе жатқанын атап өткенін жеткізді.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамыта алады немесе кооператив аясында жеңілдікпен несие ала алады, материалдық жағдайды жақсарту үшін өз ісін аша алады. Жоба бойынша қарыз алу шарттары да өте тиімді, өйткені пайыздық мөлшері айтарлықтай төмен. Мысалы, бүгінде бірде-бір коммерциялық банктің ауыл тұрғындарына осындай шарттармен несие беруге мүмкіндігі жоқ. Әлемдік инфляцияны ескере отырып, 2,5% несие алу өте тиімді. Сондықтан бұл өндіріс ашуға және оны дамытуға тамаша мүмкіндік болып отыр. Бұл жоба іске асқаннан бері белгілі бір уақыт өтті. Осы бағдарламаның орындалу барысын талқылайтын кез келді», деді сенатор.
Депутаттар кездесу барысында өңірлер арасындағы қаржылық теңсіздік проблемасына қатысты мәселелерді көтерді. Сенатор Ернұр Әйткеновтың айтуынша, бұл мәселені ауылдарда жаңа жұмыс орындары мен шағын бизнес ашу, құс пен мал басын көбейту арқылы шешуге болады.
Депутаттар сонымен қатар су тасқынынан кейінгі кезеңде «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру мен ауыл тұрғындарын қолдау мәселесі ерекше маңызды екенін атап өтті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы осы тұрғыда олардың материалдық жағдайын жақсартуға және халықтың, оның ішінде су тасқынынан зардап шеккендердің табысын арттыруға ықпал етуі ықтимал.