ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов «Біз біргеміз» жалпыұлттық телекөпіріне қатысып, елдегі су тасқыны жағдайына байланысты ақпарат ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, Жайық бойындағы 84 елді мекенді су басу қаупі сейілді.
«Жайықтың қатерлі толқыны Батыс Қазақстан өңірінен өтіп, Атырау облысына жылжыды. Десе де Жайық бойындағы 84 елді мекенді су басу қаупі жоқ. Алдын алу шараларына дер кезінде кірістік деп айтсам артық етпес. Бүгінгі күнге дейін қаншама шақырым бөгет салынғанын өздеріңіз де көрдіңіздер. Бүкіл ел болып жұмылып, арнайы техника, күш құрылымдары келіп жатыр. Еріктілер мен ахуалға бейжай қарамайтын азаматтар да қарғын сумен күреске атсалысты», деді Шыңғыс Әрінов.
Осы тұста министр осынау қиын сәтте қалыс қалмай, зардап шеккендерге қол ұшын созған барша азаматқа алғыс айтты.
«Осы сәтті пайдаланып, құтқарушыларға, Қарулы Күштердің, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Мемлекеттік күзет қызметінің өкілдеріне, барлық күштік құрылымдардың сарбаздарына ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ қажетті жабдықтар мен арнайы техникаларды тасымалдауға атсалысқан ҚТЖ ұлттық компаниясының өкілдеріне, тасқынмен күреске атсалысқан адамдарға алғысым шексіз», деді министр.