Алматыда «AmalBooks» баспасынан шыққан Нельсон Феллдің «Русия һәм көшпелілер» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл еңбек алғаш рет 1916 жылы Лондон мен Нью-Йоркте жарық көрген.
Кітапта 1905 жылғы Орыс-жапон соғысы өршіп тұрған кезең бейнеленеді. Сол кездегі қазақ даласында орналасқан кеніштердің бірін сатып алған британ тау-кен инженері, «Спасск мыс кендері» кәсіпорнының басқарушысы Нельсон Феллдің дала өлкесінде өткен жылдары баяндалады. Естеліктер қарапайым баяндау тілімен жазылған. Дала халқының ерекше болмысы, табиғатпен үйлесімде өмір сүруі, риясыз пейілі, дәстүрді сақтауы Батыс өркениетінің өкіліне ерекше тартымды көрінген, қызықты әңгімелеріне арқау болған. Автордың көрген-білгендерін сол кездегі көшпелілердің тұрмысын егжей-тегжей танытатын этножазба деуге болатындай.
– Кітап үлкен қызығушылық тудырады. Өйткені қазақтардың этнографиясын зерттеуші немесе саяхатшы емес, менеджер ойы бар адам жазғанын өте сирек кездестіреміз. Егер натуралистің қазақ даласына сапары туралы жазбаларында табиғаттың көркем сипаттамасын, құстардың түрлерін, киіз үйдің құрылысын жиі кездестірсек, онда Фелл өзінің мыс балқыту зауытының орыс және қазақ жұмысшыларымен практикалық міндеттерді қалай шешетініне, жергілікті жерден қаражатты қалай табатынына немесе шахталарды қалай сатып табатынына назар аудартқан. Бұл сол кездегі ауқатты қазақтар арасындағы ахуал мен этикет нормаларын жақсы түсінуге мүмкіндік береді, – дейді еңбекті аударуға атсалысқан «AmalBooks» баспасының басшысы Бақытжан Бұхарбай.
Ең қызығы, Нельсон Фелл алғаш рет 1902 жылы қазақ даласына ат басын тіреп, 1909 жылға дейін лайықты байлық жинай алған. Кейбір дереккөздерге сәйкес, айына 640 мың доллар пайда тапқан.