Бірлік күні қарсаңында осы мерекенің мемлекет үшін маңыздылығын айқындайтын «Бізді не біріктіреді?» деген сұрақ туады. Ұлттық бірегейлік пен бірлікті сақтау қазақ даласында түркілер дәуірінен бастау алған. Бізді біріктіретін күш – ел туралы биік ұғымдар, ортақ мүдделер, барлық ұлттарға ортақ құндылықтар.
Тәуелсіздік – біз үшін ұлы ұғымдардың бірі. Оның құнын да, пайдасын да, қасиетін де білеміз. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны мәңгі ұстап қалу одан әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткерген тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа жөнсіз тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Сондықтан елімізде тұрып жатқан этностардың ішкі татулығын көздің қарашығындай сақтай білу керек.
Тәуелсіздікке қол жеткізген тұста Қазақстанда тұрып жатқан этностардың ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлерін қайта жаңғыртуға мүмкіндік туды.
Қазақстандағы ұлтаралық жарастықтың негізгі ұйытқысы болу міндетін алдымен осы атамекеннің иесі – қазақ халқы өз мойнына алу керек. Әділетті Қазақстанды құру үшін біз келісім саясаты мен парасатты ұлттық стратегиямызды іске асыруымыз қажет. Бұл жұмыстың басында Қазақстан халқы Ассамблеясы тұр. Кейінгі кезде Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты қоғамда түрлі сыни пікір жиі көрініс беріп жүр. Елімізде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік идеясының жол бастаушысына айналған Ассамблея арқылы әрбір этностың мүддесі қорғалады. Ассамблея – тәуелсіздігіміздің құндылықтарының бірі, елдің қуатты бірлігі. Әрине, уақыт талабына сай, ҚХА жұмыс форматын өзгерткені жөн. Еліміздің саяси жүйесі жетілдіріліп жатқан кезде Ассамблеяның жұмысын ұйымдастыру жолдарын қайта қарау қажет. Ең алдымен, этнопопулизмге жол бермеу керек. Халықтың арасында іріткі салатын өте қауіпті бұл дерт бар жерде ешқашан да ұлттық идеялар жүзеге асқан емес. Бұл – өтірік уәде беретін, даңғаза ұрандарды насихаттайтын, тек жеке амбицияларымен өмір сүретін адамдардың бойындағы кесапат. Әрине, әр заманның ерекшеліктеріне сай этнопопулизм жағдайға байланысты тез өзгеріп тұрады. Қазақстанның этнодемографиялық жағдайында этнопопулизмге жол бермеу өте маңызды.
Қазақстан құқықтық және демократиялық мемлекет ретінде қалыптасу жолында нәтижелі қадамдар жасап келеді. Сол үшін де Конституцияға өзгерістер енгізілді. Конституциялық сот жұмысын бастады. Ең бастысы, заңдардың орындалуы. Елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты орнығуы қажет. Әр отандасымыз құқықтық және демократиялық мемлекеттің азаматына лайық, Президент айтқандай, «отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр» болуы керек. Осы қасиеттерді ең алдымен бүгінгі жастардың бойына сіңіру маңызды. Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамдық санамыз бен азаматтық ниетімізді өзгерту қажет.
Ұлттық идеологияның түп-тамыры – білімді қоғам арқылы Қазақстанға рухани серпіліс жасау. Білімпаздық пен жаңашылдық бірінші орында тұруы керек. Ұлттық идеологияның даму жолында жалғандыққа жол беруге болмайды. Жастарымыз өсіп-өркендесін десек, оларды жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуге тәрбиелеу қажет.
Қазір әлем күн сайын өзгеруде: жаңа технологиялар, мамандықтар және салалар пайда болып жатыр. Осындай жағдайда жастарымыз жаңа кәсіби дағдыларды меңгеріп, озық білімін тиімді пайдалануға дайын болу керек. Өйткені рухани серпіліс жаңа сапалы білім алудан басталады. Сананың өзгеруі ұлттық идеологияның дамуына тікелей байланысты. Бізге халқымыздың қуатын арттыратын, толағай табыстарға жетелейтін, жалпыұлттық құндылықтарын дамытатын идеология керек. Бұл бағытта зиялы қауым өкілдері өз үлесін қосуға тиіс.
Махметғали САРЫБЕКОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ТАРАЗ