ГУЛАГ құрылымындағы ең үлкен сала – Қарағанды еңбекпен түзеу лагері. Ол көпшілікке «Қарлаг» атауымен белгілі. Қарағанның түбінде қараңдаған, қайран, қасіретті тағдырлар... Қанды қол заман қуатын семдіре алғанымен, олардың кеудесіндегі адамшылықтың алтын арайын сөндіре алмады. Өзі де Қарлаг тұтқыны болған қырғыз азаматы Күзебай Құрановтың қазақ жолдасының аманатына адалдығы көңілді елжіретпей қоймайды. Бұл туралы «Азаттық радиосының» Қырғыз қызметі және «Есімде: тарихыңды зерделеу» атты талқы алаңы «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шавкат Исмаиловтың естелігінен баян еткен.
Барлығы оны «профессор» деп атаған екен. Бәлкім, асқан дегдарлығы мен зиялылығын меңзеген болар. Түрменің жан төзгісіз ауыр еңбегі оның денсаулығына қатты әсер етеді. Алайда қазақ ақсақалы жанына дәрмен болған әдетін мүлде тастамайды. Ол қолы қалт ете қалған кезде «Қыз Жібек» жырын жадында жаңғыртып отырады. Кім біледі, абақтыда есін сау күйінде сақтау үшін ақсақалдың тапқан шарғысы болар? Оның жырын қасындағы Күзебай құрдасы мігірсіз тыңдайтын. Құлағына Манасшылардың мақамы сіңген қырғыз жігітіне қазақтың жыры майдай жағып, Алатаудың арғы бетіндегі алаңсыз айылын есіне түсіретін шығар...
Бірде Күзебайды босату жөнінде бұйрық беріледі. Ол қатты қуанады. Тек қазақ құрдасының амнистияға іліге алмағаны көңілін күйзелтеді. Оның үстіне денсаулығы да тым нашар. Белгіленген мерзімге дейін өмірі жетпеуі де мүмкін. Амалы қанша? Бір кезде құрдасы қалың күпәйкесінің астарына жасырылған қалың қолжазбаны алып шықты. «Күзебай, бұл – сенің әр түн сайын ыждағатпен тыңдайтын жырдың қолжазбасы. Қазақ халқының інжу-маржаны – «Қыз Жібек». Мұны мен Сібірде айдауда жүргенде жазып шықтым», деді ол. Сөйтіп, оны «еліме жеткіз», деп Күзебайға аманаттапты.
Осылайша, ол бостандыққа шығады. Атажұртына да жетеді. 1972 жылы «Қыз Жібек» фильмі көрерменге жол тартады. Елдің бәріне бұл көркем туынды ғана шығар, ал Күзебай ақсақалға орындалмай жатқан аманаттың ауыр жүгі-тін. Алматыға жүруге бел байлағанымен, денсаулығы жарамай қалады. Көп ұзамай ол да дүние салады.
Кейін «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігінің іздеу қызметімен айналысатынын білген Күзебайдың ұрпақтары қазақ ақсақалының аманатын жеткізіп беруін өтінеді. Қолжазба авторының толық аты-жөні, кім болғаны белгісіз.
Арада алпыс жыл өткеннен кейін Қарлаг тұтқыны болған қазақ ақсақалының аманатын орындай отырып, 101 беттік «Қыз Жібек» поэмасының қолжазбасын Қазақстанға жеткізді.
Қырғыз халқының атынан бұл міндетті Қырғызстаннан келген зерттеуші Дүйшонқұл Шаматов орындады. Енді мына қызықты қараңызшы. Дүйшонқұл Шаматов – Күзебай Құрановтың тікелей ұрпағы. Сонымен қатар Астана қаласындағы Назарбаев университетінің қауымдастырылған профессоры болып қызмет атқарады. Иә, атасының жете алмай кеткен мекенінде...