Төрткүл дүние мазасыз күй кешіп жатқан кезеңде отандық туризмнің Меккесі іспетті Алматы шаһарына келетін қонақтардың ендігі легі қандай болмақ? Саяси ахуал мен табиғаттың тосын құбылыстары саяхат құруға алдын ала қамдана жүретін жиһанкез қауымның жоспарын өзгерте ме? Дәл осы сауал талай елді алаңдатып отырғаны даусыз.
«Дәл саяхат сияқты ештеңе де адамның ақыл-ойын дамыта алмайды», деп Эмиль Золя айтқандай, туристік маусым басталғанға дейін елімізге жолы түскен әрбір екінші саяхатшы мегаполисті айналып өтпейтінін еске сала отырып, Алматы қалалық Туризм басқармасының мәліметтері мен межесіне көз жүгіртіп көрелік. Әлбетте, туристерді магниттей тартатын Алматыда қыдыратын да, көз қуандыратын орындар жетіп артылады. Оның үстіне қала билігі тауға апаратын жолдар мен жондарды ретке келтіріп, саяхатшыларға барынша жағдай туғызуға, қауіпсіз саяхат құруға тынымсыз күш салып жатыр. Бір жағынан бұл талпыныста зая кетпеген. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметі 2023 жылдың тек 9 айында туристердің жалпы саны 1,5 млн адамнан асқанын айғақтайды. Оның ішінде шетелдік туристер саны 51,5%-ға өсіп, 410 мыңға жуық адам Алматыға сапар шеккен. Осылайша, мегаполис шетелдік туристерді қабылдайтын еліміз қалалары арасында көшбасшы болды.
«Туристер легінің артуы туризм саласындағы негізгі көрсеткіштердің айтарлықтай өсуіне қол жеткізді. Мысалы, салық түсімдері 64%-ға ұлғайып, 50,2 млрд теңгені құрады, жұмыспен қамтылғандар қатары 11%-ға немесе 78 551 адамға артты, инвестициялар 47,7%-ға немесе 106,4 млрд теңгеге өсті», деді Алматы қалалық Туризм басқармасының басшысы Ғалия Тоқсейітова.
Өткен жылы елімізге жолы түскен туристердің 24,2%-ы – Алматыны аралауға келгендер. Алматыға келген шетелдік туристер негізінен гидтер мен туроператорлардың қызметіне жүгінсе, олар Медеу, Шымбұлақ, Көктөбе, Кафедралдық шіркеу, Орталық мемлекеттік музей, Орталық мешіт, 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақ, Көк базар, Арбат, Орталық демалыс және мәдениет саябағы, Тұңғыш Президент саябағы, Ботаникалық бақ, Баум тоғайы, Хайуанаттар бағы сияқты жерлерді көргісі келеді. Былтыр туристердің ең көп легі Ресейден ағылды – 34% (138 961 адам). Екінші орында ҚХР – 11,6% (47 619 адам). Үндістаннан келген туристер саны – 7% (28 983 адам), Түркиядан келгендер – 6,2% (25 486 адам), АҚШ-тан 3,7% (15 084) турист келді.
Айтқандай, туризм туралы сөз қозғалғанда, қонақүйлер тақырыбын айналып өте алмайтындықтан, қазір мегаполистегі қонақүйлер қоры 11 454 төсектік орынды құрайтынына тоқтала кету керек. Өткен жылы жеке инвестиция есебінен 161 орындық «Qazaq Auyl» мейрамханалық кешені бар эко-қонақүй (16 үй), «Grand Mildom» қонақүйі (112 бөлме), «Medeu camp» (13 маусымдық глэмпинг), «Dami hotel» (20 бөлме) қонақүйлері ашылды. Бұл күндері қалада құны мен құрылысы 208,4 млрд теңге қаражатты қажет ететін 3287 нөмірлі 23 қонақүй құрылысы жүріп жатыр. Нақтылай түссек, 1 297 нөмірге арналған (71,1 млрд теңге) 7 нысанның құрылысы жалғасын тауып отырса, 1 990 нөмірге арналған 16 нысан (137,3 млрд теңге) жобалау жұмыстары сатысында тұр. Биыл, яғни 2024 жылы 7 қонақүйдің құрылысын аяқтау жоспарланған, (45,1 млрд теңгеге 1067 нөмір), қалған жобалар 2027 жылға дейін аяқталады. Бұл қаладағы қонақүйлердегі орындар қорын ұлғайтуға, сондай-ақ туристердің мегаполисте қолайлы жайғасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Шетелдік туристер легіне әсер ететін факторлардың бірі – қолданыстағы әуе қатынасының саны. Бүгінгі таңда Алматы әлемнің 82 еліне 42 тікелей әуе қатынасы арқылы барып-келе алады. Биыл наурыз айында Алматы мен Куала-Лумпур (Малайзия) арасында тікелей әуе қатынасы ашылғанынан жұрт құлағдар болып отыр.
Осы орайда, Алматы Орталық Азияның қаржылай, экономикалық, мәдени және жастар орталығына айналу жолында біраз жұмыс атқарылып отырғанына тоқтала кеткен жөн. Сыртқы туризмді дамытудағы басты оңды оқиғалардың бірі – биыл маусым айында Алматы қаласы халықаралық әуежайының жаңа терминалының құрылысының аяқталуы десек те болады. Жаңа әуежай жылына 14 миллион жолаушыны қабылдай алатын күн де алыс емес. Болжамға сәйкес, биыл шетелдік туристер саны 520 мың адамға жетуге тиіс. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша Алматы әуежайы 9,5 миллион жолаушыға қызмет көрсетсе, биыл жолаушылар легі 10,5 миллион адамнан асады деген үміт бар.
Қазіргі таңда шетелдік туристерге қолайлы жағдай туғызу мақсатында мегаполис аумағында «Visit Almaty» 8 туристік ақпараттық нүктесі (Алматы халықаралық әуежайында, Панфилов, Абай-Достық, Медеу, Зенков көшелерінде, Президент саябағы, Атакент, Көктөбе) жұмыс істеп тұр. 2023 жылы осы орталықтарда 21 мыңнан аса турист анықтамалық ақпарат алған.
Сонымен қатар ақпарат беру орындарында 8 мыңға жуық полиграфиялық өнім (атластар, брошюралар, карталар және т.б.) таратылды. Барлық қонаққа Алматыда, оның айналасында бос уақытты тиімді өткізу туралы пайдалы ақпарат, баруға болатын орындар, мейрамханалар, көрікті жерлер, тарихи нысандар және мегаполис туралы басқа да мәліметтер ұсынылды. Былтыр Туризм басқармасы туристік инфрақұрылымды абаттандыру жұмыстарын жалғастыра отырып, «Ақбұлақ», «ҮАӨ» және «Мыңжылқыда» 3 кемпинг-аймағын құрып, шатырлы орындар, жайлы жаппалар, орындықтары бар үстелдер, әткеншектер орнатқан еді. Сол сияқты ұзындығы 150 шақырым болатын 12 тау бағыты абаттандырылды, онда ақпараттық стендтер, нұсқау белгілері, демалуға арналған платформалар, көпірлер мен жаппалар орнатылды. Ең бастысы, Алматы халықаралық әуежайының паспорттық бақылау аймағындағы кабиналарды жабдықтау жұмыстары аяқталды. Енді туристерді әлемнің тоғыз танымал тілінде (қазақ, орыс, ағылшын, араб, қытай, француз, итальян, түрік және корей тілдерінде) қарсы алатын болды.
Отандық туризмзді дамытуда біз айналып өте алмайтын тағы бір өзекті мәселе бар. Нақтырақ айтсақ, Алматы қаласының әуежайында таксистердің заңсыз, оспадарсыз іс-әрекеттерінің жиілеуіне байланысты Халықаралық әуежай терминалдарында такси тарифтері көрсетілген ақпараттық стендтер ілінді, сондай-ақ кедендік бақылау аймағында шетелдік азаматтардың паспорттарына ақпараттық қосымша парақтар тарату көзделген. Таксиге тапсырыс беру қызметтерін ұсынатын таксилердің құнына талдау жүргізіліп, сапардың орташа бағасы есептелінген. Жолаушылар тасымалы тарифтері олардың баратын орындары мен такси класына байланысты 1 200-ден 12 мың теңгеге дейін өзгереді. Бұл баға тұрақты емес, себебі жолаушылар үшін ұсынылатын баға, такси қызметтерінің құны ауа райын, сұранысты және басқа деректерді ескере отырып өзгеруі мүмкін.
Сондай-ақ қала қиылыстарында 54 ақпараттық тотем жаңартылды. Қала картасынан басқа, олар қазір танымал туристік орындарға апаратын бағыттарды ұсынады. «Біз қала тұрғындары мен қонақтарынан инфрақұрылым нысандарына ұқыпты қарауды және бүлдіру фактілеріне жол бермеуді сұраймыз», дейді Ғ.Тоқсейітова.
Сонымен қатар өткен жылы виртуалды 3D турлары басталғанын, ендігі жерде visitalmaty.kz сайты әлемнің кез келген түкпіріндегі пайдаланушыларға тегін аудио-бейне турлар ұсына бастағанын айту ләзім.
Айтқандай, туроператорлардың сауалдарына сәйкес, Алматының туристік әлеуетін арттыру үшін жақын және алыс шетелдерде (Дубай, Абу-Даби, Шарджа, Эр-Рияд, Джидда, Даммам, Доха, Маскат, Дели, Мумбай, Ташкент, Хошимин) 12 Road-show өткізілді. Сондай-ақ Сингапур, Париж, Лондон, Барселона, Пекин және Дохадағы 6 ірі және маңызды халықаралық туристік көрмелерге қатысты. Сауалнама нәтижесінде Алматы қаласының туроператорлары 2025 жылдың соңына дейін мегаполиске 85 мыңнан аса турист шақыратын шетелдік компаниялармен 500-ге жуық шарт жасасты. Аталған іс-шаралар шетелдік туристер ағынын тікелей арттыруға мүмкіндік береді деген үміт бар. Маркетинг бағытындағы кешенді жұмыстың нәтижесінде Алматы ел ішіндегі туристерді де, жаһандық саяхатшыларды да қызықтырып отырғанын айта кету керек.
АЛМАТЫ