• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 03 Мамыр, 2024

«Ақылды» нейростимулятор

76 рет
көрсетілді

Елімізде алғаш рет екі нау­қас­тың жұлынына «ақыл­ды» нейростимулятор орнатылды. Құны 8,5 млн теңге тұратын, МӘМС аясында Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруха­насының мамандары жаса­ған бұл операция – отандық медицинадағы елеулі оқиға.

Омыртқасы ауыратын науқастардың азабын азайтатын гаджет туралы мәлімет берген ауру­хана нейрохирургия бө­лім­шесінің меңгерушісі Марат Алматов мұндай заманауи нейростимуляторлар елімізде бұрын-соңды қолданылмағанын айтады. Жүйе Vanta SureScan MRI Medtronic деп аталады.

– Стимуляторлар – омыртқасы созылмалы дертке душар болған пациенттер үшін таптырмас құрылғы. Операциядан кейін олар ауруын ұмы­тып, бірден бұрынғы қалыпты өмірге оралады. Vanta SureScan MRI Medtronic – ең соңғы үлгідегі, жетілдірілген, ақылды жүйе. Біз бұрын орнатып жүрген құрылғы уақыт өте келе ауырсынуды басу қабілетінен айырылып қалатын. Оның үстіне бұл стимулятор пациентке автоматты түрде реттеп, денені кез келген қалыпта ұстауға мүмкіндік береді. Бұған дейін емделушілер дене қалпын өзгерткенде ауырсынуды сезінетін, – дейді дәрігер.

Екінің бірі қолы же­те бермейтін мұндай құрылғының іс жүзінде сынап көру бақыты көп жылдан бері омыртқаның дегенеративті ауруына шал­дыққан, шалғайдан кел­ген екі тұрғынға бұйыр­­ған. Емделушінің екеуін­де де Failed Back Sur­gery Syndrome – FBSS-пен байланысты созылмалы нейропатиялық ауырсыну пайда болып, науқас жандардың қозғалуы қиын­ға соққан. Екеуіне де аймақта бұған дейін төрт рет сәтсіз операция жасалған екен.

– Операция 2 сағатқа созылды. Біз нейростимуляторларды шағын тілік арқылы дәл жұлынның үстіне орнаттық. Пациент оянғаннан кейін бірден жүйені іске қостық. Ем­де­лушілерге арнайы қо­сымша орнатылған смарт­фон беріледі. Ол арқы­лы құрылғыны қажет кезде реттеп, қосып немесе өшіруге болады, – дейді М.Алматов.

Жаңа жүйеде «гирос­коп» функциясы бар, бағдарлама соған тігілген және оны смартфонның не планшеттің көмегімен басқаруға болады. Онда омыртқаның кез келген қалпын бағдарлауға болады. Гироскоп бұл жүйеде омыртқаның кез келген қалпын автоматты түрде таниды. Жүйенің тағы бір артықшылығы – стимулятор науқаста өмірінің соңына дейін қалады. Па­циент операциядан кейін қалыпты өмір сүруге мүм­кіндік алады.

Мамандарымыз озық ме­дициналық құрыл­ғы­ны ағзаға орнату­ды әлемнің мықты нейрохи­рургтерінің бірі Влади­мир Алексеевецтің шебер­лік дәрісі кезінде үйрен­ген. Владимир Алексеевец – Минск қа­ласындағы Беларусь ұлт­­­тық нейрохирургия ор­та­­лы­ғының ғылыми же­тек­ші маманы.

 

АЛМАТЫ