Суы нәрлі, шөбі шүйгін, ауасы тұнық Ақбастау ауылын тұрғындар киелі мекен санайды. Мұның сан түрлі сыры бар. Бақ-береке, ырыс-құт қонақтаған ауылда бүгінде мың жарымнан астам түрлі этнос өкілдері тұрады. Олардың басым бөлігі – күрдтер.
Қуғын-сүргін жылдардың азабын өзге ұлттар да аз көрмеген. Ата жұртынан ауып, күшпен көшірілген күрдтердің біразы Еңбекші қазақ ауданының төңірегіне табан тіреген. Солардың қатарында Надыровтар әулеті де бар.
Бала жастан қиындықтың қамытын киіп, тағдырдың ащы дәмін татқан Азиз Байлярұлының есінде қалғаны қазақ халқының кең пейілі мен мол мейірімі еді. Әкесі «саяси тұтқын» ретінде сталиндік режімнің құрбанына айналса, анасы қайтыс болып, өзі 10 жасында балалар үйіне орналасады. Кәмелеттік жасқа толған соң Азиз Надыров Түрген педагогикалық училищесін үздік тәмамдап, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының физкультура факультетіне оқуға түсіп, жоғары білімді маман атанады. Студент шағында спорттық ойындарға қатысып, республикалық, еуропалық чемпионаттардың жеңімпазы атанған Надыров отбасын құрып, Жаңашар ауылында мұғалімдік еңбек жолын бастаған. Қазақы ауылға тастай батып, судай сіңіп, ағарту саласының дамуына қал-қадірінше атсалысады. Ауыл жұртын ынтымаққа ұйытып, жақсылыққа ұмтылдырады. Осындай белсенділігінің арқасында 1963 жылы күрдтердің құтты қонысына айналған Ақбастау орта мектебіне директор болып бекиді.
Бұл ауылда қазақ, күрд, орыс, неміс, ұйғыр, украин бар, саусақ жетпес бірнеше этнос өкілі тату-тәтті тіршілік етіп жатыр. Ұлттар достығының дәнекері бола білген Азиз Надыров 8 бала өсіріп, тәрбиелеген. Тұңғышы Рашид Надыров Ішкі істер министрлігі саласында қызмет етсе, екінші ұлы Надо Надыров әке жолын жалғастырды, ал кіші ұлы Джамшит Азизұлы кәсіпкерлікті дамытып отыр.
Жалпы, Надыровтар отбасында мұғалім мамандығын меңгергендері аз емес. Қыздары Гүлнар, Санам мен Синам Надыровалардың есімдері Еңбекші қазақ ауданында құрметпен аталады. Бүгінде бұл отбасының жапырағы жайқалып, 60-қа жуық ұрпағы әр салада жемісті еңбек етіп жүр.
Ақбастау ауылы тұрғындарының арқасүйер ақыл-кеңесшісіне айналған ақсақал 80-нен асқан жасында дүние салды. Халықтар достығын нығайтуға, білім сапасын көтеруге еселі еңбек сіңірген Азиз Надыровтың ағарту саласындағы еңбегі ескерусіз қалмай, «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» атанды. Еліміздегі этносаралық бірлік пен қоғамдық келісімді дамыту ісіндегі қажырлы еңбегі бағаланып, бірқатар марапатқа ие болды. Өнегелі өмірінде Еңбекші қазақ ауданы мәслихаты, мен Алматы облысы мәслихатының депутаты болып та игілікті істің басы-қасында қалтқысыз қызмет еткені ел есінде. Жақсылық пен жанашырлықтың, қайырым мен мейірімнің дәнін еккен әке ісін жалғастырушы ұрпақтарының бірі – Надо Надыровтың да осы күні ел бірлігі мен ынтымағын арттыруға қосып жүрген үлесі орасан зор.
Бірнеше жылдан бері Ақбастау орта мектебінің директоры әрі күрд этномәдени орталығына жетекшілік жасайтын Надо Надыров жас өскінге сапалы білім, саналы тәрбие беруді шебер ұштастырып келеді. Білікті басшы жалпыға бірдей білім беру аясында әлеуметтік осал отбасылардан шыққан талантты балаларды жан-жақты қолдауға, ұжымдағы ұстаздарға моральдық, материалдық демеу көрсетуді алдыңғы орынға қойған.
«Қиын заманда пана болған қазақ халқының пейіліне ризашылығымызды білдіре отырып, ынтымақ-бірлігімізді нығайтуға, мемлекеттік тілді меңгеріп, оның қолданыс аясын кеңейтуге күрд халқының өкілдері де айрықша атсалысып келеді. Бауырдай біте қайнасып кеткен екі ұлттың салт-дәстүрлері ұқсас», деген Надо Надыров басты міндет – жастарды жалпыадамзаттық құндылықтарға, отандық патриотизмге, білімге баулып, еңбекқорлық пен жауапкершілікке тәрбиелеу екенін алға тартты.
«Әр кез «Күшіміз – бірлікте» екенін естен шығармай, бәріміз бірге еліміздің игілігі үшін аянбай жұмыс істеуге тиіспіз», дейді Ақбастау орта мектебінің директоры Н.Надыров.
Құтты қонысқа айналған Ақбастау ауылында тұратын күрдтердің арасында ұзақ жасағандар мен көпбалалы отбасылар да көптеп саналады. Атап айтсақ, 92 жастағы қария Ало Алиев, 89 жастағы Разия Алиева, 87 жасқа келген Гүлизар Сардарова сынды ақсамайлы қариялар мен көпбалалы Қыдыр Асанов, Теймур Калаев, Юсуп Исаевтардың тыныс-тіршіліктері өзгелерге үлгі-өнеге.
«Ауылымыздың суы дертке шипа, қасиетті саналады. Сондықтан Ақбастау деп аталған. Бастау суын тегін пайдаланамыз. Қаладан келіп, емдік үшін алып кететіндер де бар. Таза су ішкен тұрғындардың да ниеті түзу, ынтымағы берік», дейді мектеп директорының орынбасары Маржан Мырзағұлова.
Күрд халқының би өнерін көрсетіп жүрген мектептегі «Бахар» халық би ансамблінің жеткен жетістігі аз емес. Синам Мамедова жетекшілік ететін ансамбль құрамындағы өнерлі өрендер «Кочари» биін нақышына келтіре орындап, талай байқауда топ жарған.
Ал 1998 жылы Азиз Надыровтың ұйытқы болуымен құрылған күрд этномәдени орталығы қоғамдық келісімді нығайтуға, ұлттық салт-дәстүрді дамытуға сүбелі үлес қосып келеді. Этномәдени орталықта 20 шақты адам жұмыс істейді. Олардың күрд халқының ұлттық өнерін, салт-дәстүрін дәріптеудегі орны айрықша. Ширек ғасырдан астам уақыттағы жүйелі жұмыс жеміссіз емес. Биыл этномәдени орталықтың ұжымы «Кел, шырқайық!» жобасына қатысып, бас жүлдегер атанғандарын мақтан етеді.
Ынтымақ ұясындай Ақбастау ауылының көпұлтты тұрғындары «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» көрсетудің үлгісіне айналған.
Алматы облысы