• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Баға 03 Мамыр, 2024

Баға бақылауда болады

87 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте маусымаралық кезеңде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік пен көкөністер бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды.

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар­ларының баға индексі үш апта қатарынан төмендеп келеді. Бағаның төмендеуі қарақұмық жармасы, пияз, күнбағыс майы, ұн және басқа да өнімдер бойынша байқалып отыр.

Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасының анағұрлым ауыт­қуына жол бермеу үшін Үкімет Өзбекстан және Тәжік­стан жеткізушілерімен тіке­лей келісімшарт жасау мүмкін­діктерін алдын ала пысықтады. Сауда және интеграция ми­нистрлігінің салалық бағы­ныстағы ұйымы – «QazTrade» АҚ өзбек және тәжік серіктестерімен тиісті шарттарға қол қойды.

Көкөністер Қазақстан нары­ғына «жасыл дәліз» арқылы және делдалдар мен алыпсатарларсыз тиімдірек бағамен жеткізіледі.

9 ӘКК-мен жалпы көлемі 4 мың тонна болатын импорттық көкөністерді, оның ішінде 2 060 тонна картоп пен 1 940 тонна пияз жеткізуге шарттар жасалды.

Қазақстанның барлық өңірінің қажеттіліктерін қам­тамасыз ету және маусымара­лық кезеңде көкөністер бағасы­ның ауытқуын болдырмау үшін Премьер-ми­нистр келісім­шарттарды уақтылы бекітуді және өнімнің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Жалпы алғанда, әкімдіктерге кемінде 18,6 мың тонна картоп, 7,2 мың тонна сәбіз және 5 мың тонна пиязға алдын ала келісімшарт жасау қажет. Қазіргі уақытта қолда бар қорлардан 81 мың тонна көлемінде көкөніс өнімдері пайдалануға берілді.

Сонымен қатар жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін өткізу кезін­дегі талаптардың сақталуын мемлекеттік бақылау нәтижелері қаралды. Министрлік жыл басынан бері мүдделі органдармен бірлесіп, тауарлық үстеме бағаны асырған 732 фактіні анықтап, 1 мыңнан астам әкімшілік іс қозғалды, 109 өнімсіз делдал алып тасталды.

Жалпы, жыл басынан бері баға белгілеуге әсер ететін 2,5 мыңнан астам тізбекке талдау жасалып, сауда, салық және моно­полияға қарсы заңна­ма­лар­ды бұзудың 800-ден астам тәуе­келі анық­талды. Барлық анық­талған факті бойынша ақпа­рат жедел шара қолдану үшін уәкілетті органдарға жолданды.

Бақылау-фискалдық және құқық қорғау органдарын тарту арқы­лы өңірлік комиссиялар­дың қыз­меті қайта қаралып, күшейтілді.

Үкімет басшысы кейбір тауарлар бойынша бағаның өсуі тіркелген Жамбыл және Абай облыстары әкімдеріне оларды тұрақтандыру шараларын күшейтуді тапсырды.

Сауда министрлігіне бағаның өзгеруіне күн сайын талдау жүргізу, Ауыл шаруашылығы министрлігіне нарықты отандық өніммен сапалы әрі толық көлемде қамтып, агроөнеркәсіп кешені саласындағы өңдеу көлемін арттыру жөніндегі барлық жоспарланған шараны іске асыру жүктелді.

«Халықты сапалы әрі қымбат емес өнімдермен қамтамасыз ету – Үкімет пен жергілікті билік органдарының басты мін­деттерінің бірі. Делдалдарсыз және бағаға қатысты алаяқтыққа жол бермейтін тікелей жеткізілім қажет. Әкімдер құқық қорғау органдарымен бірлесіп бұл мәселеде тәртіп пен ашықтықты қамтамасыз етуге тиіс», деп атап өтті О.Бектенов.