Оқу жылының аяқталуына бір айға жуық уақыт қалды. Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдіктері балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша қызу жұмыс істеуде. Әр өңір бойынша іс-шаралар жоспары Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңестерде қаралып жатыр.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, 1-10 сынып аралығындағы оқушылар саны 3,1 млн-нан асады. Сала олардың 88%-ын белсенді жазғы демалыспен қамтуды жоспарлап отыр. Өңірлерде балалардың тізімі түгенделіп, лагерьлердегі орындар әзірленіп жатыр. Бірінші кезекте ондағы санитарлық талаптардың сақталуына мән берілмек. Жалпы, балалар үшін жыл бойы қызмет ететін, маусымдық және мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істейді.
Сонымен қатар биыл аймақтарда қанатқақты режімде бірнеше жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Мәселен, Қарағанды облысында IT-лагерь ашу жоспарланып отыр. Өңір әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынның сөзінше, Теміртаудағы жоғары политехникалық колледж базасында 100 бала демалыстан бөлек, ІТ мамандықтың қыр-сырымен таныспақ. Алдағы уақытта бұл тәжірибені кеңейту жағы да қарастырылып жатыр.
Ал Шығыс Қазақстан облысында «Қонақжай отбасы» жобасы қолға алынған. Жоба аясында 120 бала үшін Катон-Қарағай, Глубокое аудандары мен Риддер қаласында танымдық іс-шаралар ұйымдастыру көзделген.
«Балалар ауылдық жердегі отбасыларда уақытша қоныстанады. Ондағы ата-аналардың бірі педагог болуы керек. Сондай-ақ балаларға қажетті бөлек бөлмесі, санитарлық талаптардың сақталуы жіті қадағаланады. Жобаға қатысатын отбасыларға арнайы ақы қарастырылған. Отбасылық лагерьде балаларға ауылдың тұрмысы, салт-дәстүріміз бен мәдени мұраларымыз таныстырылып, тарихи орындар көрсетіледі», деді облыс әкімінің орынбасары Дархан Сапанов.
Ұлттық дәстүрді дәріптеуді Павлодар облысында этнолагерьлер ұйымдастыру арқылы қолға алуды мақсат етіп отыр.
«Өңірлердегі үздік тәжірибелерді кеңінен тарату жағын қарастыру керек. Біз үшін ең маңыздысы – лагерьге баратын балалардың қауіпсіздігі. Сондықтан мүдделі мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктер бұл істе бірігіп жұмыс істеуі керек. Демалыстан, сауықтырудан бөлек, балалардың жан-жақты дамуына қатысты шаралардың мазмұнына баса мән берген жөн. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты тұрақты бақылауында ұстауы қажет. Ата-аналарға ұсынылатын жазғы демалыс түрлері бойынша ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізген жөн», деп атап өтті Т.Дүйсенова.
Айта кетейік, елдегі су тасқынына байланысты бірқатар өңірдің оқушылары уақытша оқу-сауықтыру орталықтары мен балалар лагерьлеріне орналастырылды. Қазіргі таңда 651 балаға демалыс орындарында тұруға, тамақтануға, оқуға барлық жағдай жасалған.