Қазақстан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдеріне салық салуды алып тастауды жоспарлап отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында бұл ұсынысты жүзеге асыру тәсілдері жаңа Салық кодексінің жобасында көрініс табатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өздеріңіз білетіндей, бүгінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығымен төлем көзінен салық салынатын табыстарға жатады.
«Мәселенің әлеуметтік маңыздылығын, сондай-ақ шегерімдер мен жеңілдіктер бойынша халықаралық тәжірибені ескере отырып, Бірыңғай зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдерін жеке табыс салығын төлеуден босату ұсынылып отыр», деп атап өтті Үкімет басшысы өз жауабында.
Оның айтуынша, салық салуды жою екі жағдайда қолданылмайды:
- Азаматтар Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шыққан жағдайда;- Төлемдер мұрагерлік жолмен берілсе.
Жеке табыс салығы бойынша бюджет шығынының көлемі үкіметтің бағалауы бойынша 4,1 млрд теңгені құрайды.
2023 жылдың қазан айында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев зейнетақы жинақтары мен инвестициялық кірістерге БЖЗҚ-ға салық салынбауды ұсынды, өйткені бұл қаражат ел экономикасына жұмыс істейді. Кейінірек ол депутаттардың бұл бастамадан бас тартқанын түсіндірді.