Былтыр маусымда Абай облысы аумағында болған өрт 63 мың гектар жерді шарпыды. Бұл еліміздегі орасан зиян келтірген төтенше жағдайдың бірі деуге болады. Сан соқтырып, ескерусіз қалған тұстар есімізді екеу, түсімізді төртеу қылып әуре-сарсаңға салғаны түсінікті. Ал биылғы қауіпті кезеңнің құлағы қылтиып келе жатқанын ескерсек, жаттығуымыздың жинақы, өрт сөндіру қондырғыларының сақадай сай тұрғанын тілейсің.
Жақында өрт қаупі жоғары кезеңге дайындықты пысықтау мақсатында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің қатысуымен кеңес өткізді. Осы басқосуда Е.Нысанбаев «Семей орманы» резерваты, сондай-ақ Павлодар, Ақмола және Қостанай облыстары өрт қаупі жоғары кезеңге толық дайын емес екенін алға тартты. Вице-премьер өңірлердің әкімдеріне бір аптада табиғи өрт қаупін төмендету бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуді, аэровизуалды бақылау және өртті сөндіру үшін көрсетілетін тікұшақ қызметінің көлемін ұлғайту бойынша ұсыныстар енгізуді, орман қоры аумағында өртті ерте анықтау жүйелерін орнату, орман және табиғатты қорғау мекемелерін материалдық-техникалық жарақтау жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Бүгінде «Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерватының құрамында 11-ге жуық филиал облыстың бес ауданында жұмыс істейді. Осылардың ішінде бірінші және екінші типтегі орман өртінің алдын алуға бағытталған 30-дан аса өрт сөндіру стансалары мен орман өртінің алдын алуға жасақталған 79 автоцистерналар, 27 шағын кешенді автокөлік және 66 трактор техникасы бар. Бұған қоса 35 өрт бақылау мұнарасы тұрақты штаттағы 177 маман, уақытша қызмет атқаратын 425 адам орман өртінің алдын алуға барын салады деп күтіліп отыр.
«Семей орманы» мемлекеттік табиғи резерваты бас директорының орынбасары Ғани Алпысшаловтың айтуынша, аталған мекеменің техникалық базасын жаңарту мен жасақтау мақсатында бірқатар ауқымды шара атқарылып жатқан көрінеді.
«Былтырдан бері біздің мекеме өрт сөндіруге құрамдастырылған 10 КамАЗ, 4 ГАЗ-3308, 14 УАЗ автокөлігімен толықты. Сыйымдылығы 20 литрді құрайтын 192 дана өрт сөндіру рюкзагы, орман өртін қадағалау мен қатынасты жандандыру үшін 5 УАЗ «Патриот» пен 2 JAC T6 маркалы автокөліктер орман өртімен күресте қолғабыс етеріне сенім мол. Бұған қоса 200-ге тарта толық комплектідегі арнайы өрт сөндіру киімдері де орман өртімен күресте пайдаға асады», дейді Ғайни Көксегенұлы.
Орман өртінің алдын алу мақсатында жоғарыда аталған мекеме қызметкерлерінің және «Ертіс орманы» резерваты мен Ресейдің Алтай өлкесі орманшыларының қатысумен республикалық оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарланып отыр. Бұл орман өрті кезінде елді мекендер мен қатынасқа қолайсыздық туғызатын күрделі аймақтарды қамтиды. Азаматтық Қорғау академиясының оқу орталығында «Өртті тікелей сөндіру» және «Өртті сөндіруге басшылық ету» сияқты тақырыптарда біліктілігін арттырған «Семей орманы» мекемесінің 104 қызметкері мен тағы басқа құрамдағы орманшылар осы жиында білгенімен бөлісіп тәжірибе алмасады. Шекара маңындағы аумақтардағы өртті сөндіру дағдыларының деңгейін арттыру мақсатындағы трансшекаралық оқу-жаттығу орман өрттерінің уақтылы алдын алу, анықтау, сөндіру және өзара көмек көрсету талабын іске асырады.
«Семей орманы» резерватында 2012 жылдан бастап өртті анықтау бойынша ақпараттық жүйе үш филиалда тұрақты жұмыс істеп келеді. Жалпы аумағы 200 мың гектардан аса орман қорын қамтитын барлығы 9 камера орнатылған. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүзеге асыру үшін 2025 жылы резерват филиалдарында бейнебақылау орнату, жүйені жаңарту және орман аумағындағы сигналды күшейту сынды жұмыстар жолға қойылған.
Мекеме директорының орынбасары Ғ.Алпысшалов тағы бір сөзінде биылғы әзірлік жұмыстарына тоқталып, орман өрттерін уақтылы жою үшін резерваттың барлық филиалында жанар-жағармай резерві құрылғанын, алдын ала ұйымдастыру жұмыстары негізінде жыл сайынғы жоспарға сәйкес 162 шақырымнан тұратын минералданған жолақтың әзірленіп, 694 шақырым аумақта шөпті күйдіру мен 4 га алаңда маусымдық жолдарды тазарту жүргізіліп, орманға іргелес орналасқан ауылдар мен кенттердің айналасы тазартылғанын жеткізді. Ормандарда өрт қауіпсіздігін сақтау ережелеріне сәйкес профилактика жүргізіліп, аншлагтар мен панельдерді орнату, ауыл шаруашылығы құрылымдарына нұсқама беру, парақшаларды тарату, өртке қарсы тақырыпта дәрістер мен әңгімелер жүргізу, БАҚ өкілдері арқылы ақпараттар тарату сияқты шаруалардың орындалғаны да назардан тыс қалмады.
Осы орайда орманшылардың ойында түйткілді мәселелердің бар екенін де аңғардық. Өртті анықтайтын ақпараттық жүйелер болғанымен де саны өте аз. Бұған қоса бір орында орнатылған өрт сөндіру мұнарасының қызметін екі есе арттыратын бақылаушы дрондар мен әрдайым әуеден барлау жүргізіп отыру үшін тікұшақтармен қамтамасыз ету де – кезек күттірмес мәселенің бірі. Орман өртінен белгі беретін арнайы қондырғылар санының артуы апаттық жағдайлардың алдын алатыны айтпаса да түсінікті. Тағы да бір айта кетерлігі, жалақының аздығы орманшылардың санын арттыруға да, білікті мамандарды көптеп тартуға да кедергі болып тұр. Дәл бүгінде өрт сөндіру машинасының жүргізушісі, орман өртін сөндіруші, тракторшы, өрт-бақылау мұнарасының бақылаушысы, радиобайланыс операторлары сынды мамандар тапшы. Техникалық базаны күшейту, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету, тозығы жеткен, іске жарамсыз техникаларды жаңасына алмастыру, бұл үшін қаражат бөлу жұмыстары бірқатар істің басын қайырып, орман өртімен күресте күн-түн демей дамыл көрмейтін жандардың жағдайын жақсартатынын бағамдадық.
Жасыратыны жоқ, былтырғы шығынның орнын толтыру да – үлкен мәселе. Орман шаруашылығы мамандарының пікіріне құлақ ассақ, өрт жалмаған аймақтағы жерлерге жас көшеттерді егу, құмға су құйғанмен бірдей екенін ұғасың. Жоғары қысымдағы от топырақтың құнарлылығын жоғалтуына байланысты ол жерлерге төрт жылға дейінгі мерзімде ештеңе отырғызуға болмайды. Құнарсыз топыраққа төккен тер де, еңбегің де еш болатыны анық. Сала мамандарының сөзі осыған саяды. Алайда ауызды құр шөппен сүртпей, нақты істерді атқаруда күн тәртібіне қойылған. Абай облысы әкімінің баспасөз қызметінің дерегі бойынша биыл облыс тұрғындарының күшімен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Бесқарағай ауданының Жыланды ауылының маңына 57 120 түп көшет егілген. 12 гектар жерге отырғызылған көшеттердің келешекте өңірдің экожүйесін қорғауда шешуші рөл атқаратыны – айқын дүние. Республикалық акция бастамасымен 6 100 гектар жерге 28 млн 700 мың көшет отырғызу жоспарланған. Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев бұл шараның одан әрі қарай өз жалғасын тауып, қала тұрғындарының арқасында аймақты көркейту ісінің ілгерілейтініне назар аударды.
Қуат ҚИЫҚБАЙ
Абай облысы