Атыраудағы жергілікті әскери басқару органдары запасқа шығарылған жауынгерлерді салтанатты жағдайда қарсы алды. Олар мерзімді әскери борышын Ақтау гарнизонындағы теңіз жаяу әскерлері құрамасында өтеген.
Пойыз әне-міне келеді деп тағатсыздана күтіп тұрғандардың арасында 85 жастағы Клара әжей де бар. Ол немересі Дарын Жұбатхановты қарсы алуға арнайы келген.
– Балаларымыз Отан алдындағы борышын адал атқарып, ортамызға аман-есен оралды. Жас буынның барлық ойға алған арман-мақсаттары орындалсын. Еліміздің болашағы жастардың қолында! – деді ақжаулықты әже.
Өмір мектебінен өткен жауынгерлер әскердегі оқу-жаттығуларды, марштар мен дабыл арқылы көтерілген күндерін ешқашан ұмытпақ емес. Отан алдындағы борышын өтеген запастағы кіші сержант Әли Амангелді осылай дейді.
– Армияда кез келген қиын жағдайда иық тірестіре жүріп, нағыз достықтың қаншалықты маңызды екенін түсінесің. Өзім теңіз жаяу әскерінде қызмет еткенімді мақтан етемін, – деді ол.
Әскерде қызмет еткен жастарға ҰБТ тапсырмай-ақ елдің жоғары оқу орнына түсу құқығы берілген. Ал жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта үздік нәтиже көрсеткендер тегін негізде жоғары білім ала алады.
– Жерлестерімізді салтанатты жағдайда әскерге шығарып салып, құрметпен қарсы алу дәстүрге айналды. Азаматтық борышын өтеген 20-дан астам әскери қызметші үйлеріне аман-есен оралды, – деді Атырау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары, полковник Қуандық Бердіғалиев.
Семейліктер де Маңғыстау пойызын салтанатты жағдайда қарсы алды. Іс-шараға Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің өкілдері, сарбаздардың ата-аналары мен достары қатысты.
– Осыдан тура бір жыл бұрын бұл жігіттерді әскерге шығарып салған едік. Олар нағыз ер жігіттей шыңдалып ортамызға қайта оралып отыр. Әскерден алған тәжірибесі мен білімдері алдағы өмірлеріне негіз болатынына сенімдімін, – деп атап өтті Абай облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Қанат Шәріпханов.