Биылғы қыс Марқакөл өңірі үшін оңайға соқпады. Көктем лебі енді-енді ғана сезілген Төсқайың ауылдық округіне жуықта Зайсан мен Тарбағатай аудандарының әкімдері бастаған делегация көмек апарып, ауыл-аймақтың ахуалын көріп қайтты.
Жаңадан құрылған Марқакөл ауданына Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекпаев, мәслихат төрағасы Өмірхан Қанағатов тарбағатайлықтардың ыстық сәлемін жеткізіп, елдің атынан оқушыларға тәтті сыйлықтар, балаларға арналған кітаптар мен ойыншықтар табыс етті. Сондай-ақ көктемі кеш келетін өңірге қажет-ау деп мотопомпа тарту етті.
– ШҚО әкімі Ермек Беделбайұлының тапсырмасы бойынша Марқакөлді көріп, жаңа ауданға қандай көмек бере аламыз деген оймен келдік. Жергілікті тұрғындармен танысып, әлеуметтік нысандарды аралап көрдік. Біз әрқашан қолұшын беруге дайынбыз. Төсқайың ауылындағы мектептің материалдық-техникалық базасын жақсартуға әзірміз. Сондай-ақ білім ошағының алдына воркаут алаңын орнатып бермекпіз, – деді Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Жөргекпаев.
Өздері де жаңа құрылып жатқан Тарбағатай ауданының халқына марқакөлдіктер ризашылығын білдірді.
– Тарбағатай ауданының халқына көп рахмет. Қар қалың, жол алыс болса да, бізге келіп, көмектерін көрсетіп жатыр. Алдағы уақытта бізге воркаут алаңын орнатып береміз деп қуантты, – деді Төсқайың орта мектебінің оқушысы Айлин Ақылбекова.
Президент Жарлығымен құрылған Марқакөл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына көршілес аудандардың көмек қолын созып жатқандары қуантады. Сондай-ақ Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы Төсқайың ауылдық округіндегі мектептің оқушыларына тәттілер, киім-кешектер, резеңке етіктер, ауыл тұрғындарына қажетті дәрі-дәрмектерді апарып берді.
– Зайсан ауданы Марқакөл өңірін қолдауға әрқашан дайын. Бүгін, міне, жаңа құрылып жатқан ауданға келіп, жағдайымен танысып қайттық. Кішігірім көмегімізді ала келдік. Болашақта балалар ойнайтын заманауи алаң салып берсек деген ойдамыз. Марқакөлдік кішкентай достарымды Зайсан ауданына келіп, өңірдің тарихымен, әлеуметтік нысандармен танысуға шақырып отырмын. Табиғаты әсем Марқа өңірінің болашағы зор, – дейді Зайсан ауданының әкімі.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары да әрқашан достық құшағын жаятын Зайсан халқына алғыс білдірді. Айта кетейік, Зайсан ауданы Марқакөл өңіріне қыстай көмек көрсетіп келеді.
– Биыл біраз ел жемшөптен қиналып қалды. Сол кезде Зайсан халқы бізге қолұшын беріп, 500 түк шөп жіберген еді. Осы жолы да жаңа ауданға көмегін беріп жатыр. Алғыстан басқа айтар жоқ. Бірлігіміз арта берсін! – деді Төсқайың ауылының тұрғыны Бақытбек Тұратауов.
Марқакөл аймағына арнайы келген Зайсан аудандық мәслихатының төрағасы Еркебұлан Зағыпаров та ізгі тілегін білдірді.
– Облыс басшылығының Марқакөл өңірінің жағдайымен танысып қайту ұсынысын Зайсан және Тарбағатай аудандары құп алып, бүгін киелі жерге келіп, тұрғындармен кездестік. Зайсан ауданы мәслихатының депутаттарының ыстық ықыласын жеткізіп, Төсқайыңға маңайдағы ауылдардан келіп, интернатта жатып оқитын оқушыларға спорттық киімдерді табыс еттік. Еңсесін енді тіктеп жатқан Марқакөлді демеуге әрқашан әзірміз, – деді Е.Зағыпаров.
Иә, қашанда бір-бірімізге демеу болған елміз. Бұл жолы да Зайсан мен Тарбағатайдың азаматтары мықтылығын, тектілігін көрсетті.
Шығыс Қазақстан облысы