Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күніне орай тасқын судан зардап шеккен отандастарымызға гуманитарлық көмек акциясын ұйымдастыруда белсенділік танытып, жәрдемін аямаған 12 азаматты арнайы алғысхатпен марапаттады.
Марапатқа ие болғандардың қатарында Шымкент қалалық ҚХА төрағасының орынбасары, «Наири» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Наира Мовсисян, «Отау-Строй» ЖШС-ның директоры Аслан Әлімбек, «Фиркан» ЖШС басшысы Ильяс Гарипов, өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахирбек Нишанбаев, корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Пан, «Барбанг» күрділерінің қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы бойынша филиалының төрағасы Исмат Сулейманов, «Kazakhstan Distributors Centre» ЖШС-ның Шымкент қалалық филиалының менеджері Дамир Сагдеев, «Qagaz Ordasy» ЖШС-ның директоры Қанат Әлімбаев, «Аль Абай» ЖШС басшысы Қасым Өсербаев, қалалық ассамблея жастары ұйымының төрағасы Нұрболат Мейірбеков, Ұлттық волонтерлік фронт офисінің жетекшісі Қайыржан Бөгенбай мен заңгер Евгений Яворский бар.
Мереке қарсаңындағы марапаттау рәсімі мегаполистегі «Достық үйінде» «Береке – бірлікте» тақырыбындағы «дөңгелек үстел» аясында ұйымдастырылды.
Салтанатты іс-шараға қала әкімімен бірге мәслихат төрағасы, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен ассамблея жанындағы қоғамдық құрылымдардың төрағалары, «Amanat» партиясы филиалының атқарушы хатшысы, кәсіпкерлер палатасының директоры, бірқатар кәсіпкерлер мен волонтерлер, «Ассамблея жастары» ұйымының жетекшілері қатысты.
Елге жанашыр азаматтарды алғысхатпен марапаттаған қала басшысы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек жинап, оларды жөнелтуге атсалысқан осынау жандарға өз атынан шынайы ризашылығын білдіріп, алғысын жаудырды. «Сын сағатта халқымыздың мызғымас бірлігі айқын көрінді. Игі іске жұмылған белсенділер алыстағы ағайынға дер кезінде демеу болды», деді шаһар басшысы.
Осы орайда жоғары басшылық тарапынан «Жүректен – жүрекке» акциясы су тасқынына ұшыраған отандастарымызға гуманитарлық көмек жіберуде нағыз маңызды іс-шараға айналды. Ассамблеяның қайырымдылық істері жалғыз бұл емес. Талай осындай қиын апаттық жағдайларда да этномәдени бірлестік мүшелері жылу жинап, ағайындық танытқан. Сол үшін де ассамблея мүшелеріне халық дән риза. Өздерінің азаматтық ұстанымымен әрбір этнобірлестік құрамындағы кісілер Қазақстанның ортақ шаңырақ екенін, оның тұрғындары бір-біріне бөтен емес, туыс екенін баршамызға ұғындырды деген ой-пікір айтылды.
Жиын барысында су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек көрсету жөніндегі қалалық ҚХА жанынан құрылған штаб жетекшісінің орынбасары, қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Пан, Шымкент қаласы бойынша Ұлттық волонтерлік фронт офисінің жетекшісі Қайыржан Бөгенбай, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова сөз сөйлеп, атқарылған жұмыстар жайында баяндама жасады.
Осы орайда Юрий Пан бастаған корей этномәдени бірлестігінің үш аптада 120 тонна гуманитарлық көмек жинап, қарғын судан жапа шеккен еліміздің солтүстік, батыс өңірлеріне арнайы көлік керуенімен жөнелткенін ерекше айтып өткен жөн. Шымкенттің ерікті азаматтары да ел басына күн туған шақта қарап жатпай, қолдан келгенше гуманитарлық көмек жинауға көмектесіп, тіпті біраз адам сол апат аймағына барып, тасқынмен күресте қол жәрдемін де көрсетіп қайтты. Ал негізгі міндеті кәсіпкерлердің құқығын қорғау болып табылатын жергілікті кәсіпкерлер палатасы да ұжым болып, қалталы кісілерді ұйымдастырып, шамалары жеткенше жәрдемдерін аяған жоқ. Жиынға қатысушылар елдің бірлігі берік болса алынбайтын қамал жоқ екенін тағы бір мәрте еске түсіргендей болды. Өйткені су тасқыны кезінде үйінен, мал-мүлкінен айырылған жандар өздерін далада қалғандай жалғыз сезінген жоқ. Мемлекет бір жағынан қолдау шараларын ұйымдастырса, қарапайым кісілер өзіндегі бар дүние-мүлкімен бөлісті. Ал жылу жинауда ең белсенді болғандардың бірі ассамблея мүшелері екенін біле жүрген абзал.
Сонымен 1 мамыр – Қазақстан халқы бірлігі күніне арналған мерекелік басқосудың қорытынды сөзінде қала әкімі Ғ.Сыздықбеков Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІІ сессиясында жүктеген тапсырмаларын жергілікті жерде нәтижелі орындау үшін жоспар әзірлеуді әрі соған сәйкес кешенді жұмыстарды жүйелеуді тапсырды.
Жиын соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының 2024 жылғы 12 сәуірдегі №24-35-2.43 шешіміне сәйкес Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамына жаңадан қабылданған мүшелерге ел Президенті ҚХА Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы қойылған куәліктер тапсырылды.