Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «AICTC-2024» аясында Ақпараттық коммуникациялық технологиялар және компьютерлер саласындағы жетістіктерге арналған 5-халықаралық конференция өтті. «Springer» халықаралық ғылыми басылымының зерттеулеріне арналған бұл жиынға әлемнің әр қиырынан 300-ден аса еңбек жинақталып, іріктелген 80 зерттеу нәтижесі қатысушылар талқысына ұсынылды.
Конференцияға дүние жүзіндегі жоғары оқу орындарының зерттеушілері мен «Springer» халықаралық ғылыми басылымдар ұйымының жауапты ғалымдары қатысты. Олар «Мектептегі әлеуметтік педагогтің рөлі», «Кәсіпкерлікті дамыту үшін пәнаралық байланыс құру мақсатындағы білім беру технологияларының синергиясы» тақырыптары арқылы физикалық мүмкіндігі шектеулі жандар өмірін жаңа технология жетістіктері арқылы жеңілдету, сондай-ақ білім беру саласында ақпаратты технологияны қолдану туралы тұжырымдарын жасады.
Жиынды университет басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева мен «Springer»-дің Лондондағы жауапты редакторы Анинда Боуз құттықтау сөзбен ашты. Назарбаев университетінің профессоры Прашант Джамуал, Чехияның Білім және әлеуметтік ғылымдар институты өкілі Томас Чек, «GR Scholastic» ұйымының және Үндістанның Сауда-өнеркәсіптік білім палатасының директоры, профессор Амит Джоши «Мектептегі әлеуметтік педагогтің рөлі», «Кәсіпкерлікті дамыту үшін пәнаралық байланыс құру мақсатындағы білім беру технологияларының синергиясы» тақырыптарында баяндама оқыды.
«Университетімізде AICTC-2024 конференциясы басталды. Жаңа технологиядағы жетістіктер мен зерттеулерді саралайтын бұл жиын Қазақстанда алғаш рет және Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-да өтіп жатқанын айта кету керек. Бұған дейінгі конференциялар Британияда, Мысырда, Малайзияда, Дубайда ұйымдастырылған. Конференцияға әлемде өзекті қолданбалы зерттеулерімен ойып орын алған ЖОО-дан, сондай-ақ ғылымда артық таныстыруды қажет етпейтін «Springer» халықаралық ғылыми басылымдар ұйымының жауапты ғалымдары қатысып отыр. Жаңа технология жетістіктері мен зерттеулері әлемде тек адамзат құндылығына, ортақ игіліктерге қызмет ете берсін» деді Г.Сүгірбаева.
Алқалы жиында білім мен ғылымға құштар жастар ізденуші білім беруде жаңа технологияны қолданудың өзекті мәселелері мен соңғы жаңалықтарына қанықты. Іріктелген мақалалар Қазақстан, Жапония, Қытай, Мысыр, Малайзия, Косово, Бразилия, Сингапур, Чехия, Эфиопия, Британия, Ирак, Индонезия, Бангладеш, Польша, Үндістан, Гана, АҚШ-тан келіп түскенін ескерсек, бұл конференция түрлі географиялық аймақтардың тәжірибесі мен зерттеулерін бір арнаға тоғыстырды.
Бұдан кейін шетелдік қонақтарға арнайы кәдесыйлар табысталып, университеттің «Домбыра» үйірмесіне қатысушы өнерпаздар күйі орындалды. Ал түске қарай қатысушылар секциялық мәжілісте Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры Ержан Керімбековтің модераторлығымен өткен секциялық мәжілісте ғылыми зерттеулерді талқылады.
«Халықаралық конференциядан көп нәрсе үйреніп жатырмыз. Жалпы, Үндістан – ІТ технологиясы бойынша алдыңғы орында тұрған мемлекеттердің бірі. Мәселен, Google компаниясының бас директоры – үнді азаматы. Бүгінгі таңда біздің ел халықаралық келісімдер негізінде ІТ технологиясын дамытуға қарышты қадам жасап жатыр. Осы конференция аясында екі елдің ғылыми әріптестігі бойынша келісімдер жасалды. Соған сәйкес арнайы бағдарлама шеңберінде Шымкенттің студенттері докторантура мен бакалавриат деңгейінде Үндістанның беделді оқу орындарында оқу-практикалық тағылымдамадан өтетін болды. Өз кезегінде Үндістанның да студенттері біз тұрған университетте екі жыл оқуын жалғастыра алады. Бір білетінім, Қазақстанның білімді жастары сандық технологияны меңгеру жағынан әлемде кез келген елдің өкілдерімен бәсекелесуге қабілеті жетеді. Оны мен халықаралық байқауларда байқап жүрмін. Қазақстан маған өте қатты ұнады. Әсіресе, жастары өте білімді екен. Мұның алдында саяхат турымен келгенде жергілікті адамдар қол бұлғап «Сіз Үндістаннансыз ба?» деп жылы жымиятын. Бұл қазақ халқының ақкөңіл, меймандос жандар екенін бірден аңғартады. ІТ саласы бойынша әлемнің танымал ғалымдарының басын қосқан мұндай жиын тәжірибе алмасуда өте маңызды. Өйткені Үндістанның өзі ІТ мамандарын осындай халықаралық тәжірибе алмасу арқылы даярлайды», деді халықаралық Симбиозис университетінің ғалымы доктор К.Котеча.
Ауқымды жиын ғалымдардың зерттеу тақырыбын бөлісуіне өзара жақын әріптестік байланыс орнатуына жол ашты. Секциялық мәжілісте ең үздік мақалаға сертификат табысталды. Халықаралық конференция екі күн бойы жалғасты.