Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатқан сот отырысында екі айыпталушы – Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қуандық Бишімбаев бұған дейін айтылған фактілерді еске салып, Салтанат Нүкенованы қатігездікпен өлтіру ойында да болмағанын жеткізді.
Ол Салтанат Нүкенованың туыстары мен жақындарынан кешірім сұрап, алқа билер әділ шешім шығаратынына сенім білдірді.
«Мен кінәлімін. Мойындаймын. Бірақ қасақана өлтірген жоқпын», деді Бишімбаев.
Бақытжан Байжанов та соттағы соңғы сөзін сөйледі.
«Иә, қызметкерлерді үйлеріне қайтарып, мейрамхананы жауып, бейнежазбаларды өшіруді бұйырғанымды жасырмаймын. Бірақ сол кезде ауыр қылмыс жасалғанын білген жоқпын. Салтанаттың туған-туыстарынан кешірім сұраймын. Марқұмның жатқан жері жайлы болсын», деді Байжанов.
Еске салайық, бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатігездікпен өлтірді деген айып тағылып отыр.