Әскери әлеует – әлем елдері үшін маңызды өлшем. Тыныштық пен тұтастықтың қалқаны – қарулы күштер. Шекара шебін шегендеп, әуе – теңіз торабын табан аудармай торуылдап, қорғау – бейбітшілік бесігі шайқалып тұрған жаһан жағдайында салмақты міндет.
Ұлы дала батырларының еншісіне бұйырған ерлік іс пен Отанға қорған болу еркін қазақ ерлері еңсеріп келеді. Биыл Қарулы күштердің құрылғанына – 31 жыл. Үш он жылдықтан аса уақытта Қазақстан қарулы күштері материалдық-базалық, әскери-әлеуметтік, құрылымдық әрі идеологиялық тұрғыда нық адымдар жасады. Биыл Global Firepower әлемдік әскери күшті анықтайтын рейтингте ел әскері 138 елдің ішінде 63 орынға тұрақтады. Бұл тізімді сарапшылар 60 түрлі факторды, оның ішінде, мемлекеттің қорғанысқа жұмсалатын шығындар деңгейін, техникалар және жабдықтар арсеналын, армия санын, танктер, корабльдер мен ұшақтар санын, армияның жауынгерлік қабілеттілігіне әсер ететін ресурстарды бағалады.
Қазақстан қарулы күштері әскери қызметке телінген стеоротиптерді сындырып, шынайы Отан қорғауға бейілді азаматтардың артуына ден қойып жатыр. Осы қатардағы қоғамнан қолдау тапқан оң өзгеріс мерзімді қызметті өтеуге шақырту наурыз-маусым, қыркүйек-желтоқсан айларында екі рет жүзеге асырылады. Міндетін өтеуші сарбаздар қызметі толық аяқталған соң, келесі лек парызын орындауға шақырылады. Бұл шешім әскердегі әлімжеттік туралы келеңсіз ойлардың таралуын тұсаулайды. Сондай-ақ жігіттердің отан алдындағы борышын өтеуге деген ынтасын арттыру мақсатында олардың банк алдындағы берешегін уақытша тоқтату, темірдей тәртіп, үлгілі міндет атқарушыға ЖОО-ға грант ұсыну қағидалары да қатардағы сарбаздардың сапын қалыңдатуға сеп болып отыр.
Біз мемлекет межелеген осы миссиялардың орындалу барысын ҚР Қорғаныс министрлігі 68 665 ерекше мақсаттағы әскери бөлімге барып байқап қайттық.
68 665 ерекше мақсаттағы әскери бөлімнің негізгі міндеттерінің бірі – Астана қаласындағы қоғамдық тәртіпті сақтау.
Ерекше мақсаттағы бригаданың құрылу тарихын бөлімше командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Талғат Құлманов баяндап берді.
«Ерекше мақсаттағы бригада 2003 жылы жеке десанттық шабуылдаушы батальон болып құрылды. Елорданың әкімшілік-аумақтық ұлғаюына, қарулы күштердегі штаттық өзгерістерге сәйкес бригада кейіннен десанттық шабуылдаушы бригада болып құрылды. 2023 жылы десанттық шабуылдаушы әскерлерінің құрлық әскерлері құрамынан шығуына байланысты әскери бөлім ерекше мақсаттағы бригада болып қайта атауын өзгертті», деді Талғат Құлманов.
68 665 ерекше мақсаттағы әскери бөлім құрамында - минометтік батарея, барлау ротасы, әуе-қорғаныс батареясы, құрмет қарауыл ротасы бар.
«Арнасай» шабуылдаушы батальоны 2 апта бұрын жас сарбаздармен толығыпты. Олар әскери міндетін орындауға Астана қаласынан бөлек 3 облыстан шақырылған. Жас сарбаздарды әскери өмірге бейімдеу процесі қарқынды жүргізіліп жатыр.
Біз әскери бөлімге барған күні жас сарбаздар қолдарындағы қаруларын алғаш рет қолданып, қарудан нысананы көздеу бойынша ату оқу-жаттығуын өткізді.
Қатардағы жауынгер Біржан Құттыбай алғашқы жаттығуда-ақ дәлдігімен көзге түсті.
«Қолымдағы қару АКС -74-тен бүгін бірінші рет ату жаттығуын жасадым. Ату барысында бізге 9 оқ берілді, оның төртеуін дөп тигіздім. Бойымда ешқандай қорқыныш болмады, елдің тірегі болатын ер азаматтардың осы сезімді жеңуі маңызды деп ойлаймын», деді жас сарбаз.
68 665 ерекше мақсаттағы әскери бөлім казармасына келгенде Талғат Жолдыбайұлы сарбаздардың күн тәртібін таныстырды. Подполговниктің айтуынша, әскерге жаңа келген жігіттерді өзгеріске бейімдеу ісіне мән беру маңызды.
«Жас сарбаздарды әскери өмірге тез үйрету мақсатында 1 ай көлемінде жиын өткізіледі. Жиынның бастығы болып өзім тағайындалдым, бригада командирінің орынбасары. Батальон командирі бір сатыға төмендетіліп рота командирі болды, рота командирлері де осы үрдіспен взвод командирлері болды. Бұл жас сарбаздармен тығыз қарым-қатынаста бола отырып әскерге тезірек қалыптасуына ықпал етеді», деді Талғат Құлманов.
68 665 ерекше мақсаттағы әскери бөлім қатарына өз еркімен келген сарбаз Елдар Сүйінбай да бар. Ол әскерге келіп осы бағытта айтылып жүрген сын-пікірлер іс-жүзінде қарама-қайшылық тудыратынын айтты.
«Әскерден алған әсерім бастапқы ойлағанымдай емес. Қоғамда қалыптасқан стеоротиптерге сене беруге болмайтына көзім жетті. Ерекше мақсаттағы бригада әскери дайындық жұмысын нақты түсіндіріп жатыр. Мені қатарластарымның барлығы өз еркімен келгені таңдандырмай қоймады. Қазір әскери ант қабылдауға дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арнаулы демалыс уақыттары бар. Бұл кезде біз, жас сарбаздар үстел үстінде ойнайтын интеллектуалдық ойындармен шұғылданып, тіпті, ән саламыз, газет те оқимыз, спорттық телебағдарлама да көреміз», деді Елдар Сүйінбай.
Елдар әскерге дейін Астана қалалық қуыршақ театрында әртіс болып қызмет атқарған. Өнерлі жігіттер қалыпты өмірдегі күндерін еске алып, мереке қарсаңында ән-сәлем жолдады.
68 665 ерекше мақсаттағы әскери бөлім сарбаздарына аптаның сенбі-жексенбі күндері арнайы планшетпен ата-аналарымен бейнебайланыс орнатуға рұқсат етілген.