Жастарды әскери қызметке тәрбиелеу мен даярлау ісінде білім беру ұйымдары мен күштік құрылымдардың еңбегі орасан зор. Осы тақырыпқа орай Шымкент қаласының оқушылар сарайында республикалық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Іс-шараға алғашқы әскери технологиялық даярлық оқытушылары, жергілікті әкімдік өкілдері, күштік құрылым қызметкерлері қатысты.
«Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ Қорғаныс министрлігі Орталық әскери ғылыми зерттеу институтының бас маманы, отставкадағы полковник Айдар Кикимов конференция модераторы болды. Сонымен қатар кездесуде «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары, полковник Ораз Кучуков, Шымкент қаласы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі, полковник Тимур Бидайбеков, қалалық қорғаныс істері департаментінің басшысы, полковник Әбдіғабит Шегебаев, сондай-ақ күштік құрылымдарының, төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері мен Қарулы күштердің ардагерлері сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды. Жиында әскерге шақырылғанға дейінгі жастарды әскери қызметке даярлау сапасы мен оқу орындарындағы әскери-патриоттық жұмыстың мазмұны бастапқы әскери технологиялық даярлық оқытушыларына байланысты екені айтылды. Сондықтан бұл пәнді оқытатын мұғалімдерді даярлаудың маңыздылығы ерекше болып тұр.
Осы конференцияда білім беру жүйесін дамыту, оқытушылардың құзыретін кеңейту мәселесі көтерілді. Баяндамашылар өз қызмет саласындағы ерекшеліктер, жоғары оқу орындарына түсу тәртібі, сондай-ақ қызмет өткеру жағдайындағы өзгерістер туралы әңгімеледі.
Жиын барысында оқушылар сарайының кіреберіс залында қонақтар мен қатысушылар үшін Қарулы күштердің, Шекара қызметінің және Ұлттық ұланның әскери қызметшілерінің қару-жарақтары мен әскери жабдықтарының көшпелі көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері құтқарушылардың арнайы жабдықтарын тамашалатты.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы «Қарулы күштер ардагерлері» кеңесінің төрағасы, отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев еліміздің батырлары Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаевтың ғасырлық мерейтойына орай дарынды оқушылардың қолымен салынған суреттер мен кітаптар көрмесін өткізді. Ардагер биыл жүзге толған қос батыр туралы айта келіп, өзінің қорғаныс саласы министрлігінде қызмет атқарып, тәуелсіз Қазақстанның қарулы күштері көз алдында қалыптасқанын тебірене еске алды.
Конференция соңы оқушылар сарайының шәкірттері қойған патриоттық концертке ұласты. Музыка мен би композициялары ғана емес, сонымен бірге Екінші дүниежүзілік соғыс туралы спектакль барша қонақтарды тәнті етті.
ШЫМКЕНТ