7 мамыр – жалпыұлттық мереке. Өйткені осы жерді мекен еткен әрбір азамат – Отан қорғаушы. Туған еліміздің тұғырын биіктетіп, жерімізді жаудан қорғау – әрқайсысымыздың мойнымызға жүктелген басты парыз.Біз Отан қорғаушы күніне орай Қорғаныс министрінің тәрбие және идеология жұмысы жөніндегі орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан ЖАЗЫҚБАЕВТЫ әңгімеге тартып, айбынды әскеріміздің бүгінгі жай-күйі және жауынгерлерімізге жасалып жатқан әлеуметтік қолдау жайын кеңірек сұрап білген едік.
Әлемдік әскери-саяси ахуал жіті назарда
– 2021–2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының бір тармағы – елдің қорғаныс қабілетін нығайту. Бүгінгі әлемдік геосаяси ахуал күрделеніп тұрған заманда қазақ әскерінің әлеуетін арттыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?
– Қарулы күштерді трансформациялаудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері Ұлттық қауіпсіздік стратегиясымен қатар, Қарулы күштерді құру мен дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында нақты айқындалған. Осыған сәйкес қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі ескеріліп, сабақтар мен оқу-жаттығуларды өткізу тәжірибесіне жаңа тактикалық тәсілдер енгізілді. Басқа әскерлермен және әскери құралымдармен өзара іс-қимыл мәселелері пысықталды.
Өзіңіз айтып отырған стратегияның «Елдің қорғаныс қабілетін нығайту» бағытын өзектендіру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұндағы мақсат – әлемде және өңірде қалыптасқан әскери-саяси ахуалды ескеріп, «әскери» стратегиялық бағытты қазіргі жағдайға бейімдеу. Осыған сәйкес «Әскери қауіпсіздіктің сын-тегеуріндері мен қатерлері», елдің қорғаныс қабілетін нығайту шаралары, оның ішінде Арнайы операциялар күштері мен Аумақтық әскерлерді дамыту, әскери-оқытылған резервтің үлесін арттыру, мобильді мүмкіндіктерді кеңейту және күштік құрылымдардың жауынгерлік дағдыларын бірлесіп пысықтау есебінен армияның жауынгерлік әлеуетін арттыру нақтыланды.
Сонымен бірге Қарулы күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту тұжырымдамасын түзету жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл құжат ұзақмерзімді келешекте әскери құрылыс саласындағы саясатты айқындап, Қарулы күштердің дағдарыс жағдайындағы іс-қимылдарға дайындығын қамтамасыз етеді.
Әскерлерді оқыту қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардағы жауынгерлік іс-қимылдар тәжірибесі ескеріліп өткізіледі. Соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын, жаңа радиоэлектрондық күрес және әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылады. Сондай оқу-жаттығулардың қатарында «Батыл тойтарыс–2023» стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуын айтуға болады. Оған 8 мыңға жуық жеке құрам, 600-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника қатысты.
«Anka» дрондары қорғаныс күзетінде
– Бұрын батырларымыз білектің күшіне сенсе, қазір бірінші кезекте заманауи қару-жараққа иек артатын болдық. Әскеріміздің соңғы үлгідегі техникамен жарақтандырылуы қандай деңгейде?
– Қарулы күштерді қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Қорғаныс министрлігі қару-жарақ пен әскери техника нарығына, дамыған елдердің армияларындағы үрдістерге, қарулы қақтығыстардағы жаңаша іс-қимыл тәсілдерін ескере отырып, әскерлерді жарақтандырудың басым бағыттарына жүйелі негізде талдау жүргізіп отырады.
Қарулы күштер үшін қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арқылы жүзеге асырылады. 2023 жылы 70-тен астам әскери техника мен 196 автокөліктің, арнаулы техникалардың модификациялары сатып алынды. Бұдан бөлек, Үкіметтің авиациялық парк пен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын қайта жарақтандыру және жаңарту бағдарламасының орындалуына тоқталатын болсақ, еуропалық «Airbus Military» авиация концернімен жасалған келісімшарт шеңберінде авиапарк С-295 әскери-көліктік ұшақтарымен толықтырылды. Сонымен бірге Ми-35 және Ми-171Ш жаңа көліктік-жауынгерлік тікұшақтары жеткізілді.
Қазіргі заманғы ұрыстарда барлау құралдарының, жоғары дәлдіктегі қару-жарақ пен ұшқышсыз басқарылатын авиацияның рөлі айтарлықтай өзекті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ұшқышсыз басқарылатын авиация паркін ұлғайту жұмыстары жалғасып жатыр. Өткен жылдың тамыз айында соққы беруші «Anka» дрондарының бірінші легі ұрыс тәжірибесіне қолдануға жеткізілді. Бүгінгі күні ұшқышсыз ұшатын аппараттар паркінде «Wing Loong-1», «Anka» және «Skylark» барлау ҰҰА-лары барын атап өту керек.
– Ал бұл техниканың тілін білетін әскери мамандарымыз жеткілікті ме?
– Кадр даярлау – кең көлемді және күрделі үрдіс. Бүгінгі таңда ұлттық кадрларды даярлау жүйесі, оның сандық және сапалық параметрлері үнемі жетілдіріліп отырады. Атап айтқанда, Қорғаныс министрлігі жаңа мемлекеттік білім стандарттарын әзірледі. Қолданыстағы оқу бағдарламаларын қайта қарады.
Әскери кадрларды іріктеу және даярлау жүйесінде барлық бағыттар мен деңгейде ауқымды әрі мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді. Офицер кадрлар негізінен Құрлық әскерлерінің әскери институтында, Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында даярланады. Ал әскери кафедраларды бітіргендердің әлеуетін қажетіне қарай пайдаланамыз.
Кәсіби сержанттар Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледжде даярланып келеді. Биыл С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжді радиациялық-химиялық қорғаныс, байланыс және инженерлер секілді тапшы мамандықтар бойынша 80-нен астам кадет түлектері алғаш рет бітіріп шықпақ. Сондай-ақ мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер қатарынан кіші командалық құрамды даярлау мамандандырылған оқу орталықтарында жүзеге асырылады.
Отандық жоғары оқу орындарында әскери мамандарды даярлау мамандықтарының спектрін ұлғайту есебінен шетелде әскери кадрларды даярлау 100 маманнан 60-қа дейін қысқартылды. Негізінен бұл мамандар Қарулы күштердің қажеттілігіне сәйкес елімізде даярланбайтын мамандықтар бойынша жүзеге асырылады.
Еліміздегі Ұлттық қорғаныс университетін жоғары әскери білімнің флагманы деп сеніммен айта аламыз. Бұл – жаңа үлгідегі әскери оқу орны, инновацияларды енгізу саласындағы көшбасшы, сондай-ақ Орталық Азия өңіріндегі ең ірі әскери білім ордасы. Университет ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қарулы күштері үшін әскери кадрларды бірлесіп даярлайтын оқу орындарының тізбесіне енгізілген. Бұдан бөлек Ұлттық қорғаныс университеті – еліміздің барлық әскери оқу орындары үшін де бірден-бір ведомствоаралық оқу-әдістемелік орталық. Қазіргі уақытта оқу орны жедел-тактикалық және жедел-стратегиялық басқару буыны үшін бір жарым мыңнан астам әскери маман даярлайды.
Әлеуметтік қолдау жалғасып жатыр
– Ел қорғайтын ер атану, оқалы киімді жауынгер болу – әрбір жастың арманы. Дегенмен олардың әлеуметтік тұрғыда қамсыздандырылуы да көп мәселені шешеді. Бұл тұрғыда әскери қызметкерлерге қандай жағдайлар жасалып жатыр?
– Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі Әскери қызметшілердің мәртебесі мен әлеуметтік әл-ауқатын арттыруда нақты шаралар қабылдап жатыр. Әскери қызметшілердің лауазымдық жалақыларын арттыру, зейнетақымен қамсыздандырудың кейбір мәселелері, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін алушылардың зейнетақы жинақтарының қалдықтарын қандай да бір шектеусіз пайдалануға құқық беру көзделген, еңбекақының жаңа жүйесіне көшу мәселесі пысықталып жатыр.
2023 жылы әскери дәрігерлер мен әскери оқу орындары оқытушыларының ақшалай үлесі артып, азаматтық сектордағы мамандардың жалақы деңгейіне дейін жетті. Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі әскери атағы үшін жалақыны 30%-ға арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Бұдан бөлек, барлық күштік құрылымдардың лауазымдық жалақыларын бір деңгейге келтіру және әрбір мемлекеттік орган қызметінің ерекшелігіндегі айырмашылықты лауазымдық жалақыға тиісті үстемеақылармен айқындау ұсынылды. Сондай-ақ Үкімет Қарулы күштер мен басқа да әскери құралымдардың, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының еңбекке ақы төлеудің жаңа теңгерімді жүйесіне көшу мәселесін пысықтап жатқанын да атап өту керек.
Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі әскери қызмет өткерудің барлық шарты мен ерекшелігін қамтиды. Әлеуметтік пакетке ақшалай үлестен бөлек лауазымдық жалақы, әскери атақ бойынша төлемдер, сыныптық біліктілік үстемелері кіреді. Әскери қызметшілер қосымша тұрғын үй төлемдерін ала алады. Олар тегін медициналық көмекпен, санаторийлік-курорттық емдеумен қамтамасыз етілген.
– Биыл еліміз тұңғыш Сириядағы Голан жоталарына дербес бітімгерлік күштерін жібергенін білеміз. Бұл миссияның еліміз үшін маңызы қандай?
– 2014 жылдан бастап бітімгерлік миссияларына біздің елімізден 598 әскери қызметші, оның ішінде 5 әйел әскери қызметші қатысты. Оларды теориялық және практикалық даярлау Алматы қаласындағы Бітімгерлік операциялар орталығында өтеді. Ұлттық контингент бітімгерлік операцияға қатысу кезеңінде үш еселенген ақшалай үлеспен (жалақымен) қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ олар ұрыс қимылдарына қатысушыларға теңестірілген. Бітімгерлік операциядан оралған соң мемлекеттік органдардың (ұйымдардың) қаражаты есебінен кемінде күнтізбелік жеті күн, бірақ жиырма бір тәуліктен аспайтын мерзімге санаторийлік-курорттық емделуге жіберіледі.
БҰҰ-ның шақыруына сәйкес 2024 жылдың наурыз айында еліміздің алғашқы дербес ұлттық бітімгерлік контингенті өзінің әскери техникасымен, қару-жарағымен және мүлкімен резерв ротасы ретінде «БҰҰ-ның Голан биіктіктеріндегі бөлінуді қадағалау жөніндегі күштері» миссиясына 139 әскери қызметшіні орналастырды. Ол үшін Біріккен Ұлттар Ұйымымен тараптардың міндеттемелерін, сондай-ақ контингенттің миссияға қатысуын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін айқындайтын халықаралық шарт жасалды. Контингент құрамында ер әскери қызметшілермен бірге 7 әйел бар. Қазіргі уақытта отандық бітімгерлер Голан биіктерінде дербес миссияға кірісті.
Бір жыл ішінде бітімгерлік контингент жергілікті жерді патрульдеумен, блокпостарды күшейтумен және қарсылас тараптар арасындағы атысты тоқтату режімін орнатумен айналысады, БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес басқа да міндеттерді орындайды.
Қазақстан контингентінің БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысуы халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға елеулі үлес қосып қана қоймай, еліміздің жаһандық аренадағы рөлін арттыруға да оң ықпал етпек.
Әскерде әлімжеттік бар ма?
– 2023 жылғы 5 мамырда өткен Бүкілармиялық кеңесте Президент: «Әскерде жүрген жастарымыз нағыз сарбаз, нағыз маман болып шығуы – міндет. Олар өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс» деген болатын. Осыған орай, Қорғаныс министрлігі әскери қызметтің беделі мен жауынгер мәртебесін арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарып жатыр?
– Министрлік тарапынан негізгі күш-жігерін патриотизм негіздерін нығайту, әскери қызметтің беделін арттыру және ынталандыру бойынша жұмыстар үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Халық арасындағы түсіндіру іс-шараларын жүргізуге жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері, Қарулы күштер ардагерлері тартылады. Осы мақсатта «Жаңа Қазақстанның тірегі – айбынды жастар» әскери-патриоттық акциясы, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілерімен және мектептер мен колледждерде кездесулер өткізіледі. Онда мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін азаматтық немесе әскери жоғары оқу орындарына жеңілдікпен оқуға түсу, «несиелік демалыстар» беру мәселелері егжей-тегжей түсіндіріледі.
Мәселен, өткен жылы 29 мыңнан астам үміткердің ішінен үш мың азамат грантқа ие болды. Оның 700-і оқуға түсті. Қалғандары биыл жеңілдіктерін толық пайдалана алады. Жалпы, әскери оқу орындары үшін сертификат бір жылға ғана жарамды болса, азаматтық оқу орындарына екі жыл ішінде түсуге болады.
Биыл байқауға 32 мың сарбаз қатысып, олардың арасында тегін оқуға тағы үш мың грант бөлінгенін айта кету керек. Жақын арада әскерде мерзімді қызмет өткергендер оқуға түсу үшін мемлекеттік грантқа да ие болады. Парламент бұл туралы тиісті заңға өзгерісті қолдады.
Бұған қоса, Қарулы күштерде Президенттің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған экономиканың нақты секторында талап етілетін жұмысшы мамандықтарын мерзімді әскери қызмет кезінде меңгеру жөніндегі тапсырмасы да іске асырылып жатыр. Әскерге шақыру науқаны кезеңінде «Айбынды әскер» әскери-патриоттық акциясы, оқу жылының аяғында әскери мамандар арасында «Әскер тарланы» байқауы, «Сарбаз сахнасы» сарбаз әндері және «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық әндер фестивалі тұрақты негізде өтіп тұрады.
Жас жігіттерді мерзімді қызметке шақырудың алдында үлкен жұмыс жүргіземіз. Әскер қатарына шақырылушылармен, олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, адамгершілік, іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене дамуы, білімі мен арнаулы даярлығы, отбасылық жағдайы туралы мәліметтер нақтыланады. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша әскер қатарына шақырылушыларды қай әскер түріне, тегіне жіберу туралы шақыру комиссияларының шешімі қабылданады.
– Мерзімді әскери қызметшілер арасындағы тәртіп туралы ойыңызды білсек. Қазір кейбір ата-аналар армиядағы әлімжеттіктен қауіптеніп, балаларын әскерге жібергісі келмейді...
– Бауыржан Момышұлы «Соғыс психологиясы» атты еңбегінде: «Солдаттан қарапайым жан жоқ. Оған сергек те, ықыласты әрі әділ болған жөн», дейді. Барлық деңгейдегі командирлер батыр атамыздың осы қағидасын күнделікті жұмыс стиліне айналдыру керек. Осындай тәрбие болған жерде, тәртіп те болады.
Қарулы күштерде әскери тәртіпті нығайту бойынша профилактикалық және алдын алу шараларының барлық кешені 2025 жылға дейінгі «Өміріңді сақта» ведомствоаралық бағдарламасына сәйкес жүзеге асып келеді. Бөлімдердегі жеке құрамды бақылау «Серіктес», «Пирамида» және «Жауынгерлік дос» жүйелері арқылы жүзеге асырылады. Профилактикалық онкүндіктер, акциялар, айлықтар, анонимді сауалнама жүргізу, психологиялық тренингтер өткізу тұрақты негізде жүргізіліп тұрады.
Сарбаздарды тереңдетіп зерделеу мақсатымен олардың ата-аналарымен тығыз байланыс орнатылған. Әлеуметтік желілерге ұдайы мониторинг жүргізіліп келеді. Бұдан бөлек ата-аналардың чаттары жұмыс істеп тұр. Қорғаныс министрлігінің мобильді топтары алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру мақсатымен әскери бөлімдердің командирлеріне әдістемелік көмек көрсетіп отырады.
Лудоманияға бейім және несиелері бар адамдардың есебі, қаржылық сауаттылық кейстері сараланып, олардың төлем қабілеттілігіне талдау жүргізіледі. Үйішілік жанжалдардың алдын алу мақсатында отбасыларға бару, командирлердің әскери қызметшілердің жұбайларын жеке қабылдауы, сұрақ-жауап кештері, отбасылық чаттар арқылы мәселелерді зерделеу тәжірибе түрінде қолданылып келеді.
Әскерге шақыру учаскелерінде әскерге шақырылушыларды зерделеу кезінде «Ақ сұңқар» психодиагностикалық кешендері кеңінен қолданылады. Аталған шаралардан басқа, біз осы жылдың басынан бастап іске қосқан құқықбұзушылықтардың нүктелік алдын алу әдістемесі аясында әскери бөлімдер мен әскери полиция органдары командирлерінің өзара іс-қимылын ұйымдастырдық.
Қазіргі уақытта негізгі күш-жігерді әскери қызметшілердің жеке жауапкершілігін, олардың құқықтық сана деңгейін, мәдениеті мен мінез-құлық этикасын арттыруға шоғырландыру қажет. Бұдан бөлек әскери қызметтің тартымдылығын арттыру, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелерін оң шешу, қызметтік жүктемені азайту кезек күттірмейтін іс-шаралар деп білемін.
Әскерлердің, әсіресе тактикалық буынның толық жасақталуы, әскери бөлім командиріне тікелей бағынатын тәуелсіз психологиялық қызмет құру (психологтерді батальон командирлерінің қарамағынан шығару), азаматтардың әскери қызметтен жалтарғаны үшін құқықтық жауапкершілігін күшейту, құқық бұзушылықтарды жасыруға жол берген әскери қызметшілер мен лауазымды адамдарға қатысты шараларды қатаңдату да тәртіп мәселесіне оң әсерін тигізері сөзсіз.
Сонымен бірге әскери тәртіпті нығайтуда жетістікке жеткен командирлерді ынталандыру нысандарын әзірлеу, өзге күштік ведомстволармен профилактикалық жұмыстар бойынша тәжірибе алмасу да тәрбие саласына оң ықпал етпек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»