«Іргесі берік елді жау алмайды, ауызы бір елді дау алмайды». Шын мәнінде, бұл заман - білімге ғана емес, білекке де сенетін уақыт. Білек деп отырғанымыз – елдің қарулы күштері. Әскерің сақадай сай тұрмаса, әркімге жем боласың. Бүгінгі әңгімеміз де елін қорғаған нағыз ерлер - Арнайы мақсаттағы барлау ротасының жауынгерлері туралы болмақ.
Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын, кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы.
Бүгін де біз барған «Арнайы мақсаттағы барлау ротасы» жауынгерлері қоян-қолтық ұрыстан өздерінің шеберлігін көрсетіп, жұмыстарының мақсаты мен міндеттерін атап өтті.
«Жауынгерлік даярлық тұрғыдағы дайындықтың бір түрі - қоян-қолтық ұрысы. Соғыста да, бейбіт уақытта да керек зат. Адам денені әрдайым шынықтырып тұру қажет. Сол себептен біз әскери қызмет барысында осы тәсілдерді, қолданып, үйреніп, жаттығу барысында жүзеге асырамыз. Қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін әскери қызметші жұмысқа орналасқаннан бастап екі-үш жұма уақыт аралығында үйрене алады», дейді рота старшинасы Қайрат Ерасыл.
Оның айтуынша, бұл ротаның басқалардан ерекшелігі – «көрінбей көру, өлмей келу».
Сондай-ақ «Қалқан» арнайы мақсаттағы шабуылдаушы батальонының қызметімен де таныстық. Бұл батальон біліктілігін арттыру үшін тактикалық жаттығуларды жиі өткізіп тұрады. Бөлім қызметкерлерінің негізгі миссиясы – қаруланған топтарды залалсыздандыру.
«Бұл жердегі жауынгерлердің міндеттері – жаттығу алаңында шабуылдаушыларды залалсыздандыру, яғни, көзін жоюға іс-қимыл жасайды. Бұл батальон барлық қойылған талаптарды орындайды», дейді взвод сержанты Азамат Әмірбеков.