Вице-премьер Қанат Бозымбаев, «BI Group» холдингінің акционері және директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, «Верный Капитал» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Дәурен Өтемұратов, «Қазхром» ТҰК» АҚ (ERG компаниялар тобы) бас директоры Сергей Прокопьев Ақтөбе облысында болды.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, өңірде жағдай тұрақтанды, өзендердегі су деңгейі төмендеп келеді. Ырғыз, Мұғалжар, Темір, Ойыл, Қобда, Әйтеке би аудандарында және Ақтөбеде жергілікті деңгейде ТЖ режімі әлі де жалғасады.
Апаттан барлығы 4600 тұрғын үй зардап шекті. Бүгінгі таңда 1 мыңнан астам үй мен саяжай тексеріліп, оның 641-і жөндеуге жатпайтыны анықталды.
«BI Group» холдингі Әйтеке би және Мұғалжар аудандарында 40-қа жуық үй салуға кірісті. Сондай-ақ компания Ақтөбе қаласында баспанасыз қалғандарға 34 пәтер сатып алады. Жұмысты тамыздың ортасында аяқтау жоспарланған. Бұл мақсатқа компания 2 млрд теңге бөлді.
«Су тасқыны кезінде апатқа қарсы күреске барлығы 5 млрд теңге бөлдік, оның 2 млрд-ы Ақтөбе облысына бағытталады», деді Айдын Рахымбаев.
Қобда ауданында қосымша 150 тұрғын үй салуға, сондай-ақ Ақтөбе қаласында және облыс аудандарында 269 пәтер мен үй сатып алуға «Верный Капитал» компаниясының негізін қалаушы Болат Өтемұратовтың жеке қоры демеушілік етпек.
«Жалпы, Ақтөбе облысына 11,5 млрд теңге бөлінеді. Өткен аптада Әйтеке би ауданының Жүргенов ауылында жаңа үйлер сатып алына бастады. Алғашқы бес үй зардап шеккендерге берілді. Осы аптада тағы 15 үйді тапсыру жоспарланып отыр», деді Дәурен Өтемұратов.
ERG компаниялар тобы өңірге шамамен 15 млрд теңге бөледі.
«ERG барлық кәсіпорындары су тасқынының салдарын жою үшін қолдан келгенше көмек көрсетеді. Компаниялар тобының акционерлері қалпына келтіру жұмыстарына шамамен 40 млрд теңге бөлді. Ақтөбе облысында біздің компаниялар төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеуге кірісті. Біз техника бердік, сонымен қатар волонтерлеріміз де белсенді көмектесіп жатыр», деді Сергей Прокопьев.
Вице-премьер Қанат Бозымбаев халықпен кездесу барысында өңірдегі жалпы ахуал, залалды өтеу және тұрғын үйлерді қалпына келтіру туралы айтып берді.
Атап айтқанда, жалпы сомасы 877 млн теңге болатын 100 АЕК мөлшеріндегі алғашқы біржолғы көмек 2700 отбасына берілді. Жоғалған немесе бүлінген мүлікті өтеу аясында 344 отбасына 600 млн теңге төленді. Қалған зардап шеккендерге қаражат жақын арада толық төленеді.
«Су тасқынынан келген залалды жою үшін жергілікті бюджеттен 7,8 млрд теңге қарастырылған. Алайда тұрғын үй қорынан басқа 136 шақырым жолды, 15 көпір мен 23 әлеуметтік нысанды қалпына келтіруіміз қажет. Елімізге белгілі ірі кәсіпкерлер көмек қолын созды. Біз Ақтөбе облысына үш компанияны бекітеміз. «BI Group», «Верный Капитал» және «Қазхром» бірге өңірге тұрғын үй салуға, сатып алуға және инфрақұрылымды қалпына келтіруге шамамен 28 млрд теңге бағыттайды. Тұрғын үй салу үшін әкімдік 26 мердігерді анықтады, қазіргі уақытта 63 үйдің құрылысы жүріп жатыр», деді вице-премьер.
Ырғыз ауданында 54 үй салуға тағы 1,5 млрд теңге «Қазақстан халқына» қорынан бөлінеді.
Сонымен қатар Қанат Бозымбаев Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен су тасқыны салдарын жою бойынша кеңес өткізді.
Кеңеске бизнес өкілдері – «Verny Capital» ЖШС бас директоры Айдан Ақанов, «Integra Construction» ЖШС басшылығы Андрей Ким мен Құдрат Шамиев қатысты. Аталған компаниялар басқа демеушілермен бірге аймақты қалпына келтіруге атсалыспақ.
Ақмола облысында барлығы 1817 үй су астында қалды, оның 359-ы апатты деп танылса, қалған үйлер жөндеуге болатын баспаналар санатына жатады.
«Өңірдегі үйлерді жөндеу мен салуға барлығы 10,5 млрд теңге қажет. Оның 5 млрд теңгесін «Kaspi Bank», 1 млрд теңгесін «RG Gold» компаниялары бөледі. Алдағы уақытта шамамен 4 млрд теңге табу қажет. Әкімдіктің алдына 15 тамызға дейін су тасқынынан зардап шеккен Ақмола облысының барлық тұрғыны жөнделген және жаңадан салынған немесе сатып алынған үйлерге кіруге тиіс деген міндет қойылды. Жұмыс кестесі бар мердігерлер анықталып, барлық тиісті қаражат бөлінеді», деді Қ.Бозымбаев.
Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды су басқан аймақтардан көшіру үшін Атбасар қаласында 45 пәтерлі екі тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Бұланды және Жарқайың аудандарында 87 жеке үй салынбақ.
«Біз ТЖ режімі жарияланған өңірлерде: Көкшетауда – 89, Жарқайың ауданында – 27, Есіл ауданында – 22, Астрахан ауданында – 34, Жақсы ауданында – 10 дайын пәтер мен үйлері сатып аламыз. Қауіпсіз аймақта барлығы 182 үй сатып алу жоспарланып отыр», деді Ақмола облысының әкімі М.Ахметжанов.
Сондай-ақ жергілікті билік облыстың жол және инженерлік инфрақұрылымын қайта жаңғыртуы керек. Бұл мақсаттарға Үкімет резервінен қаражат бөлінеді. Вице-премьердің тапсырмасымен автожолдарды, көпірлер мен электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары шілде айында аяқталуға тиіс.