Жеңіс күні – еліміздегі әрбір жан үшін маңызы зор қастерлі күн. Өйткені әр отандасымыздың отбасынан майдан даласында фашизммен күресіп, бейбітшілік заманын жақындатуға атсалысқандар да, тылда еңбек етіп, жеңіске жетуге өз үлесін қосқандар да табылады. Бұл қастерлі күн – халқымыздың ерен ерлігі мен бірлігінің, қаһармандығының рәмізі.
Соғыс құрбандарының рухына тағзым етіп, ардагерлерге құрмет көрсету – ұрпаққа парыз. Олардың майдандағы ерлігі мен тылдағы еңбегі туған елге деген қалтқысыз сүйіспеншіліктің және қайсарлықтың жарқын үлгісі болды. Отан үшін от кешкендердің ерлігін ұмытпау – баршамыздың қасиетті борышымыз.
Сұрапыл соғыс аяқталғалы бері сексен жылға тақау уақыт өтсе де, сол Жеңістің жылуы, батырларымыздың ерен ерлігі бүгінгі ұрпақтың да жүрегіне қуаныш, жүзіне шаттық, бойына жігер ұялатып келеді. Өйткені біз – бейбітшіліктің қадірін ұғынған ұрпақпыз.