Талғат Бигелдинов – әскери барлаушы ұшқыш ретінде екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атағын алған Орталық Азиядағы жалғыз адам. Аты аңызға айналған қазақ халқының батыры, батыл да қыран қасиетімен танылған ұшқыш ұрыста мақсатқа жету үшін табандылық пен өжеттілігін көрсетті. Жоғары дәрежелі әскери ұшқыш қарапайымдылығымен, зор талапшылдығымен өзіне баурап алды. Жеңістің 79 жылдығына орай соғыс тарихында алтын әріптермен жазылған Корсунь-Шевченко түбіндегі операция туралы батыр естелігін беруді жөн санадық.
...Мойындау керек, сол кезде Украинаның осы кішкентай қалашығының аумағында болған шайқастардың мөлшері мен мәнін елестете алмаған екенбіз. Бірнеше жылдан кейін әскери академияның тыңдаушысы болған кезде және архив материалдарын зерттей отырып, мен өте маңызды операцияға қатысқанымды түсіндім.
Корсунь-Шевченко операциясын Бірінші және Екінші Украин майдандарының әскерлері жүргізді. Олардың бөлімшелері бір уақытта жау тобына бірігіп соққы жасады. Бірінші Украин майданы Белая Церковьтен оңтүстік-шығысқа қарай әрекет етті. Екінші Украина майданы – Кировоградтың солтүстігіне қарай.
Фашистік әскерлерді қоршау 1944 жылдың қаңтар айының соңында басталды.
Украинада қыс сол жылы ерекше болды. Жиі жауған жаңбырдан топырақ адам да, техника да жүре алмайтын балшыққа айналды. Гитлердің әскерлері біздің қолбасшылығымыз мұндай лайсаң кезінде соққы жасайды деп күтпеді. Жолдың жоқтығына қарамастан, кеңес армиясының әскерлері қызу шайқастар кезінде жаудың қарсылығын бұзып, 28 қаңтарда Звенигородок ауданында жау тобын қоршауға алуды аяқтады. «Қазандыққа» тоғыз жаяу әскер дивизиясы, «Викинг» танк СС дивизиясы, СС моторлы бригадасы және басқа да бөлімдер мен бөлімшелер түсіп қалды.
Майданның көрші учаскелерінен әскери бөлімдерді, оның ішінде танктерді тартып, фашистік неміс қолбасшылығы қоршау шеңберінен өтуге тырысты. Гитлердің қолбасшылығы көлік авиациясына үлкен үміт артты. Оның көмегімен ол қоршалған әскерді оқ-дәрімен және азық-түлікпен қамтамасыз етуге үміттенді. Алайда жаудың өз әскерлерін «қазандықтан» құтқару әрекеттері сәтсіз болды. Он жетінші ақпанда жау тобы жойылды.
Бұл жағдайда шабуыл авиациясына үлкен жүктеме түсті. Біз барлау жүргіздік, қоршаудағы неміс әскерлеріне көмек көрсетуге тырысқан жаудың танк құрамаларына шабуыл жасадық.
...Бұлтты күндердің бірінде таңертең менің эскадрильям танк колоннасын шабуылдауға ұшып шықты. Біз белгіленген алаңға ұшып келген кезде немістер біздің танкистерімізбен соғысып жатыр екен.
Жоғарыдан танк шайқасының картинасы анық көрінді. Мұнараларда ақ крестері бар бір жарым жүзге жуық машина дала, жартас, балкалармен ағылып келе жатыр. Олардың жолында бірнеше ондаған біздің танк тұрды.
Біз ұшақтарымызды соларға қарсы бұрып, шабуылға шықтық. Немістер алғашқыда қызумен бізді байқай қойған жоқ, олар «қара өлімді» бастарына үйірілген кезде байқады. Тарақандар сияқты, жау танктері әртүрлі бағытпен ыдырап кете бастады. Бірақ «Ильюшин-2»-ден қашып кетуге бола ма?
Тағы да шабуыл жасадық. Талай жау техникасының көзін жойдық. Біздің танкшілеріміз шаруаны өздері аяқтады. Бомба қорын толтырып, бірден әуеге көтерілу үшін аэродромға оралып келе жатқанда төменнен жаудың жаяу әскеріне толы үлкен шатқалды көремін. Мен бұл туралы КП-ға баяндадым.
– Шабуыл жасауға рұқсат етесіз бе?
– Шабуылдаңдар.
Шатқалдың үстімен жер бауырлап ұшып келеміз, немістерге пушкалар мен пулеметтерден оқты жаудырып жатырмыз. Жүздеген мәйіттерін қалдырып, сарбаздар далаға қарай қашып жатыр. Біз бұрылыс жасап, дала жақтан келеміз, немістерді балапан секілді тағы да жартасқа тығамыз. Тағы да шабуыл жасаймыз. Шатқалда адам түсініп болмайтын нәрселер болып жатыр. Біз жаяу әскерге оқ-дәрілер таусылғанша соққы жасай бердік.
Мұнда мына нәрсеге тоқтала кетейін. Бірнеше ай бұрын шабуылдаушылар жердегі нысандарға соңғы снаряд, соңғы оқ қалғанға дейін шабуыл жасауға батылдары жетпейтін еді. Өйткені бұл жаудың истрибительдерімен кездесіп қалған жағдайда қорғансыз қалу дегенді білдіреді.
Бірақ Корсунь-Шевченко ауданында біздің авиация әуеде басым болды. Фашистік ұшақтар аэродромдардан көтерілуге батылы жетпеген күндер емес, апталар болды. Ал көтерілген күннің өзінде бірден біздің ұшақтардың олжасына айналатын. Біз «әуе таза» дейтін дәрежеге жеттік.
Құрлықтағы әскерлер Корсунь-Шевченко айналасын барынша қыспаққа алған сайын біз жауға әуеден шабуылдап жаттық. Ұрыстың аяқталар кезеңі жақын қалды. Немістер жанталасып қоршауды бұзуға тырысты. Түк істей алмады. Содан кейін олар көлік ұшақтарының көмегімен «қазандықтан» жоғары офицерлер құрамы мен құжаттарды шығара бастады.
Бір күні кешке қарай біздің экскадрилья танктерге шабуыл жасағаннан кейін үйге оралды. Біз Корсунь-Шевченко үстімен ұшып келеміз. Кенеттен мен аэродромда бес «Юнкерс-52» ұшағын байқадым. Ұшақтар ұшу-қону жолағының жанында тұр. Олардың жанында адамдар көрінбейді. Демек олар өз тылдарында түнде ұшып кетуге дайындалуда.
– Аэродромда бес Ю-52 тұрғанын көріп тұрмыз. Шабуыл жасауға рұқсат етесіз бе? – деп КП-ға баяндадым.
КП-дан бірден ұшақтарды жою командасы келді.
Ұшақтарда адамдардың жоқ екеніне сенбедім. Олар әуеде аэродромның үстінде «ильюшалар» пайда болған соң, көліктерге мініп алған болар деген ой да келді. Рас, соғыс заңымен қарапайым логика авиация шабуылы болған жағдайда дереу шабуыл нысанынан алыс болуға тырысу керек дейтін еді, бірақ барлық жағынан демалуға мүмкіндік бермей соғып жатса, логикаға жол болсын.
Біз немістерге күйрете соққы бердік. Алғашқыда бірден екі «юнкерс» өртенді. Неміс офицерлері ұшақтардан секіре бастады, портфельдерді, чемодандарды лақтырып, олар әртүрлі бағытқа қаша жөнелді. Демек мен дұрыс сезіппін!
Екінші рет айналып келдік, қалған үш ұшақты өртеп, немістер тым-тырақай қаша бастаған аэродромға оқ жаудыра бастадық. Бәрін қиратып болған соң біз экскадрильяның бүкіл атыс күшін жұмылдырып, алдында авиациямыз ұшқан кезде атылған оқтан аман қалған қоймалар мен құрылымдарды атқыладық.
Қоршаудағы әскерлерде дүрбелеңнің орын алғандығына мынадай факт дәлел. Бір күні тапсырманы орындағаннан кейін біздің экскадрилья үйге оралды. Городищеден Корсунь-Шевченкоға дейінгі бағытта мен тасжолда жүк көліктерінің екі қатар болып тұрғанын көрдім. Колоннада кемінде екі жүз машина бар. Бір қызығы, жүк тиелген көліктер даланың ортасында тұр және жүргізушілер де, күзетшілер де көрінбейді.
Радиодан колоннаға шабуыл жасауға рұқсат сұрадық. КП-дан шабуылды бастамай күте тұру жөнінде бұйрық берілді. Біз биікке көтеріліп, шеңбер құрып тұра қалдық, ондағы мақсатымыз – бұйрық түскен бойда колоннаға бірден шабуыл жасау. Бірнеше минут өткен соң шлемофоннан генерал Рязановтың: «Шабуыл жасамаңдар! Шабуыл жасамаңдар!» деген алаңдаулы даусы естілді.
Бұйрықтың аты бұйрық. Аэродромға жеттік. Бірнеше күннен кейін ғана ол колоннаны жүргізушілердің тастап кеткендігін білдік. Оларды жерүсті бөлімшелерінің барлаушылары бақылауға алған екен. Сол кезде жүк көліктеріне шабуыл жасағанымызда, біршама оқ дәрі мен киім-кешек жойылып кетер еді, ал кейін сол заттар бүтін күйінде біздің қолымызға тиді.
Корсунь-Шевченко ауданындағы операцияға байланысты тағы бір қызықты естелігім бар. Шын мәнінде, бұл қазір қызықты болып көрінеді, ол күндері болса шаруамыз көбейіп, көптеген алаңдаушылық туғызған болатын.
1941 жылдың қысында Мәскеу түбі талқандалып жатқан күндері немістер теміржолдарды қирататын құрылғы ойлап тапқан болатын. Мен оның дәл қандай болғандығын сипаттап бере алмаймын, бірақ ол екі үлкен соқаның түрені сияқты болды. Оларды паровозға қыстыратын. Соқалар шпалдарды ортасынан сындыратын, ал рельстер болса көлбеу бүйіріне тіреліп, майысып, жарылатын. Паровоз бір сағатта он екі-он бес шақырымға дейінгі жабындыны жойып тастайтын. Дәл осындай паровоз Первомайский мен Малые виски арасында жұмыс істеді.
Қоршалған топтың тағдыры белгілі болғандықтан, оның үстіне одан әрі батысқа қарай жүруге тура келетіндігін біле отырып, фашистер теміржолдарды осы құрылғыларымен қиратты.
Паровозды жоюды басшылық маған тапсырды. Паровоздың ізіне түсу басталды. Айта кету керек, қарсылас өте айлакер, тәжірибелі және сақ болып шықты.
Кеше мен осы жерлердің үстінен ұшып бара жатып, рельстердің болат тізбегін көрген болатынмын. Бүгін олар жоқ. Бірақ паровоз да жоқ. Жауды анықтамақ болған барлық әрекеттеріміз бекер болды. Жердегі барлау көмекке келді.
Мен аэродромда, КП бұйрығы бойынша бірінші дайындық кезеңінде тұрмын. Паровоздың Малые весы деген жерді қиратып жатқандығы туралы ақпарат алдық. Мен ол жаққа қарай ұшып бардым, оның жолды қиратып кеткендігін көремін, бірақ паровоздың өзі тағы жоқ.
Бұл жайт күн сайын қайталана берді. Менің шыдамдылығым сыр бере бастады. Басшылық болса бізге маза бермей, қарғыс атқан паровозды дереу жоюды талап етті. Шынында да, бір күнде ол өте көп зиян келтіретін, ал бәрін қалпына келтіру үшін бір апта уақыт қажет, материалдар, инженерлік әскерлердегі жүздеген сарбаздар мен офицерлер еңбектенуі керек. Сонымен қатар жол қалпына келтіріліп жатқанда, шабуылдауға шыққан әскерлерге жүкті жеткізу кешіктірілді.
Паровоз туралы ақпарат болмаған күндердің бірінде мен барлауға ұшып кеттім. Немістердің позициялары туралы мәліметтер жинадым, артиллерия мен жерге көмілген танктердің орналасқан жерін суретке түсіріп алып, өз аэродромыма қарай ұшып келе жатқанмын.
Кенет төменде паровоздың көлеңкесін байқадым. Иә, тек көлеңкесі ғана. Батып бара жатқан күннің сәулесінде ол тым үлкен, ұсқынсыз болып көрінді. Көлеңке жылжиды, бірақ түтін жоқ. Паровоздың өзі де көрінбейді.
Мен дереу төмен қарай құлдиладым. Жерге жақындағанда ғана осы кезге дейін бұл паровозды неге таппай келгендігімізді түсіндім.
Немістер паровоздың үстіне алаңқай орнатып, оны қармен, топырақпен, ағаш-бұталармен толтырған екен. Сонда жоғарыдан паровоз емес, жердің бедері ретінде көріп жүріппіз.
Қуанғанымнан тіпті айқайлап жібердім. Ал енді сен менен құтылып көр! Бір қырынан келіп, паровозды дәлдеп, шабуылға шығамын. Оным бекер болды. Машинист күрт қозғалды да, менің снарядтарым босқа кетті. Жаңадан шабуылға шығамын, тағы да нәтиже жоқ. Паровоз кабинасында менің әр қозғалысымды қадағалайтын тәжірибелі адам отырғандай.
Паровоздың ұшақпен ерекше жекпе-жегі шамамен он бес минутқа созылды. Соңында снаряд қазандыққа түсті. Буы будақталып барып шамамен жиырма метрге көтерілді де, паровоз тоқтады. Мен бір бүйіріме қарай ұшып барып, пушкалармен пулеметтен оқ аттым. Сосын бұрылып, екінші жағына шығып, реактивті снарядтарды жібердім. Паровоз металл үйіндісіне айналды. Бір айналып, жұмыстың ойдағыдай атқарылғанына көзім жеткен соң, ол жерді суретке түсіріп, үйге қайттым.
Майданда қызықты кездесулер де болып тұратын. Шынымен, мақалда айтылғандай, «тау таумен кездеспейді, ал адам әрқашан адаммен кездеседі» екен.
Корсунь-Шевченко операциясынан кейін көп ұзамай біздің полкімізге жауынгерлік жағдайда тәжірибеден өту үшін ұшқыштар училищесінен бір топ нұсқаушылар мен командирлер келді. Олардың үшеуі менің экскадрильяма жіберілді.
Күн қолайсыз болатын, бірде-бір ұшақ әуеге көтерілген жоқ. Бөлмеде отырмыз. Есіктің қалай ашылып, біреудің экскадрилья адъютантына анық баяндап жатқанын естіп жатырмын:
– Тәжірибеден өту үшін келдік. Экскадрилья командиріне баяндауыңызды сұраймыз.
Мен бөлмеден шығып, тұрып қалдым. Алдымда үш офицер тұр. Ұшу мектебіндегі үш мұғалімім. Міне, кездесу деп осыны айт!
Офицерлердің бірі маған зейін қоя қарап, кенеттен:
– Жолдастар, бұл біздің Бигелдинов қой! Талғат! – деп айқайлап жіберді. – Сәлем, қымбаттым. Ал әңгімеңді айт!..
Түнге дейін отырдық. Енді рөліміз өзгерді. Бұрынғы мұғалімдер оқушы болды, ал мен, жақында ғана курсант болған жігіт – енді олардың ұстазымын.
Содан кейін біз жауынгерлік тапсырмаларға бірге ұшып, жау позицияларын бомбаладық. Нұсқаушылар өздерін жақсы жағынан көрсетті және үшеуі де «Қызыл жұлдыз» ордендерімен марапатталды.
Тәжірибеден өтушілердің майданнан училищеге кететін күні де келді. Біз қимай қоштасып, бір-бірімізге барлық жақсылықтарды тіледік.
Бұрынғы нұсқаушылардың бірімен біздің әлі күнге дейін достығымыз үзілген жоқ. Мен қазір Алматы аэроклубының бастығы, подполковник Вышвырко туралы айтып отырмын. Көбіне біз майдандағы кездесуімізді, жау тылындағы әскери ұшуларды еске аламыз.
Қараңызшы, неткен ерлік, қандай ғажап батырлық! Сынаптай сырғыған жүйрік уақыт араға қаншама жылдар салса да, Талғат Жақыпбекұлының жарқын бейнесі ұрпақ жадында жаңғыра бермек.
Мені көптен толғантып жүрген мәселе – Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанған жалғыз қаһарманға Алматы қаласынан лайықты көше берілсе деген тілек. Кеңсайдағы айналдырған 4-5 үйі бар қуықтай көше осындай батыр тұлғаға лайық па? Атқа мінген азаматтар осы мәселеге мән берсе. Себебі бұл – менің ғана емес, көптің тілегі.
Дайындаған –
Орындыбике БЕГЕЛДИНОВА