• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 11 Мамыр, 2024

Сенімді диалог алаңы

95 рет
көрсетілді

Еліміз Әзербайжан мен Армения арасындағы екіжақты бейбітшілік үдерісін ілгерілету мақсатында тараптарға кездесу алаңын ұсынған болатын. Алматыдағы Достық үйінде Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов пен Армения Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян арасында келіссөз басталды.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу екі ел арасын­дағы даулы мәселелердің түйіні түбегейлі тарқауына тілектестік білдіріп, Алматы ТМД елдері үшін тарихи оқиғалардың орталығы болғанын атап өтті. Бұл ретте КСРО-ның 11 елі қол қойған 1991 жылғы Алматы декларациясын айрықша атау­ға болады. Сондықтан келіссөз­ге Алматы арнайы таңдалға­нына Армения мен Әзербай­жан Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктестері екеніне тоқталды.

«Әзербайжан мен Арме­ния – біз үшін жақын елдер. Тараптарға жемісті жұмыс пен сенімді диалог тілеймін», деді М.Нұртілеу.

Екі елдің сыртқы саяси ведомстваларының басшы­лары 1991 жылғы Алматы декла­ра­циясы­ның Әзербайжан мен Армения арасындағы қаты­настар­ды реттеу, оның ішінде шекараны делимитациялау процесінде маңызды рөл атқарғанын ескере отырып, Алматы қаласындағы кездесудің символдық сипатына мән берді.

«Армения мен Әзербайжан ара­сындағы қарым-қатынасты қа­лыпқа келтіру үдерісі бойынша тұ­рақты кездесулер өтіп, бейбіт келі­сімге келу бағытында бірқатар қадам жасалып жатыр. Бізге кездесу алаңын ұсынған Қазақстанға алғыс айтамыз. Делегациялар соңғы рет екі ай бұ­рын Берлинде кездескен болатын. Тарап­тар бейбітшілік келісіміне келу үшін, олардың ұстанымдарын көрсететін құжаттармен алмасу жүргізілді», дейді Джейхун Байрамов.

Келіссөздердің нақты қандай шешіммен аяқталатыны әзірге белгісіз. Кездесуге келген тараптар өз талап-тілектерін ортаға салған жүздесуді журналистердің қатысуынсыз жалғастырды.

«Армения бейбітшілік келісімі­не нақты мән беріп отыр. Біз келіссөз үдерісіне тиянақты қатысамыз. Меніңше бейбітшілік келісіміне қол қоюмен шектеліп қалмай, әрі қарай қадам басуымыз керек. Барлық көлік инфрақұрылымы олар өтетін елдердің егемендігінде қалатынын ескеріп, басқа да нәзік мәселелерге мейлінше мән берген абзал. Екіжақты бейбітшілік үдерісін ілгерілетуге алаң ұсынып, белсенділік танытқан Қазақстан Президентіне алғыс айтқым келеді. Бүгінгі келіссөздер осы үдеріске өз үлесін қосатынына сенім білдіремін», деді Арарат Мирзоян.

Айта кету керек, келіссөздер оты­рысына дейін Алматыға келген қос елдің Сыртқы істер ми­нистр­­лері Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрі Мұрат Нұртілеумен кез­де­сіп, өңірлік экономикалық және кө­лік­­тік өзара байланысты дамыту мә­се­­лелері бойынша пікір алмасты.

Кездесу барысында елдер ара­сындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту мәселелері талқыланып, тауар айналымы мен транзиттік-көліктік әлеует көлемін ұлғайту жайы сараланды.

 

АЛМАТЫ