• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 11 Мамыр, 2024

Жеңіс туын тіккен батыр

268 рет
көрсетілді

Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, Кеңес Одағының батыры атанған отандастарымыз аз емес. Алайда кеудесін оққа тосқан апайтөстеріміздің кейбірі көзі тірісінде батыр атағын алған жоқ. Бірақ бұл олардың даңқын аласартпады, керісінше, ақиқат ашылған са­йын халықтың шексіз құрметін арттыра түсті. Солардың бірі де бірегейі – биыл туғанына 100 жыл толатын Рақымжан Қошқарбаев.

Жыл басында біздің басылымға берген сұхбатында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елге еңбегі сіңген елеулі тұл­ғалардың ұмыт қалмай, ұрпаққа на­си­­хатталуы керек екенін жеткізді. «Ел тари­хында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпы­ұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді. Биыл әйгілі ғалым Қа­ныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты ба­тырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Ра­қым­жан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады» деп атап өтті Президент.

Рейхстагқа ту тіккеннен кейін лейтенант Р.Қошқарбаев пен оның серігі, қатардағы жауынгер Григорий Болатов Кеңес Одағының батыры атағына ұсыныл­ғанымен, бұл жоғары марапат оларға ақыры бұйырмай кетті. Бұл аздай, Бер­лин­нің төрінде жеңіс туын желбіретіп елге оралған оны туған жері мүлдем елеу­сіз қалдырды десе де болады. 13 жыл бойы­на ол жайында бірде-бір мінберден айтыл­мады, бірде-бір газетте жазылмады. Ал оның есімі тұңғыш рет қазақ баспасөзі бетінде жарияланып, ерлігі елге танылуына Бауыржан Момышұлының өзі тікелей себепші болғанын білесіз бе? Кейін біз оның қаһармандық ісі жайында оқып білдік, ал Ресей тарапы қазақ батырының Рейхстагқа бірінші болып ту тіккенін мойын­дады ма? Біз бұл мақаламызда осы және өзге де деректерге кеңірек тоқталамыз.

Рақымжан Қошқарбаев – Ақмола облысының тумасы. Астанаға іргелес Қосшы қаласының арғы жағындағы Қы­рық­құдық ауылында туып өскен. Қазір бұл ауыл жоқ. 4 жасында анасынан айырылып, 13 жасында әкесін «халық жауы» ретінде ұстап әкетеді. Тірі жетім қалған Рақымжан қазіргі Қосшы қаласынан 3 шақырым жерде орналасқан Тайтөбе ауы­лындағы балалар үйін паналауға мәж­­бүр болыпты. 1941 жылы 22 маусымда соғыстың басталғанын Қосшы ұжымшарында еңбек етіп жүріп естиді. Алғашқы күндерден-ақ майданға аттануға сұранғанымен, жасы жетпегендіктен оны соғысқа жібермейді. Тек 1944 жылдың аяғында ғана әскерге алынып, соғыс іс-қимылдарын 1945 жылдың қаңтар айында Польша астанасы Варшава қаласының маңындағы ұрыстың біріне қатысудан бастайды.

 

350 метрге созылған «сырат көпірі»

Ол алғаш келген күннен-ақ 150-Ид­рицк дивизиясының құрамындағы 674-полктің 1-батальоны 2-взводының командирі болып тағайындалды. Батысқа жылжыған кеңес әскері қатарында бұлар да жаумен айқаса жүріп, 20 сәуір күні Берлинге ат басын тірейді. Өліспей беріспейміз деп бекінген фашистер қаланы жанқиярлықпен қорғайды. Мұны 20 сәуірдегі артиллериялық атқылаудан басталған шабуылдың 10 күнге жалғасып, 30 сәуірде атақты «Гиммлер үйінің» алынуына дейін созылғанынан көруге болады. Жеңістің ауылы бір қарағанда өте жақын көрінгенімен, шын мәнінде, тым алыс еді. Жақын дейтін себебіміз – «Гиммлер үйінен» Рейхстагқа дейінгі аралық бар-жоғы 350 метр ғана болатын. Ал алыс болатын себебі – бақайшағына дейін қаруланған 10 мың фашист неміс парламенті ғимаратына бекініп алып, оқты бұршақша боратып, қыбыр еткеннің бәрін қырып салып отырған еді.

Рақымжан Қошқарбаев кейінгі бір естелігінде «Гиммлер үйінің» Рейхстаг беттегі терезесінен сыртқа секіріп түсудің өзі сырат көпіріндей қатерлі болғанын айтады. Фашистер дәл осы терезені көздеп, шыға келгеннің бәрін қағып түсіруге да­йын отырған еді. Бірнеше жауынгер сол жерде оққа ұшады. Бір кезде оқ даусының тыйыла қалғанын пайдаланған лейтенант сыртқа қарай мысықша қарғып, бір ойпаңның ішіне жата қалады. Қараса, өзімен бірге тағы бір адам секіріпті. Ол – Гри­ша Болатов еді. Екеуі де дін аман. Бі­рақ бұл Рейхстагқа дейінгі 7 сағатқа созыл­­ған ұзақ та тозақ жолының тек бас­та­масы болатын. 350 метр жерді Болатов екеуі 7 сағат дегенде әрең бағындырады. Бораған оқтың асты­нан жер бауырлап өте ақырын жыл­жығаны сондай, тіпті оларды өлген адам деп те ойлауға болатын еді. Ал ғима­рат ішіне енгеннен кейін әр бөлме үшін болған шайқастар одан да қиындай түсіпті. Өйткені бір жағынан іштегі жау әскерімен айқасуға тура келсе, екінші жағынан сырттан Рейхстагты атқылап жатқан өз әскеріміздің оғы да тиіп кетуі әбден мүмкін болатын. Дегенмен «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, Гриша Болатов екеуі от пен түтіннің арасында атыс сала жү­ріп Рейхстагтың ең үстіңгі қабатына көте­ріледі де, ғимараттың қасбетіне алғашқы жеңіс жалауын тікті.

 

Еленбеген ерлік

Дәл осы күні Рейхстагтың жан-жағына 40 шақты ту ілінгені туралы деректер бар. Соның ішінде Р.Қошқарбаев пен Г.Болатов тіккен ту ең алғашқы жеңіс туы екендігіне дәлелдер жетіп артылады. Ал кейін жеңіс туын алғаш болып қадады деп танылып, Кеңес Одағының батыры атағы берілген М.Егоров пен М.Кантария шын мәнінде ол туды бірінші болмаса да, Рейхстагтың ең ұшар басына тіккен еді.

Ардагер журналист Жанболат Ауп­баевтың 1984 жылы Рақымжан Қошқар­баевтан алған сұхбатында батыр одан әрі болған жағдайларды былай еске алыпты: «Сол күні де, одан кейінгі аптада да бұл оқиға бүкіл дивизия, ар­мия­ға белгілі болып, мұны жазбаған газет, жоғары жаққа хабарламаған адам қал­ған жоқ. Қайта-қайта комиссия келіп, әлденеше беттік баянат та дайындалды. Суретке түсіріп, жеке анкетамыз да толтырылды. Тіпті 6 мамыр күні ерекше тапсырмалар жөніндегі әскери бөлім қызметкерлері Григорий екеумізді ертіп жүріп, біздің 30 апрель күні «Гиммлер үйінің» бірінші қабатындағы қай терезеден қалай секіріп түскенімізді, сөйтіп, Рейхстагқа қандай жолдармен қанша уақытта жеткенімізді схема түрінде сызып алғаны да бар».

Оның айтуынша, басшылар бұларды Кеңес Одағының батыры атағына да ұсынған екен. Бірақ Григорий екеуінің де әкелерінің 1937 жылы «халық жауы» деп ұсталып, істі болуы салдарынан бұл шешім кейінге шегерілген. Ал ресейлік «Новая газетаның» жазуынша, 1945 жы­лы мамырдың ортасында Григорий Бола­товты Сталиннің өзі қабылдаған көрінеді. Ол жайында досы Виктор Шуклин былай еске алады: «Гриша әкелінді. Әңгіме қысқа-нұсқа болды. «Жолдас Болатов! Сіз қаһармандық іс жасадыңыз, сондықтан Кеңес Одағының батыры атағына әрі «Алтын Жұлдызға» лайықтысыз. Алайда қазіргі таңдағы жағдайлар сіздің орныңызда басқа бір адамдардың болуын талап етіп тұр. Сіз ерлік жасағаныңызды ұмытыңыз. Уақыт өтеді, кейін сіз «Алтын Жұлдызбен» екінші рет марапатталасыз», деді Сталин».

Дегенмен дәл осы кездесуден кейін көп өтпей Г.Болатовқа қыз зорлауға оқталды деген жалған айып тағылып, бір жа­рым жылға түрмеге қамалады. Ал қата­рын­да Р.Қошқарбаев бар 674-полк 1947 жыл­ға дейін Берлиндегі шектеулі әскер құра­мында қалып, содан кейін ғана елге оралыпты.

Жоғарыдағы естелікте айтылғандай, неміс астанасындағы шайқастар аяқтала салысымен Рейхстагқа алғаш ту тіккен сайыпқырандар жайында бірнеше басылым жарыса жазған болатын. 1987 жылы журналист Ж.Аупбаевқа берген екінші сұхбатында Р.Қошқарбаев былай дейді: «2 мамыр күні Рейхстаг түбінде демалып жатқан бізге өзіміздің 150-Идрицк дивизиялық газетінің тілшісі Василий Субботин келді. Ол командирден болған жайды тәптіштеп сұрап алып, содан кейін менімен, Григорий Болатовпен сөйлесті. Ертесіне, яғни 3 мамыр күні біз сол дивизиялық «Воин Родины» газетіне ірі әріптермен жазылған листок іспеттес хабардың шыққанын көрдік. Онда былай деп жазылыпты: «Отан өз ерлерінің есімін құрметпен атайды. Кеңес қаһармандары – халықтың адал ұлдары. Олардың тең­дес­сіз ерлігі туралы кітаптар жазылады, әндер шығарылады. Бұл жаужүрек жігіт­тер гитлеризм ордасына басып кіріп, Рейхстагқа жеңіс туын қадады. Батырлар есімін жадымызда сақтайық: лейтенант Рақымжан Қошқарбаев, қызыл әскер Григорий Болатов...»

 

Он жылға созылған үнсіздік

Иә, алғашқыда әділдік салтанат құрып, бәрі ойдағыдай басталған. Марапат өз ие­­­сін табуға тиіс еді. Алайда кейін уа­қыт көрсеткендей, Рейхстагқа алғаш ту тік­кен адамдар ретінде мүлдем басқа жауын­­герлердің есімдері аталып, Кеңес Ода­ғы­ның батыры атағы соларға берілді. Жоға­рыда айтылғандай, Р.Қошқарбаев 1947 жылы елге оралған соң оның сол Берлинде жасаған ерлігі мүлдем ұмытылды десе де болады. Ара-тұра кей­бір ресейлік газеттер ләм-мим деп қойға­нымен, қазақ басылымдары мүлдем жақ ашпайды.

Тек он жыл өткеннен кейін ғана, яғни 1957 жылдың аяғында Бауыржан Момышұлы қызметінен босап, Алматыға келді дегенді естіген кейіпкеріміз оған арнайы сәлем бере барып, өзін таныстырып, әңгіме-дүкен барысында 1945 жылы 30 сәуір күні болған оқиғаның бәрін айтып береді. Сол кездегі «Лениншіл жас» газетінің жауапты хатшысы Кәкімжан Қазыбаев «Кернеген кек» атты деректі хикаятында осы кездесуден кейін өзін Бауыржан Момышұлының шақырып алғанын былай еске алады: «Сендер жур­налист емессіңдер, қайдағы журналист?! Соғыс біткелі он үш жыл! Ана Рақым­жанды көрмей жүрген неғылған жур­налиссіңдер?! Знаешь кто такой Рахым­жан? Мен де оны бүгін бірінші рет көрдім. Сәлем бере келіпті. Білесің бе, кімнің сәлем бере келгенін? Это исторический человек!.. Берлинді алардағы, Рейхстагқа ту тігердегі қырғын – ол нағыз жойқын қырғын! Как воин, как командир я представляю что это такое, это было невероятно! Рақымжан сол тозақтың ішінде болған, сол тозақтан аман шыққан! Жеңіс жалауын тіккен! Кім үшін?!»

Міне, осылайша, көзі тірісінде батыр атағын алмаған қазақтың бір қаһарманы көзі тірісінде батыр атағын алмаған тағы бір қаһарманының тарих қойнауында ұмыт қалып, аты өшпеуіне ықпал жасапты. Көп өтпей журналист К.Қазыбаев Р.Қошқарбаев туралы жазу үшін онымен кездескенде: «1946 жылдың 9 мамырынан кейін ләм-мим деп ешкім ауыз ашқан жоқ. Содан бері көріп тұрған тілшім, тіпті қазақ баспасөзінен көріп тұрған бірінші адамым өзіңсің», депті батыр.

Содан 1958 жылғы 20 ақпан күні «Лениншіл жас» газетінде К.Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты көлемді очеркі жарық көреді. Бұл соғыстан кейін 13 жыл өткенде ғана қазақ баспасөзінде ол туралы жазылған ең алғашқы мақала еді. Сол жарияланымнан кейін басқа да қазақ газеттері батыр жайында дерек­тер бере бастаған сыңайлы. 1958 жыл­дың 9 мамырында «Социалистік Қазақ­стан» газетінде соғыста ерлік көрсеткен бірнеше жауынгердің суреттері жа­рия­ланыпты. Солардың арасында Ра­­қым­жан Қошқарбаев та тұр, оған «Рейх­с­тагты алуға қатысушы» деп қана анық­тама беріліпті. Газетіміздің одан кейін­гі жылдардағы нөмірлерін ақтарып көргенде, 1961 жылдың 9 мамыр күні жарияланған «Рейхстагқа ту тіккенде» атты шағын ғана мақалаға көзіміз түсті. Авторы – Р.Қошқарбаевтың өзі. Содан бір үзінді келтірсек, былай деп жазыпты: «...Мен Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап майдандарда болып соғыспен Берлинге дейін бардым. Фа­шис­тік Германияның қанқұйлы ұясы – Рейхстагты тікелей алушылардың қата­рында болдым.

...1945 жылдың 8 майы. Батальон командирі Василий Давыдов шақырды деген соң штабқа бардым. Командир мен кірісімен басымнан аяғыма дейін түгел шолып шықты. Ол кезде бұған онша таңғалмайтынбыз. Себебі командирдің бұлай қарауы заңды, қантөгіс ауыр кезең, қазір барсың, минутында жоқсың, қатерлі күн еді ғой. Аз үзілістен кейін ол:

– Лейтенант Қошқарбаев! Гриша Булатовпен екеуіңіз Рейхстагқа ту тігесіз­дер. Жауынгерлік тапсырма осындай! – деп келте қайырды.

Біз бұл тапсырманы орындауға шұғыл кірістік. Біздің бөлім тұрған квартал мен Рейхстагтың аралығында ашық алаң жатыр. Жау оғы қарша борайды. Терезеден секіріп түскеннің өзі қандай қауіпті кезең десеңізші! Бірақ бұл тапсырманы біз ажал дегеніміз жоқ, абырой, сенім деп түсіндік. Осы сезім бізді сеніммен алға жетеледі. Қызыл ту менде болатын. Бас көтерсең жұлып кеткелі тұр. Рейхстагқа бекінген фашистер үсті-үстіне атқылап, снарядтар жаудыруда.

Біз Рейхстагпен арадағы алаңда біраз отырып, түн қоюлана бергенде бір­ден алға ұмтылдық. Көп ұзамай Рейх­стаг­тың іргесіне жетіп, қабырғасына қолы­мыз, табалдырығына табанымыз тиді. Желбіреген жеңіс туы тігілді.

Тапсырма орындалған кезде басқалар да келіп жетті. Олардың арасында аты әйгілі батырлар Егоров пен Кантария бар. Үлкен үйдің бір мүйісіне олар да ту тігіпті. Рейхстагқа шабуыл кезінде ұмытылмас оқиға осылай болған еді. Ұлы жеңіске біз өз үлесімізді осылай қостық».

Осындай жарияланымдардан кейін қазақ халқы тұңғыш рет өзінің хас батырын таныған еді. Бірақ мұнымен шектелмей, кеңес заманында Бауыржан Момышұлы, Ілияс Омаров, Жұмабек Тә­ше­нов орталыққа дүркін-дүркін хат жа­зып, Рақымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының батыры атағын әперуге тал­пынғанымен, бұған Мәскеу мойын бұра қоймапты. Тіпті 1980 жылы респуб­ликаның 60 жылдығын тойлауға арнайы келген бірінші хатшы Л.Брежневке де бұл туралы құлаққағыс етілгенде ол: «Та­рихты қайта қарап қайтеміз» деп қысқа қайырған деседі. Осылайша, Жеңіс туын тіккен қаһарманға да, атақты Бәукеңе де бұл атақ көзі тірісінде бұйырмай кетті.

Дегенмен 1990 жылы Бауыржан Момышұлына Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Осылайша, біз өз тарапымыздан Рақым­жан Қошқарбаевтың Рейхстагқа бірінші болып ту тіккен батыр екенін әлемге паш етуге тырысып келеміз. Ал кеңес ода­ғының заңды мұрагері саналатын Ресей тарапы бұны мойындады ма?

 

Кім бірінші?

Әрине, көрші ел ресми тұрғыда Его­ров пен Кантарияны Рейхстагқа ал­ғаш ту тігушілер деп санайды. Ресей прези­дентінің 1996 жылдың 15 сәуіріндегі жарлығымен солай бекітілген. Бұған дейін «Кім бірінші болды?» деген сұраққа Ресей Қорғаныс министрлігінің Әскери тарих институты «Бұл мәселеде пікір қайшылығы бар» деп екіұшты жауап қайтарған болатын. Дегенмен кейінгі жылдары бұл бағытта белгілі бір жылымық бары сезіледі. Олай дейтініміз, Ресейдің Сыртқы істер министрлігі бірнеше жылдан бері 30 сәуірде Р.Қошқарбаев пен Г.Болатовтың Рейхстагқа бірінші болып ту тіккені туралы ақпаратты жариялап келеді. Алғаш рет РФ СІМ 2021 жылы жариялаған мақалада былай делінген: «1945 жылдың 30 сәуірінде Рейхстагқа шабуылдау кезінде алғашқы қызыл ту ілінді. Оны 674-атқыштар полкінің жауынгерлері Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Болатов қадады...

Рейхстагты алудағы көрсеткен қай­сар­лығы мен ерлігі үшін Рақымжан Қош­қарбаев пен Григорий Болатов Қызыл Ту орденімен марапатталды. Қошқарбаевқа өзінің Отаны – Қазақстанның Ақмола облысында және ел орталығы Астанада, ал Болатовқа – Киров қаласында ескерткіш қойылған».

Ал биыл 30 сәуірде Ресейдің СІМ жариялаған ақпаратта Рейхстагты алу хронологиясын былайша берген: «Қызыл армияның бөлімшелері қабырғадағы ойықтар арқылы Рейхстагқа басып кірді. Кескілескен қоян-қолтық ұрыс басталды.

Лейтенант Р.Қошқарбаев пен қатар­дағы Г.Болатов қолдан жасалған қызыл туды басты кіреберістің баспалдағындағы бағанға бекітті. Аға сержанттар Г.Загитов, А.Лисименко, А.Бобров, сержант М.Минин Рейхстагтың төбесіндегі «Жеңіс құдайы» мүсініне алғаш болып қызыл туды ілді.

Шатырдың батыс қасбетіне С.Сорокин бастаған 674-полктің барлаушылары үшінші қызыл туды бекітті. Батальон командирінің орынбасары лейтенант А.Берест бастаған 756-атқыштар полкінің барлаушылары сержант М.Егоров пен кіші сержант М.Кантария И.Саян ротасы автоматшыларының қорғауымен зақым­далған Рейхстагтың күмбезіне қызыл туды қадады. Осы ту Жеңіс туы болды».

Иә, Ресей тарихшылары да, саясаткер­лері де соғыстың аяқталуын білдіретін Жеңіс туы Егоров пен Кантарияға тиесілі болғанын айтқанымен, оларға дейін Р.Қошқарбаев пен Г.Болатовтың алғашқы туды қадағанын ақырындап мойындап келеді. 1945 жылы майдан газеттерінде жарияланған алғашқы деректерді оқыған адамның оны мойындамасқа да амалы жоқ. Әзірге олар жалауды біресе баспалдақ бағанына, біресе ғимараттың қасбетіне ілді деп түрлі пікір айтқанымен, сол тудың алғашқы жеңіс белгісі болға­нына көздері жете бастағанына шүбә жоқ.

Біз осы мақаланы дайындау барысында Халық қаһарманының Астана іргесіндегі Қырқыншы стансада тұратын келіні Қалам Темірованың шаңырағына арнайы бас сұқтық. Ол кісі – Р.Қошқарбаевтың інісі Мұқатайдың жұбайы.

«Рақымжан ағатайым соғыстан кейін Алматыда қалды. Бірақ 9 мамырда, басқа да мерекелер кезінде Ақмолаға жиі келетін. Келген сайын үйімізге соқпай кетпейтін. Өте бауырмал, мейірімді адам еді. Жолдасым Мұқатайдың атын атамай, Мұқажан деп отыратын. Тойларда ән айтқанды, қалжыңды жақсы көретін», деп еске алады Қалам апай.

Оның айтуынша, Рақымжан атамыздан Әлия есімді жалғыз ғана қыз туған. Ол қазір көзі тірі, Алматыда тұрады. «Ағатайым бізге соғыс туралы көп айта бермейтін. Білетінім, соғыста екі рет қана кішігірім жарақат алғанын айтқан еді. Бірінші рет шайқас кезінде оқ қабағын жырып өтіпті. «Құдайдың сақтағаны ғой, тек терімді ғана жыртып кетті» деп отыратын. Ал екінші рет аяғына оқ тиіпті. Бірақ ол да аса қатерлі емес. Рейхстагқа ту тіккені жайында сұрасақ: «Бізге бермеді. Бәлкім, сол кездегі елдің басшылығына жақсы көріну үшін қандасына берген шығар» деп қысқа қайыратын еді», дейді Қалам апай.

Шындық қанша жасырылса да, уақыт бәрібір бәрін өз орнына қояды. Фашизммен соғыста ажалмен бетпе-бет келіп, аянбай күрескен Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін де әлемге танытар күн алыс емес.