Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жанынан жасанды интеллект және инновацияны дамыту комитеті құрылды. Бұл мекеме жасанды интеллект технологияларын дамыту саласындағы нормативтік-құқықтық реттеуді әзірлеуге жауап береді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Digital Bridge» халықаралық форумында жасанды интеллектіні нормативтік тұрғыда реттеу қажеттігін айтқан болатын. Қазіргі кезде жүз жиырмадан астам ел бұл мәселені шешу үшін әртүрлі заңнамалық акті қабылдаған. «Біз озық әлемдік тәжірибеге сай келетін, нарықтың қажеттілігі мен азаматтардың мүддесін ескеретін, құқықтық тұрғыдан реттейтін заманауи база әзірлеу ісін жеделдетуіміз керек. Құқықтық шарттар халықаралық компаниялардың біздің нарыққа келуін ынталандыруы қажет. Жалпы, жасанды интеллект құралдарын адамдардың күнделікті өміріне кіріктіру оңай міндет емес. Бұл ретте олардың құқықтары мен бостандықтары бұзылмауы тиіс», – деді Президент. Бүгінде жасанды зерденің даму қарқыны күннен-күнге артып, ауқымы да кеңейіп, бірнеше салаға дендеп еніп жатыр. Алайда игілік үшін жасалған жасанды интеллектінің қиғылық ісі де баршылық. Әсіресе авторлық құқықтың бұзылуы, жалған ақпараттардың таралуы секілді мәселелер күн тәртібінен түспей тұр. Сарапшылар бұл саланы басынан бақылауда ұстамаса, кейін зардабын тартатынымызды жиі айтып жүр. Еуропалық одақ осы мәселелерді реттеуде көшбасшылық танытып келеді. Одаққа мүше елдер желтоқсан айында Еуропалық Кеңес пен Еуропалық парламент мақұлдаған «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойды. Батыс елдері қазір жасанды интеллект арқылы жасалатын шығармалардың авторлық құқығын қорғау жөнінде жұмыс атқарып жатыр. Мәселен, «New York Times» газеті өзінің 3 миллиондай мақаласын пайдаланғаны үшін «OpenAI» мен «Microsoft» компанияларын сотқа бермек. Одан бөлек, дыбыс жазатын «Universal Music Group» ән мәтіндерін рұқсатсыз пайдаланғандықтан «Anthropic» компаниясын айыптаған. Сондай-ақ бейнекөріністер жинақталған «Getty» сайты өзінің қорын көшіріп алғаны үшін «Stability» атты жасанды интеллект компаниясын сотқа берген. Тағы бір маңызды мәселе – жасанды интеллект жасаған туындының авторлық құқығы бола ма деген тақырып. Осы уақытқа дейін жасанды зердеден алынған мәліметтер «иесіз» саналып келді. Бірақ бұл үрдіс жалғаса берсе, авторлық құқық мәселесі де ушыға беретіні анық.
«Жасанды интеллект жасаған контенттің авторлық құқығы туралы мәселе өте күрделі. Қазірдің өзінде бұл тақырып әлемде көптеген талас туғызып жатыр. Негізгі мәселе – жасанды интеллект жасаған дүниелердің авторлығын кімге тиесілі деген сұрақта жатыр. Жасанды интеллект пен оның жасаған контентінің әзірге ресми «иесі» немесе «авторы» жоқ деп қарастырылады. Өйткені жасанды зерде – бұл құрал, оның өзіндік шығармашылығы жоқ. Көптеген елде ЖИ жасаған контентке авторлық құқықты қолдану мүмкін емес деп есептеледі. Себебі оған шығармашылықтың адами элементі қажет. Дегенмен ЖИ жасаған контентті пайдаланғанда, оны дамытушылар мен пайдаланушылар арасында келісімшарт арқылы реттеу мүмкін. Бірқатар ел мен аумақтарда бұл мәселе бойынша заңнамалық тұрғыдан белгілі бір жетілдірулер мен түзетулер жүргізіліп жатыр. Мысалы, Еуропалық одақта және Америка Құрама Штаттарында жасанды интеллект жүйелерінің жасаған жұмыстарын коммерциялық тұрғыда пайдалану үшін лицензиялау және келісімшарттық шарттар арқылы реттеу ұсынылып отыр. Осы арқылы ЖИ жасаған контентті бақылау және оның пайдалануын реттеу мәселелері шешілмек, – дейді ІТ маманы Мейіржан Әуелханұлы.