Кез келген мекеменің басшысы өз жұмысын ұңғыл-шұңғылына дейін зерттеп білуге тырысады. Құрылтайшы немесе басқа да лауазымды қызметтегі азаматтар қаржылық мәселелерге басымдық берген соң, басшыға қойылатын талап күшейді. Сол секілді заманға қарай денсаулық саласының басшылары кәсіби білім-білігімен қатар менеджменттен хабары болса жақсы.
Қазақстан денсаулық сақтау менеджерлерінің қауымдастығы бастамашы болып өткізген дөңгелек үстелде білікті мамандар кадр даярлау саясатына қатысты бірнеше мәселені күн тәртібіне шығарды. Іс-шараны өткізуге Назарбаев университетінің Медицина мектебі де мүдделі болыпты. Онлайн және офлайн форматта өткен басқосуға Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, сала сарапшылары, жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері қатысты. Олар денсаулық сақтау жүйесіне қатысты ой-пікірін қорыта келе салаға менеджер даярлау ісіне қатысты ұсыныс-пікір айтты. Денсаулық сақтау министрлігі ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры Алмагүл Қауышева кәсіби маман даярлауға қатысты қолданыстағы талаптар жөнінде баяндап, ол ережелердің артықшылығы мен кемшін тұстарын қаузады.
– Әуелі маманның базалық медициналық білімі болуға тиіс. Осыдан кейін менеджмент бағытында білімін арттыруды жоспарлағандар немесе келешекте басшылық қызметте еңбек етуді ойлағандар денсаулық сақтау менеджменті бойынша профильді магистратураға оқуға түседі. Мұндағы мәселе сол менеджменттегі кадрларды кім даярлап жатыр деген сауалға келіп тіреледі. Магистратурада білім бағдарламалары шындықтан қашықтау емес пе? Кім сабақ береді? Шын мәнінде емханада жұмыс істеген маман ба? Себебі емханада жұмыс істемеген маман ішкі жүйені біле бермейді ғой. Сондықтан әріптестерді жоғары оқу орындарымен тығыз жұмыс істеуге шақырамын. ЖОО-ның білім беру бағдарламалары жөніндегі комитетіне жұмыс берушілерді қосу керек. Осылайша, сала басшыларына қандай дағдылар керегін білуге болады. Бұл – салаға білікті менеджер дайындаудың бір жолы. Менеджментте білім шыңдаудың бұдан өзге тағы екі жолы бар. Өйткені қазір менеджментті магистратурада жас мамандар оқымаса, салада ысылған немесе басшылық қызметте еңбек ететін мамандарға қиын. Күнделікті сабаққа барып қатысуға уақыт табыла бермеуі мүмкін. Әрі магистратураға оқуға түсу де жеңіл емес. Мұндай жағдайда мамандар курстан өтіп, шыңдалса болады, – дейді А.Қауышева.
Қазақстан денсаулық сақтау менеджерлерінің қауымдастығы салаға менеджер даярлау ісіне қатысы бар тараптардың басын қосқан соң, басшының кәсіби стандарттарына қатысты ұсыныстарға басымдық берілді. Денсаулық сақтау министрлігі сала менеджерлерінің жаңаша білім алып, қиын-қыстау күндерде саладағы мәселелерді жеңіл еңсеретіндей қарым-қабілеті болғанын қалайды. Заманауи менеджерге қаржылық мәселеге, құқықтық сауаттылыққа келгенде терең білім қажет. Оның үстіне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі тұрғындардың медициналық көмектің сапасына қатысты талабы жоғарылады. Сондықтан аталған қауымдастықтың денсаулық сақтау менеджерлерінің кәсіби стандарттарын әзірлеу бойынша үлкен жоба-жоспарлары бар. Онда жаңашыл басшыға қойылатын талаптар, міндеттер қамтылады. Менеджерлерді даярлаудың халықаралық стандарттары басшылыққа алынады.
Дөңгелек үстелге онлайн қосылған Сүлеймен Демирел атындағы университеттің профессоры, қауымдастық мүшесі Нұржан Мұқашев денсаулық саласындағы көшбасшылық, менеджмент жөнінде баяндады. Халықаралық тәжірибелерді мысал етті.
– Бүгінде қауымдастықпен бірге салада білікті басқарушылардың кәсіби дағдыларын жетілдірудің қандай мүмкіндіктері барын түсінуге тырысып жатырмыз. Денсаулық сақтау саласының өзі жылдан-жылға дамып жатқан соң, басқарушыға қойылатын талап күшейеді. Басшылардың білім-білігі сыналады. Басшылар дайын болмаса, қаржылық қиын жағдайға тап болған мезгілде, бетін аулақ, төтенше жағдайда оңтайлы шешім қабылдау қиын болады. Халықаралық зерттеулерге үңілсек, денсаулық сақтау саласында қаржыны шындап тиімді пайдалану, пациенттердің ахуалы жақсаруы сынды мәселелер басшылардың біліктілігіне, тәжірибесіне, басқарушылық қабілетіне байланысты құбылатынын байқауға болады, – дейді Н.Мұқашев.
Негізі Қазақстан денсаулық сақтау менеджерлерінің қауымдастығы 2017 жылы құрылған. 2021 жылғы 26 қаңтарда Әділет вице-министрі Азамат Әмірғалиевтің шешімімен республикалық ұйым мәртебесін алған. Қауымдастық әуелден денсаулық сақтау саласының басшылары үшін көшбасшылық пен инновацияның көзі болуға тырысып келеді. Сондай-ақ қауымдастық кәсіби мамандарды мемлекеттік немесе жеке секторда еңбек етеді екен деп бөле-жармай, денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларына қолдау көрсетуге ниетті екенін байқатып отыр.
Жиында саланың білгір мамандары денсаулық сақтау саласында кәсіби білікті, көшбасшы әрі менеджер маман қандай болуы керек деген сұраққа жауап іздеуге тырысты. Себебі медицина менеджерлерінің кәсіби стандарттарына қатысты ереже-талапта осы ескертулер назардан тыс қалмайды.