• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Жәдігер 11 Мамыр, 2024

Көнеден жеткен теркеш

237 рет
көрсетілді

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұрған кесеқапты 1963 жылы Қостанай қаласының тұрғыны Хәкімбек Қожабеков деген кісі тапсырыпты. Көненің көзіндей болған құнды жәдігер мұражайдың түсім кітабына «дәркез» деген атаумен тіркелген. Хәкімбек қария «101 жас өмір сүрген әжемнен қалған көз еді» деген жазба қалдырыпты. Музей қызметкерлерінің айтуынша, көне жәдігер шамамен ХІХ ғасырдың орта шенінде жасалған.

«Теркеш – форфордан жасалған кеселерді салатын теріден жасалған іші жұмсақ, тысы қатты тұрмыстық бұйым. Ежелде ата-бабаларымыз көшіп-қонған кезде ыдыс-аяғы сынып қалмауы үшін пайдаланған. Оның кесе тәрізді қуыс қалташығы болады, төменгі бөлігі – тегіс. Теркештің сыртқы пішіні жарты шар тәрізді дөңгеленіп келеді, төбесінде қайыс шашағы – қарқарасы және көшкенде аттың қанжығасына байлауға ыңғайлы жалпақ бауы бар. Қалташық беті мен қақпағын бір-бірімен беттестіріп байлауға арналған 5 құлақша қайыс бауы болады. Бес қиықтан пішіп, құрап тіккен. Тысы өрнекпен және металл жіптермен зерленіп, үшбұрыш тұмарша оюы салынған. Ыдыс сынып қалмауы үшін ішкі жағы киізбен қапталған. Негізі мұндай тұрмыстық дүниелерді жасауға көбіне ыстыққа, суға төзімді түйенің терісі пайдаланылған», дейді музейдің ғылыми хатшысы Нәзима Оташева.

Әйет ауылындағы Бейімбет Майлин атындағы тарихи-өлкетану музейінде де үш ұяшықты теркеш сақтаулы тұр.

 

Қостанай облысы