Адам баласын құзар шыңдарға құштар етіп қойған қандай құдірет екені бізге беймәлім, алайда Непал мен Қытайдың ортасындағы, әлемнің ең биік нүктесі – Эвересті бағындыруды армандамайтын альпинист жоқ шығар. Отандық альпинизм тарихында Анар Бұрашева қазақ қыздарының арасында алғашқы болып «Kazakh Everest Team» экспедициясының құрамында Эверестің шыңына шықты. Ол әйгілі отандасымыз Мақсат Жұмаевпен бірге кезекті рет Қазақстан туын Джомолунгма тауының төбесінде желбіретті.
Осыдан 4,5 миллиондай жыл бұрын төбесін мұхит шайған бұл тау туралы аңызға бергісіз ақиқат көп, ықылым заманнан бері оны бағындырғысы келгендер де аз болмаған. Дегенмен ресми түрде 1953 жылы Эверестің төбесіне бірінші болып шыққан Аустралия азаматы Эдмунд Хиллари мен непалдық Тенцинг Норгей деп саналады. Хиллари Эвереске Ұлыбритания, Үндістан мен Неапол елдерінің туын қадап, олардың жоғары жағына БҰҰ жалауын тігеді.
Осыдан кейін араға 23 жыл салып, тарихта тұңғыш рет Эвереске шыққан әйел – жапон қызы Дзюнко Табеи. Эверестің бүкіл тарихында 799 әйел оның басына көтерілген екен. Құзар шыңның бүкіл шежіресінде мыңдаған альпинист Эвересті бетке алғанымен, тек бес мыңдай спортшыға ғана оның төбесіне шығу бұйырған. Ал 288 альпинист осы жорықтан мүлде оралмаған, тіпті осы аса қатерлі сапарға қажетті құрал-сайман, асай-мүсей қымбаттап, жолсеріктердің қызметі шарықтап кетсе де, әлі күнге дейін оның төбесіне өрмелеп шығуды көксейтіндер қатары кеміген емес.
Сонымен, Джомолунгма тауының (Тибетте солай аталады) төбесіне жеткен ең жас альпинистің жасы 13-те, ең ересегі 80 жаста болса, ал бізге тарихта тұңғыш рет қазақ қызының Эвересті бағындырғанын баяндаудың сәті түсіп отыр. Осылайша, 12 мамырда Непал уақытымен сағат 07.25-те құрамында Анар Бұрашева мен Мақсат Жұмаев бар «Kazakh Everest Team» командасы әлемнің ең биік шыңы Эвереске (8 848 м) шыққаны туралы бірінші болып Непалдың Гималайға көтерілуге машықтанған әрі Қазақстаннан келген экспедицияның ресми жолсерігі «Seven Summit Treks» компаниясы сүйінші сұрады.
Айтқандай, 8 мың метрден жоғары биіктіктегі дауыл мен боранға байланысты шыңға шығуға ниеттенген экспедициялардың көпшілігі бағытынан кері қайтса, тек бес елдің альпинистері Гималай тауларындағы діттеген нүктесіне жетіп отыр. Олардың арасында біздің отандастарымыз бар. Мақсұт Жұмаевтың Эвересті осымен үшінші рет бағындырғанын айту парыз.
Жалпы, «Kazakh Everest Team» командасының құзар шыңға көтерілуі бес тәулікке созылды: біздің альпинистер 7 мамырда базалық лагерьден (5 350 м) аттанған соң, алдымен I лагерь (6 100 м) арқылы өтіп, одан кейін II лагерьге (6 400 м), III лагерьге (7 100 м) көтерілді, IV лагерьге (8 000 м) жеткен соң одан әрі Эверест (8 848 м) шыңына қарай тоқтаусыз аяңдап, отандастарымыз әлемнің ең биік шыңына Қазақстан мемлекеттік туын желбіретті.
Сонымен, 12 сәуірде Анар мен Мақсұт IV лагерьде (8 000 м) күрделі сапардан кейін, таудан төмен түсу үшін күш-қуаттарын қалпына келтіріп жатқаны мәлім болды. Альпинистердің жағдайы жаман емес, дегенмен базалық лагерьге түсу үшін біраз әл жинауы керек.
Тамаша тарихи жорықтан оралғаннан кейін мерейлі отандастарымыз альпинистерді арбаған құзар шыңның құпиялары, қызықтары мен қиындықтары туралы сұхбат бере жатар. Ал оған дейін III лагерьге көтерілу барысында «Kazakh Everest Team» командасы «Пуджа» рәсімін жасағанын еске сала кетуге болады. Анар бұл ырым туралы: «Рәсімнен кейін күшті құлшыныс пен барлық көксеген арман орындалуға тиіс деген сезім пайда болды. Пуджа – тауларға көтерілуге, бағындыру мен оралуға бата іспетті рұқсат беру рәсімі», дейді.
Орайы келіп тұрғанда, III лагерьге (7 100 м) радиалдық көтерілу базалық лагерьден (5 350 м) 25 сәуірге қараған түні Кхумбу мұздығы арқылы басталғанын еске сала кетуге болады.
Экспедицияның әрбір мүшесі өзімен бірге ІІ лагерьге арқалап апара алатын рюкзактардың ең шекті салмағы 15 кг болған. Альпинистер шыңға апаратын жолдағы шекті жүктемені ескере отырып, III лагерьге дейін шын мәнінде оңай жетіп, күштерін үнемдеу мақсатында бір-біріне тіл қатпай аяңдап отырған.
Құзар шыңға көтерілу қаншалықты күрделі екенін Мақсұт Жұмаевтың әлеуметтік желідегі жазбасындағы: «Команда мүшелерінің алғашқы түнде екінші базалық лагерьдегі жағдайы қанағаттанарлық. Түн сынақ сияқты. Бас ауырады, ұйқы жоқ. Бірақ бізге сәл жеңілірек, ал көрші шатырдағы ер адамның жағдайы нашар», деген жолдарынан аңғаруға болады.
Анар да Эвересті бағындырудың қиындығы туралы өз парақшасында бөлісіп отырды: «Көтерілу қиын және тек энергетикалық қоспаларды сағат сайын қолдану әдісі әрі қарай жүруге күш берді. III лагерьдің шекті биіктігінен кейін екінші базалық лагерьдің биіктігі «қауіпсіздік биіктігі» ретінде сезіледі».