• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 14 Мамыр, 2024

Шаруаларды алаңдатқан мәселе

190 рет
көрсетілді

Сәуір айының соңына таман таулы өңірдің халқынан маза қашады. Кеген ауданының Ұзынбұлақ, Қарабұлақ, Жылысай, Жалағаш ауылдық округтерінің егіс және шабындық алқаптарындағы шытыр гүлдерін рапс жапырақ жемірі жайлап, өсімдіктің жапырақтарын кеміріп, орасан зор зиян келтіреді. Тұрғындар дабылынан соң, аталған өңірге Алматы облыстық аумақтық инспекциясы мен сала мамандары зиянкеспен күрес жұмыстарын жедел ұйымдастырды. Әкімдік өкілдері мен ауыл тұрғындары бірлесе атқарған улау жұмыстары нәтижесін беріп, аз уақыттың аралығында зиянкестердің көзі жойылды.

«Республикалық фитосани­тарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орта­лығы» РММ Кеген аудандық фи­лиалының алдын ала мәлі­мет­теріне сәйкес Кеген ауданын­да 2900 гектар аймаққа рапс жапырақ жемірі таралған. Кеген ауданы әкімінің орынбасары Мұхтар Батырханұлының айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы аудан­ға дәрі шашатын 2 трактор құрылғыларымен және су таситын көлік жеткізіліп, улау шарасы атқарылды.

Қазір Қарабұлақ ауылдық округінде 2850 гектар егіс­тік алқап бар, оның 395 гек­тары игеріліп жатыр. Ауылдық округ тұрғындарының және шаруа қожалықтарының қаражаты есебінен 1200 гектар жерді дәрілеу жоспарланып, бүгінде 200 гектар жер дәріленген. Алматы облысы әкімдігінің көмегімен 500 гектар жерді залалсыздандыру­ға арнайы техника мен дәрі жеткізіліп, Қарабұлақ, Жалағаш ауылдық округтері­не қарасты егіс алқаптарына себілген. Сонымен қатар шаруа қожалығы төрағаларының және ауыл азаматтарының өз қаражаты есебінен 1000 гектар жер телімін өңдеу жұмыстары ұйымдастырылған.

Алайда рапс жапырақ жемірі Кеген ауданындағы ауылдық округтер аумағында ғана емес, жуырда Ұйғыр ауданында да пайда болды. Қарадала төсінде өрген қара құрт алақандай жермен күнелтіп отырған шаруаларды шошытты. Аудан әкімінің орынбасары Дастан Құдабаевтың ұйытқы болуымен Қырғызсай, Үлкен Ақсу, Шонжы ауылдық округтеріне тиесілі жайылымдық жерлер­ді жайлаған зиянкестерді залалсыздандыру жұмыстарымен сала мамандары, шаруашы­лық иелері бірлесе айналысып жатыр.

Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инс­пекция комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекция­сы басшысының орынбасары Дархан Әбілғазиевтің айтуынша, Үкімет есебінен химиялық өңдеу жұмыстарына қаражат маманданған зиянды организмдерге қарастырылмаған, сондықтан әр жеке немесе заңды тұлға өз күшімен өңдеу жұмыстарын жүргізуге тиіс.

«Мәселенің туындауына шаруа қожалықтарының жер өңдеу шараларын уақтылы жүргізбеуінің де әсері жоқ емес. Аумақтық инспекция – өсім­діктерді қорғау және өсім­діктер карантині саласын­дағы реттеушілік, іске асыру және бақылау-қадағалау, сондай-ақ стратегиялық фунциялар­ды орындауға қатысады. Өсiм­дiк­тердi қорғау саласындағы мем­лекеттiк саясаттың негiзгi мiндетi – мемлекеттің азық-түлiк қауiпсiздiгi мен қолайлы фи­то­санитариялық ахуалды қам­тамасыз ету. Ауыл шаруа­шы­лығы дақылдарынан жоға­ры, сапа­лы өнім алудың бір бөлшегі – өсімдіктерді зиянкес­т­ерден, аурулардан және арам­шөптер­ден қорғау. Ел аумағында жайылымдар мен ауыл шаруашылығы дақыл­дарына зиянкестердің 50-ге жуық көпқоректі, яғни қорек талғамайтын және 100-ден аса мамандаған түрі, өсімдіктердің 70-ке жуық ауруы және 120-дан аса арамшөп зиянын тигізеді. Зиянды организмдер мәдени дақылдардың тек қана өсіп-өну кезінде ғана емес, сонымен қатар оларды сақтау кезінде және олардан алынған дайын өнімдерге де зақым келтіреді», дейді.

Айтуынша, Алматы облысында карантин нысаны­ның 8 түрі тіркелген, олар – оңтүстікамерикалық қызанақ күйе көбелегі, калифорниялық қал­қаншалы сымыры, шығыс жеміс жемірі, қоңыр мәрмәр қан­дала, арамшөптерден жата­ған у кекіре, жусанжа­пырақ­ты ойраншөп, арамсояу және бактериялық жеміс ағашының күйігі ауруы.  

Атал­ған карантин нысандарына қарсы мемлекеттік инс­пекторлар тарапынан шаруа­шылықтар мен құзырлы мекемелерге тиісті іс-шаралар жүргізу жөнінде нұсқамалар беріледі. Өткен жылы 95 нұсқама және 125 ұсыным хат берілген.

Маман сонымен қатар өңір­дегі шегірткеге қарсы күрес ша­ра­лары туралы да айтып өтті.

«Алматы облысы бойын­ша республикалық бюджет есе­бі­нен ерекше қауіпті шегірт­ке тектес зиянкестерге қарсы биыл жүргізілетін өңдеу жұмыстарының алдын ала болжам көлемі – 67,654 мың гектар, оның ішінде азиялық шегірткеге – 10,040 мың гектар, ал италиялық прусқа қарсы химиялық өңдеу көлемі 57,614 мың гектарға жоспарланып отыр. Осы жылы аса қауіпті үйірлі шегіртке зиянкестеріне қарсы жұмыстарға 10 жерүсті техникасы, 1 жеңіл ұшақ, 3 аса жеңіл ұшақтардың қатыстырылуы жоспарланып отыр. Облыс бойынша жергілікті бюджет есебінен саяқ шегірткеге қарсы 2024 жылы жүргізілетін өңдеу жұмыстарының алдын ала болжам көлемі 41,589 мың гектар болып бекітілді. Мониторинг қорытындысына сәйкес Алматы облысы бойынша аса қауіпті үйірлі шегірткелердің таралған аймақтарының арнайы картасы жасалды», дейді.

 

Алматы облысы