• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Өнер 13 Мамыр, 2024

Қылқалам қуаты

197 рет
көрсетілді

Өнер – адам таңдамайтын құбылыс. Жаратылыстың жарқын тұстарын жүрекпен сездіріп, қиял әлемін елден ерек танытып, адамның қолына құ­дірет бітіретін дүние. Пендені ғаламмен, жаратылыспен, қор­шаған ортамен табыстыратын нәзік қыл – сезім иесі болу. Әйтсе де екінің біріні қолынан келе бермейді.

Керекулік суретші, Мә­дениет қайраткері Рыс­бек Стыбаев бір қарағанға қарапайым жан. Бүгінде құр­мет демалысына шы­ғып, зейнетін көрер шақ­қа жетсе де ізденістен танба­ған, шалқар шабытынан жаңыл­маған. Өңірлік қазақ театрының декорациялық тұрғыдан дамуына, облыс­тағы сурет пен интерьер, мү­сін жасау өнерінің ілгері басуы­на ұзақ жылдар еңбек сіңірді. Ол кісінің қолтаңбасы болып саналатын өнер туындылары қазір облыстың әр түкпірінде, шекара бойын­да, қала көшелерінде жарқырап, көргендердің көзін қуантып тұр.

Рысбек Шайкенұлы елі­міз тәуелсіздік алған жылы Алматы театр және кино инс­ти­тутын (қазіргі Темірбек Жүр­генов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясы) ин­терьер және жабдықтау мамандығы бойынша тәмам­дап, бірден туған елі – Ке­рекуге қайта оралды. Мұн­да келе сала жергілікті Су­рет­шілер одағына жұмыс­қа тұрды. Павлодар қала­сы мен өңірдің өзге ша­һар-аудан­дарындағы ғима­рат­­тар­ды безендіруге, ин­терьерлік дизайнын әзірлеу­ге атсалысты.

– Кеңес заманында, кейін Қазақстан өз алдына егемен ел болған уақытта жаңадан салынған ғимараттардың интерьерлік дизайнын жа­сауға айрықша мән берілетін. Яғни маман ретінде сәулетті ғимараттардың ішкі безен­дірілуін, қабырғасының әр­ле­н­уін, қандай өрнектер мен суреттер салынатынын, тіпті төбесіндегі және еде­нін­дегі өрнектердің қан­дай болатынын алдын ала су­ретке түсіріп, жоба ре­тін­­де ұсынатынбыз. Ол жер­­­де жергілікті климат жағдайлары ескерілуі керек. Мысалы, қысы суық теріскей өңірде кез келген ғимараттың сырт кейпінің өзі адамға жы­лу сыйлап тұруға тиіс. Әл­гі жобалардың эксизін жа­сап, жобалаушыларға ұсы­­намын. Көп эскиздерім түзетілместен қабылданып жүрді. Бұл институтта ал­ған негізгі мамандығым бол­ған­дықтан бастапқыда осы өнер түріне ден қойдым. Дей­тұрғанмен бойда тұрған суретшілік өнерді қойып қоя алмайсың ғой. Түрлі симпозиумдерге, халықаралық, республикалық көрмелер­ге қатыса жүріп, тәжірие жи­нақтадым. Суретшілік қа­білетім де ашылды, – деп әң­гімеледі ағамыз.

Сонау 1993-1994 жылдары министрліктің тапсырмасы бойынша Р.Стыбаев өзге әріптестерімен бірле­сіп, Қазақстанның Ресейдің Омбы, Новосібір облыстарымен, Алтай өлкесімен шектесетін тұстарына «Қа­зақ­стан» деген жазу мен Ел­таңба бейнеленген үл­кен мөр-белгілер жасады. Ол уа­қытқа дейін екі мемлекет арасындағы бұл аумақтарда ешбір белгі бол­мағаны мәлім. Сөйтіп, ше­карамыздың шегенделіп, бү­тін ел екенімізді көрсететін алғашқы мемлекеттік белгі­лер орнатылды. Мүсіншілік қабілетінің одан өзге де нәти­желері – түрлі бейнелер мен фигуралар бүгінде Павлодар қаласында, Баянауылда ор­на­тылған.

Суретшінің қолынан шық­қан халық өмірі мен салт-дәстүрін, табиғат пейзаждарын, жеке адамдарды суреттейтін картиналары аса танымал. Салған сурет­терінің басым бөлігі еліміздің музейлерінде, Германия, Бі­ріккен Араб Әмірлікте­рі, Ресей мем­лекеттерінде сақ­таулы тұр. Соңғы жыл­дары жерлес тарихи тұлға­лар­дың пор­треттерін салумен шұғыл­данып жүр. Жуықта әйгі­лі кентанушы Қо­сым Пі­шенбаевтың, Ертіс-Баян өңірінің танымал балалар ақыны Мүбәрак Жаман­балиновтың порттерін салып шықты.

Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театры суретшінің өмірінде үлкен із қалдырды десе болғандай. Өнер ұжымында сонау 1993 жылдан бері еңбек еткен Рысбек Шайкенұлы жалпы саны 51 спектакльдің декорациясын жасаған. Бұл – біле білгенге өте ауқымды шаруа. Әр қойылымдағы сах­налық безендіру, түрлі конс­трукциялар, суреттік пі­шін­дер, театр актерлерінің киімі, қойылым афишасы – осының барлығы театр бас суретшісінің қолтаңбалары. «Облыстық театрда арасына аздап үзілістер жасай жүріп, 2016 жылға дейін бас суретші болып қызмет еттім» дейді қылқалам шебері.

Өнер иесі бүгінде зейнет жасына қарамастан еңбек етуін жалғастырып жатыр. Бұқар жырау атын­дағы әде­биет және өнер музейінде түрлі көрмелердің декорациясын әзірлеуге жауап­ты. Ол кісінің ұйымдас­ты­руымен саяси қуғын-сүр­гін құрбандарына, Жел­тоқ­сан көтерілісіне, Екінші дүниежүзілік соғыс тақыры­бына арналған ерек­ше үлгі­дегі көрмелер өткі­зілді. Өт­кен жылы Ж.Ай­мауытов негізін салған «Мә­де­ни кін­дік» тарихи ауылы­ның үлгі­сін жасап шықты.

Қажырлы суретшінің ұзақ жылғы еңбегі ескеріліп, Мәдениет қайраткері атанды, «Павлодар облы­сы алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен мара­патталған.

 

Павлодар облысы