Қызылордаға жаңа стадионның керектігі осыған дейін де талай мәрте айтылып жүрген мәселе еді. Салынғанына 60 жылға жуықтаған бұрынғы ғимараттың көнелігі көзге ұрып тұратын. Қазақстан халқының бірлігі күні қаланың сол жағалауынан жаңа стадионның іргетасы қаланды. Осыған орай ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, ардагерлер мен спортшылар қатысты.
«Мемлекет басшысы «Бәріміз – бір елдің азаматымыз. Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру» деген болатын. Бүгінгі бастама да елдің ертеңін бірге қалыптастырудың қадамы десек қателесе қоймаспыз.
Облыс орталығындағы салынғанына 60 жылға жуықтаған Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионның УЕФА талаптарына сәйкес келмейтіні бұған дейін талай мәрте айтылып, сүйікті командамыз «Қайсардың» жанкүйерлері жаңа стадион салу жайлы ұсыныс та жолдап келген. Соны жүзеге асырудың сәті бүгін түсіп отыр. Мереке күні өздеріңізбен бірге халықаралық талаптарға сай келетін, 10 мың орындық жаңа стадионның іргетасын қалаймыз. Жалпы, кейінгі 30 жылда елімізде заманауи екі стадион, «Астана арена» мен «Түркістан арена» ғана салынғанын білесіздер. Енді солардың қатарына Қызылорда стадионы да қосылады», деді аймақ басшысы.
Футболдан Қазақстан құрама командасының капитаны Асхат Тағыберген жерлестерін құттықтап, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов бата берді.
Биыл Қызылорда қаласында құны 2 млрд 700 млн теңге болатын үстел теннисі орталығының құрылысы жүріп жатыр. Халықаралық стандарттарға сай келетін жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Стадион салынатын ауданнан физика-математика мектеп-интернаты, Оқушылар сарайы және музыкалық колледждің ғимараттары бой көтеріп келеді.
Былтыр өңірде 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне табысталса, биыл аудандарда 4,7 млрд теңгеге 12 спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қызылорда