Украинаның оңтүстік-шығыс өңірлері халқы тарапынан үлкен ризашылық сезімдерін туғызды
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, ел Үкіметі тарапынан Украинаның оңтүстік-шығыс өңірлеріне ресми гуманитарлық көмек көрсету үшін ақшалай және материалдық ресурстар бөлініп отыр, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Мәселен, Қазақстан Республикасынан Украинаға жалпы сомасы 69 727 875 теңгенің азық-түлік өнімдері жөнелтілген болса, ол үстіміздегі жылдың 10 қаңтарында тапсырылды. Атап айтқанда, 127 875 қалбыр ет консервілері, 40 тонна қант, 150 тонна қарақұмық және 36 000 литр өсімдік майы берілген болатын.
Гуманитарлық жүкті Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметінің өкілдеріне Луганск облысының Северодонецк қаласында Луганск облыстық мемлекеттік әкімшілігі басшысының орынбасарлары В.Е.Грицишин мен О.П.Лишниктің, Украина Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызмет басшысының бірінші орынбасары А.П.Бойконың, Халықаралық ұйымдар өкілдері, атап айтқанда, Халықаралық Қызыл Крест комитетінің, БҰҰ-ның, «Халықаралық көмек және даму» ұйымының, «Александр Романовский» қорының, сондай-ақ, Украина мен Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуларымен өтті.
Қазақстан тарапынан шараға Қазақстанның Украинадағы елшілігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің мемлекеттік материалдық резервтер жөніндегі «Резерв» РМК өкілдері қатысты.
Қазақстан Республикасы елшілігінің Украинадағы кеңесші-елшісі А.Оспанов Украина тарапына сыйлық сертификатын тапсырып тұрып былай деп атап өтті: «Бүгін Украина өзінің қалыптасуы мен дамуындағы күрделі кезеңді басынан өткеруде. Осындай жағдайда Қазақстан сыртта қала алмайды. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Украинаның оңтүстік-шығыс өңірлеріндегі мұқтаж адамдарға жалпы сомасы 380 000 АҚШ доллары тұратын тек азық-түлік өнімдері жіберілді». А.Оспанов Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі мен Луганск облысы әкімшілігінің үйлесімді және жедел жұмысын атап көрсете келіп, аталған гуманитарлық көмекті бөлу үдерісінде халықаралық ұйымдардың нақты көмек қолын созатынынан үміттенетінін жеткізді.
Украина тарапы Қазақстан халқына көрсетілген көмегі үшін шын көңілден шыққан ризашылықтарын білдірді. Атап айтқанда, Луганск облыстық мемлекеттік әкімшілігі басшысының орынбасары Владимир Грицишин былай деп атап өтті: «Ризашылық сезімі ернеуінен асып-төгіліп тұр. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, қазақ халқына қиындықтарды түсінгендері үшін ризашылық білдіргіміз келеді... Біз сіздердің көмектеріңізге қуаныштымыз, қазақ халқының қолдауы бізге қазіргідей күрделі кезеңде өте маңызды. Бұл укрианалықтардың жалғыз еместігін, өзара түсіністік бар жерде істің оңғарылатынын аңғартады. Біз өте ризамыз».
Өзінің ризашылығын, сондай-ақ, Луганск облыстық мемлекеттік әкімшілігі басшысының орынбасары Ольга Лишик те білдірді: «Бүгін Украина Қазақстан Республикасынан қайырымдылық көмегін алып отыр, бұл біз үшін, оның ішінде қазіргі кезде белсенді ұрыс-қимылдары жүргізіліп жатқан, бейбіт тұрғындар зардап шегіп отырған біздің Донецк және Луганск облыстары үшін айтарлықтай қолдау болып табылады. Осындай көмекке бастамашылық танытқаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысымды білдіремін», деді ол.
2014 жылдың 6 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің тарапынан Украинаның гуманитарлық қажеттіліктері үшін Халықаралық Қызыл Крест комитетіне 30 000 АҚШ доллары көлемінде атаулы мүшелік жарна аударылған болатын.