Алматы облысының прокуратурасы түзету мекемелеріне тексеру жүргізді. Нәтижесінде сотталушылар елеулі заң бұзушылық әрекеттерін жасағаны анықталды, деп жазады Egemen.kz.
Сотталғандар, ұялы телефондарды пайдалану арқылы онлайн сатып-алу, кредиттерді рәсімдеу және букмекерлік кеңселер мен онлайн-казино арқылы құмар ойындарға қатысқан. Сотталғандар осындай заң бұзушылықтар үшін 3 млрд теңгеден асатын қаржысын айналымға қосқан.
№10-шы мекемеде жазасын өтеушілер мобильді құрылғыларды қолдана отырып, рұқсат етілген және тыйым салынған заттарды мекеме ішінде сатқан.
Аталған дерек бойынша Алматы облысының прокуратурасы ҚК-нің 361-бабы 2-1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізген.
Іле аудандық сотының үкімімен осы мекеменің үш қызметкеріне түрлі жазалау шаралары қабылданды.
Бұдан басқа, облыс прокуратурасы №12 және №57 мекемелердің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. №57 мекеме бастығына қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Прокуратура тергеу амалдары жалғасып жатқанын мәлімдеді.