Шарайна
Хорватияның іс басындағы президенті Иво Йосипович президенттік сайлаудың екінші туры қорытындылары бойынша өзінің жеңілісін мойындады. Сөйтіп, Хорватияда елді алғаш рет әйел президент басқаратын болды. Ол – Колинду Грабар-Китарович.
Грабар-Китарович билікке оппозициядағы оңшылцентристік «Хорват демократиялық достастығы» партиясының өкілі болып табылады. Ал сайлау барысына келсек, Хорватия мемлекеттік сайлау комиссиясы хабарлағандай, екінші турда іс басындағы президент Йосипович Грабар-Китаровичке сәл ғана басымдықпен жол берген. Нақтылай түссек, Грабар-Китарович сайлаушылардың 50,42 пайыз дауысын жинаса, Йосипович 49,58 пайыз дауыс алған. Айырмашылық болмашы ғана.
Қос Корея президенттері кездесе ме?
Оңтүстік Корея президенті Пак Кын Хе КХДР көсемі Ким Чен Ынмен ешқандай алдын ала шарт қоюсыз кездесуге келісімін беретінін хабарлады. Пак Кын Хенің сөзіне қарағанда, ол кіммен болса да кездесуге дайын, тек екіге бөлінген бір халықтың жан азабын жеңілдетіп, бейбіт бірлесуіне қол жеткізуге алғышарт жасалса болғаны.
Бірақ Оңтүстік Корея президенті ұлттық қауіпсіздік туралы заңның сақталуы қажеттігін атап көрсетті. Сонау 1948 жылы қабылданған бұл құжат Солтүстік Кореяны антимемлекеттік ұйым ретінде айқындайды және оған кез келген ықпал ету қылмыстық жазалануды меңзейді. Ал өзінің жаңажылдық сөзінде КХДР көсемі Ким Чен Ын да 2015 жылы Пак Кын Хемен кездесу ниеті бар екенін жеткізген болатын.
Нетаньяху еврейлерді еліне шақырды
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Франциядағы еврей қоғамының мүшелеріне Израильге тұрақты тұру үшін көшу ұсынысымен қайырылды. Бұл ретте ол репатрианттарды мемлекеттік деңгейде қолдауға уәде берді.
«Израиль мемлекеті – тек сіздер шоқыну кезінде қайырылатын орын емес, Израиль мемлекеті – бұл сіздердің үйлеріңіз. Израильге көшкісі келетін барлық еврей мұнда құшақ жая қарсы алынады. Сондай-ақ, біздің және сіздердің де елдеріңіз болып табылатын мемлекетте бейімделулеріңізге көмектесетін боламыз», деді өз сөзінде Б.Нетаньяху. Жақын күндері Франциядан және Еуропаның басқа да елдерінен келетін еврейлерді қосымша қолдау бойынша шаралар тізбегі түзілмек екен. Ал былтыр Израильге тұрақты тұруға көшіп келгендер саны 26,5 мың адамды құрапты.
Алты адам залалсыздандырылды
ҚХР-дың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданында жарылғыш құрылғыларды іске қосуға әрекеттенген алты адам залалсыздандырылған. Бұл туралы «Синьхуа» агенттігі хабарлады. Қамауға алынғандардың бірін жергілікті тұрғындар Шулэ уезінің сауда орамында көрсе керек.
Аталған ер адамды ұстауға кіріскен сәтте ол тәртіп сақшыларына қолындағы балтасымен тап берген және жарылғышты іске қосуға әрекет жасаған. Жарылғыш құрылғының қандай үлгіде екендігі туралы айтылмайды. Алғашқы күдіктіні ұстау кезінде сол маңда жүрген тағы бес жанкешті де өздерінің денелеріне жасырылған бомбаларды жаруға тырысқан. Полиция қызметкерлері оларды да залалсыздандырыпты. Тәртіп сақшылары мен бейбіт тұрғындар арасында құрбандықтар туралы ақпарат жоқ.
Терроршының зайыбы Сирияға қашыпты
9 қаңтар күні Париждегі супермаркеттің бірін басып алған терроршы Амеди Кулибалидің ықтимал серіктесі Түркия аумағы арқылы Сирияға қашқанға ұқсайды. Бұл туралы Түркия сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлы хабарлады.
Министрдің сөзіне қарағанда, Хаят Бумедьен Мадридтен Ыстамбұлға 2 қаңтар күні келсе, 8 қаңтарда Түркия-Сирия шекарасын қиып өткен. Лаңкестік жасалған уақытта аталған әйел Франция аумағынан тыс жерде болса да елдің ішкі істер министрлігі оны қылмысқа дайындыққа қатысы бар деп есептеп отыр. Еске сала кетсек, 9 қаңтар күні Калашников автоматымен қаруланған Амеди Кулибали Париждегі супермаркетке баса-көктеп кіріп, кепілдікке адамдар алған еді. Ұстау кезінде ол 4 кепілдіктегі адамды атып өлтірсе, кейін өзі де жан тапсырған болатын.
Зорлықтан көз жұмған бала саны – 650
Американың Техас штатының басшылығы отбасындағы жүрдім-бардым қатынас пен зорлық-зомбылық салдарынан жүздеген бала қаза тапқанын жария етті. Мәселен, 2010-2014 жылдар аралығында аталған штатта 655 баланың көз жұмғаны белгілі болып отыр.
Өлген балалардың жартысына жуығы билік талай мәрте наразылық білдірген отбасыларынікі екен. Бұл ақпараттарды штаттың отбасы істері жөніндегі департаменті таратты. 2009 жылдан бері 50-ден астам әлеуметтік саланың қызметкерлері прокуратура органдарына ақпараттарды дәл бермегені белгілі болып отыр. Осылайша кем дегенде департаменттің бұрынғы 4 қызметкеріне лауазымдық қылмыс жасады деген айып тағылған. Статистика деректеріне сүйсенсек, 2012 жылы бүкіл АҚШ бойынша зорлық-зомбылық пен жүрдім-бардым қатынастан 1640 бала көз жұмыпты.
Қысқа қайырып айтқанда:
*Жемқорлық жасады деген күдікпен Қытай Халық Республикасы мемлекеттік қауіпсіздік министрінің орынбасары Ма Цзянь қамауға алынды. Әзірше оған нақты қандай күдік келтіріліп отырғаны белгісіз. Белгілісі – оның қауіпсіздік органдарында 30 жылдан астам жұмыс істегені.
*АҚШ президенттігіне Республикалық партиядан бұрынғы кандидат Митт Ромни 2016 жылғы мемлекет басшысы сайлауына түсуге де дайын екенін мәлімдеді. Бұл оның елді басқаруға деген үшінші әрекеті болмақ. Ромни президент болғысы келетінінің себебін халықаралық жағдайдың нашарлауымен және АҚШ экономикасының төмендеуімен түсіндірді.
*Мамандар 28 желтоқсан күні апатқа ұшыраған AirAsia әуе кемесінің екінші «қара жәшігі» қай жерде жатқаны белгілі екенін хабарлады. Индонезия көліктегі қауіпсіздік жөніндегі ұлттық комитетінің бас тергеушісі Марджоно Сисвосуварноның сөзіне қарағанда, аппарат ұшақтың өзінде жатыр. Жақында ғана бірінші «қара жәшік» табылған еді.
*Испания үкіметі Шенген келісімін өзгертіп, елдер арасында шекаралық бақылау енгізу қажет деп есептеп отыр. Бұл туралы Корольдіктің ішкі істер министрі Хорхе Фернандес Диас мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, соңғы кездері Еуропа елдеріне күдікті адамдар емін-еркін кіріп-шығатын болған. Мұндайға алдағы уақытта мүлдем жол беруге болмайды.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.