• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Әдебиет 14 Мамыр, 2024

Шәміл, Расул һәм Шәпи

34 рет
көрсетілді

Дағыстанның даңқты ұлдарын дәріптеген аңыз-әпсаналар көп. Соларды естігенде еріксіз сүйсініп, өзіңді Қап тауының қырандарындай сезінетінің қалай екен? Қиялың қияларға самғап, рухың көтеріледі. Кеудеңді керемет намыс кернейді.

Әсіресе отыз жыл аттан түспей орыс отаршылдарымен айқасқан Имам Шәміл ерлігін толғаған ер­тегіге бергісіз әңгімелердің әсе­рін айтып жеткізе алмайсың. Ол туралы алғаш мектепте тарих оқу­­лығынан оқып білдік. Жарық- т­ық­тың жарқын бейнесін де содан көрдік. Әрине, онда азаттық арыстаны сүйкімсіз кейіпте су­реттелетіні белгілі. Дегенмен де тарихи тұлғаға байланысты там-тұмдаған деректер кеңестік идеология сарыжұрт қылған са­намыздың түкпірінде қалып қой­ған еді.

Кейін есейе келе Расул Ғамзат­овтың «Менің Дағыстаным» атты шұрайлы шығармасы арқылы ұлт-азаттық көтерлісінің көшелі көсемін кеңірек таныдық. Ақын­ның әкесі, Сталиндік сыйлықтың лауреаты Ғамзат Цадаса баһа­дүр­ге бағыштап поэма арнағанын, өзінің жолын қуған баласының жастықпен жаңсақ басып, сол кездегі солақай саясаттың ке­сірінен жағымсыз жыр жазып Шә­мілге тіл тигізгеніне өле-өл­ген­ше ренжіп өткенінен хабардар болдық.

Шәмілмен тізе қосып бірге шайқасқан, сенімді серіктерінің бірі, бірақ араларында араздық туып, ат құйрығын кесісіп тын­ған Қажымұрат жайындағы Лев Толстойдың әйгілі хикаяты «тізер­леп өмір сүруден тік тұ­рып өл­генді» артық санайтын тау­лық­тардың айбынын одан сайын асқақтатып жібергені әмбеге аян.

Бірде менің қолыма белгілі авар қаламгері Шәпи Қазиевтің Мәс­кеудегі «Молодая гвардия» баспасынан «ЖЗЛ» сериясы бо­йынша жарық көрген «Имам Шамиль» ғұмырнамалық кітабы түсті. Кавказдың арғы-бергісін ақтарып, туған халқының бостан­дығын ту етіп көтерген есіл ерлер әруағын тербеп, патшалы Ресейдің жасыл жайлауында жайымен жатқан еркіндік сүйгіш елдерді жаулау жолындағы жа­уыздық әрекеттерін жазғы­рып, Пушкин, Лермонтов, Толстой, Грибоедов секілді орыс әдебиеті классиктерінің шығар­мала­рын­дағы асқар шыңдар мен асау өзендер өлкесінің өр мінезді перзенттері төңірегінде сөз қоз­­ғаған жазушының қалам қуа­ты бізді бірден баурап алды. За­манымыздың заңғар тұлғасы туралы дүниелер міне, осылай жа­зылуға тиіс деген ой түйдік. Мұнда басты кейіпкердің өмірі мен ерлік пен өрлікке толы өмір жолы, дербес имамат құ­рудағы ішкі және сыртқы саясаты, арман-аңсары, бәрі-бәрі байыпты баяндалған. Қысқасы, оқырманның ой-өрісін кеңейтер дерек пен дәйектер молынан қамтылған.

Басқыншылардың бақай­шағына дейін қаруланған қа­лың әскері ақыры көптігін көр­сетіп көтерілісшілерді басып жаншыды. Барар жер, басар тауы қал­маған қаһарман қол­басшы құр­метті тұтқынға айналады. Содан оны Санкт-Петербургтегі патша сарайына жөнелтеді. Император қа­былдауында болады. Ата жауы­на айналған атышулы генерал Ермоловпен де кездескен. Алек­сандр біріншіге Кавказды жарты жылда жаулауға уәде беріп, артынан арам ойы жүзеге аспай жігері құм болатын, әйтсе де әйгілі Пушкинге «Поникни снеж­ною главой, смирись, Кавказ: идет Ермолов» дегізген жауыз жан­дарал Имам­ның иман үйі­­ріл­ген нұрлы жүзіне қалай дәті ба­рып қарағанын кім біл­сін. Сірә, ол өзінің отандасы М.Ю.Лер­монтовтың Кавказ ха­қындағы: «...Там за добро, и кровь за кровь, и ненависть безмер­на, как любовь» деген өлең жол­дарындағы өсиет іспетті ескертпені есіне мүл­дем алмаса керек.

Айпақшы, аталған туынды авторы Шәпи Қазиев 2010 жылы қазан айында Астанада өт­кен Рухани келісім конгресіне келді. Жан-жақтан жиналған жақсы-жайсаңдардың арасынан жазушыны тауып алып сырлы сұхбат құрғанымыз,  «Имам Шәмілдің» алғашқы бетіне қолтаңбасын қойдырып алған сәулелі сәттерді сірә, еш­қашан ұмытпайтын шығармыз. Абзал аға сонда авардың тағы бір дүлдүлі, дү­рілдеген атағы айдай әлемге жайылған Расул Ғам­затов та ұлықтауға лайық еке­нін айтқан-тұғын.

Араға аз ғана уақыт салып, «ЖЗЛ» сериясымен «Расул Ғам­затов» жарқ ете қалғанда әжеп­тәуір қуанып қалдық. Алапат ақын­дығы өз алдына, ұлтына адал қызметімен, сөздің сөлін ағызар шешендігімен, қай-қайдағыны тауып айтар тапқырлығымен, кейде кеңестік ұстанымдарға кереғар қиямпұрыс мінезімен талайларды таңдандырған тамаша тағдыр иесінің ғибратты ғұ­мырынан сыр шертетін елеулі ең­бек көзіқарақты көпшілік көңі­лінен шыққаны анық.

Ірілер шеруін ілгерілеткен Шәпи Қазиев іле-шала «Краски изгнания» дейтін романын жариялапты. Оны оқи алмадық. Білуімізше, дүние­жүзілік дең­гейдегі дағыстандық суретші Ха­лилбек Мұса­ев жайында жа­зылған көрінеді. Бұл өзі ақ пен қызыл арпалысқан Қазан төң­керісінен кейін амалсыз туып-өскен же­рінен ауа көшіп, Алмания асқан, Мюнхендегі Король академия­сына түскен, оны үздік бітіріп, Парижге тағылымдамаға жібе­рілген көрнекті қылқалам шебері. Әлем әдебиетінің алыбы Томас Манн мен Франц Дуба сияқты сурет сүлейінің қамқорлығын көр­ген. Кемеліне келіп, кер жор­ғасына мінген кезде Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, басымен қайғы болып кеткен. Ақыр соңында гитлершілермен сыйыспай, Аме­рикаға аттанған. Ел-жұртын сағынғаннан талай тамаша картина салған.

Мәскеуде тұрса да, Дағыс­танына адал болған Шәпи Қазиев бүгінде арамызда жоқ. Кіндік қаны тамған ауылынан топырақ бұйырды. Аруағы шат болсын деп, осынау шағын мақаланы жазып отырмыз.