Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының қыз-келіншектері Гиннестің рекордтар кітабына енген. Мың күбіге 10 мың литр қымыз құйып, бір мезетте піскен арулар әлемді таң қалдырған.
Игі іс Жаңаарқа ауданының 90 жылдығы және Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырылған. Әлемдік рекорд орнату үшін аудандағы 14 ауылдан мыңға тарта келіншек жиналған. Ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектер 10 тонна қымызды мың күбіге бөліп құйып, бір мезетте жарыса пісті. Оқиғаны Гиннестің рекордтар кітабына тіркеу үшін Кубадан арнайы келген Юделькис Диас әлемдік рекорд орнатылғанын ресми түрде растап, қуанышын білдірген.
856 кило бауырсақ
Гиннестің рекордтар кітабына енген отандастарымыз көп. Әсіресе ұлттық құндылықтарды әлемге танытқандар көз сүйсіндіреді. Сондай ерекше рекордтың бірі – Алматы тұрғындарының жасағаны.
2014 жылы Алматы тұрғындары «Аналар күнін» тойлау барысында 856 кило бауырсақ пісірген. Оны дайындауға барлығы 650 кг ұн, 650 литр өсімдік майы, 450 литр су, 15 кг тұз және 15 кг қант кетті. Бұл оқиға рекордтар кітабына «Ең көп пісірілген және желінген бауырсақтар» деген атпен енген.
10 мың домбырашы
Қоңыр домбыраны қолға алып, әуелетіп отырған күйшіні көрсек, көңіліміз көншіп қалады. Ал 10 мың домбырашы бір мезетте күй тартса ше.
2010 жылы Қытайдың Ұйғыр автономиясында тағы бір рекорд тіркелген. Бұл жолы 10 мың домбырашы бір сәтте қазақтың «Кеңес» күйін орындап, әлем назарын аударды. Ал 2011 жылы жастар жаппай «Қара жорға» биін биледі. Бұл еліміздің Тәуелсіздік күніне арнайы дайындалған сыйлығы-тұғын. Кейін аталған флешмоб Гиннестің рекордтар кітабына тіркелді.