Қазақстан спортшысы Елдар Шекербек Испаниядағы Балеар аралдары маңында Жерорта теңізінде өткен ашық суда жүзуден OCEANMAN 2024 SPAIN чемпионатының кезекті жарысына қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Біздің спортшымыз 10 шақырым қашықтықты жүзіп өтіп, алтын медаль жеңіп алды.
Чемпионатқа Мексика, Аустралия, Ұлыбритания, Испания, Италия, Македония, Франция, Египет, Польша және басқа да 30 елдің жүзушілері қатысты.
Елдардың айтуынша, 10 шақырымға жүзу тартысты өтті. Қатысушылар өте күшті және жеңіске деген ынталары жоғары болды.
«Oceanman» халықаралық жүзу жарыстары теңізде немесе ашық суда өткізіледі және салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар арасында жыл сайын танымалдылығы артып келеді. Oceanman - бұл жыл сайын әлемнің әртүрлі бөліктерінде бірнеше жарыстар өтетін бірлескен чемпионат. Біліктілік жүйесінің ережесі бойынша әр кезеңнен алғашқы 10 әйел мен 10 ер адам финалға автоматты түрде өтеді.
Елдар Шекербек - 2,5 және 10 км қашықтықтағы Қазақстанның қазіргі чемпионы, 5 км жүзудегі Азияның абсолютті чемпионы, 3*500 м эстафетада әлем чемпионы, 10 км қашықтықтағы Парсы шығанағында жүзудің күміс және қола жүлделерінің иегері, 2023 жылғы Универсиаданың (БАӘ) жеңімпазы.