• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Қаңтар, 2015

Алғашқы мұғалім

713 рет
көрсетілді

ХХ ғасырдағы атышулы қырғын кәмпеске, алапат ашаршылық, сталин­дік жойқын қуғын-сүргін сияқ­ты қанқұйлы оқиғаларды көзі­мен көріп, баршасын бастан кешір­ген, кәміл пір қолдап ғасыр жаса­ған ұстаз-абыз Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі, КСРО Халық ағарту ісінің үздігі, Шет ауданының құрметті азаматы Шәукей Жұқанұлымен Ақсу-Аюлы кентінде өзінің қарашаңы­рағында жүздесіп, дидарласып – сырласқанымның өзі бір ғанибет! Бұл – 2014 жылдың тамылжыған тамыз айының 14-ші жұлдызы еді. Аталық, ұстаздық, кісілік, біліктілік қасиеттері мол, толқынды шашы толқынды ойынан хабар бергендей көкірегі даңғыл, шежіреші Шәукен қария Тағылы-Бұғылы тауларының қыран құсындай аң­қыл­даған ақ пейілмен саңқылдап сөйлеп, ел, өлке тарихынан, әсіресе, Ақжолтай – Ағыбай батыр, Деріп­салы батыр, Жонқұтты шешен, Шортанбай жырау, Майасар ақын жайында жаңа мәліметтерді жайып салады. Мені Шашубай ақын­ның жансерігі қайраткер ақын Сәріпжіп Әзбергенұлының (1862-1934) шығармашылық өмірбаяны қызықтырып жүргендіктен, оның «Сарыарқа» дейтін дастанының тарихи тағдыры еді. 1929 жылы ырғалған қалың елдің үдере ауып, әрі тоналып, әрі қырылғандықтан шы­ғарған зарлы толғауды Кеңес кезін­де білетіндер қорыққанынан күміл­жігенін өкінішпен айтты. Ол ашаршылық жылдарында елдің басын қосып, еңбекке жұмылдырды, егін салдырды, ұжымдық шаруашы­лық ұйымдастырды. Еске сақтау мен ойлау қабілеті тегеурінді Шәукей Жұқанұлы 1943 жылы І Республикалық айтыс ұйым­д­астырылған радиодан Мұх­тар Әуезовтің терең ойлы сөзін тың­дағанын құштарлықпен тамсана айтты. М.Әуезовтің өзінің жер­лесі Орынбек Бековпен «Қазақ мем­лекеттік театрының жеті жыл­дығы» дейтін мақала жазғанын және ол 1934 жылы Қазақ драма театрының директоры болғанда, Әуезовтің «Еңлік-Кебегін» сахнаға шығарған екен. Мемлекет қайраткері, жалынды шешен, көсемсөзші Орынбек Бековтің өмір тарихын тереңнен толғап, оның Спасск зауытында қара жұмысшы боп істеген жылдарында орыс, ағылшын тілдерінде жатық сөйлеуді үйренген. Себебі, зауыттың иесі ағылшын болған. Аталы жұрттың ардагері Шәукей Жұқанұлы 1937-1941 жылдарда Ақмола педагогика училищесінде оқыған. Еңбек Қызыл Ту орденді Хасен Сәрінжіпов (1904 -1980): «Жақ­­сы мұғалім екенсің» деп еңбе­гін жо­ғары бағалаған. Мінезге де, тәжі­рибеге де, тілге де бай тарлан тұлға Шәу­кей Жұқанұлы өз заманының және тәуелсіздік дәуірі­нің руханияты тари­хына жетік. «Бас­тауыш мектеп – менің өмірімнің негізіне айналды. Айналамызға адал болдық – біреудің ала жібін аттамадық, ағайынға адал болдық – қиындықта бір-бірімізге қол ұшын ұсынудан жалықпадық, Отан­ға адал болдық – ол үшін от пен су кешуге әркез дайын тұрдық» дейді. Ақылгөй ақсақалдың сөйлеу мәдениетінде парасат пен таза­лық бар. Майталман ұстаз Хасен Сәрін­жіповтің болмысын «жылан­ның көзіндей түйір затқа» қызықпаушы еді деп бейнелі сөзбен жеткізді. Өзінің елу төрт жыл бойғы ұстаз­дық еңбегіндегі озат педагоги­калық әдіс-тәсілдерін, оқыту тәжіри­белерін «Білім негізі – бастауышта», «Ана тіліңді құрметте», «Оқу­шылардың үйде сабақ дайындауына қалай көмек жасауға болады?», «Жаңа про­граммаға көшудің алғышарты», «Көркейсе ауыл – көркейеміз бәрі­міз», «Қазақ тілі пәні бойынша сөз құра­мын оқытудағы тәжірибемнен», «Оқушыларды коллективтік сезімге тәрбиелеу» дейтін мақалаларында айшықты баяндады. Олар: ауызша мәдениетті сөйлеу, сауатты жазу, класс тақтасын, методикалық көрнекі құрал­дарды, тарихи картиналарды, бояулы суреттерді шеберлікпен тиім­ді пайдалану, дәрісті заманауи көкей­кесті жаңалықтармен көркейтіп байыту әрі ғылыми сипатын тереңдету, оқушылардың қабылдау, түсіну, ойлау ерекшеліктерін қадағалау, өлке тарихына мән беру. Ұстаз еңбегі, мерейі, ілтипатты, ілімді-білімді, білікті шәкірттермен өлшенері хақ. Осы тұрғыдан келгенде, оның атақты шәкірттері ғылым қай­раткерлері академиктер Жамбыл Ақыл­баев, Баян Рақышев, әнші Гүл­бар­шын Ақпанова, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері Рақымбек Рыс­беков, жазушы Кәмел Жүністегі, қай­рат­кер Қасымбек Медиев және т.с.с. Ойы да, қаламы да қарымды, өлке тарихының білгірі Шәукей Жұ­қанұлының «Тәбәрік» дейтін кітабында (2011) өз өмірінің соқ­пақ­тары, өскен өлкесінің, ата тари­хымыздың шежіресі, тұлғатануға қатысты пайымдаулары, айтулы замандастары жайындағы лебіздері, «өмірдің боямасыз шындығынан» туындаған әңгімелері, бата-тілектері жинақталған. Дәуірлермен бетпе-бет салиқалы сұхбат құрған сұңғыла ақсақалдың ой жүйесі мен сыр дү­ниесі мейлінше мағыналы. «Айна айна емес, халық – айна» дегендей, ел Шәукей Жұқанұлын хас жақсының өзі, ескілердің көзі, білім нәрін аямаған, өне бойы үлгілі-өне­гелі ұстаз, аймақтың, әулеттің құты деп санайды. Сондықтан да ел ар­да­ғының ұшар көгі, сағынышпен қонар көлі, сәулетті жері бар. Серік НЕГИМОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы. АСТАНА.