Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында тағы бір өлмейтін махаббат дастаны көрерменімен қауышты. Ол – әлемдік классика жауһары Уильям Шекспирдің әйгілі «Ромео мен Джульетта» қойылымы.
Шымылдық түрген күнінен бастап-ақ әр спектаклін жаңалыққа айналдыруға ұмтылып келе жатқан ұжымның түрлі тәжірибелерден өтіп барып, әлемдік классикаға келуі құптарлық қадам. Себебі Шекспирдей шайырдың шедеврлері шикілік пен шалағайлықты көтермесе керек. Осы жауапкершілікті терең түсінгендіктен де жас ұжым жүйелі ізденіс пен тыңғылықты дайындықтан кейін ғана атақты трагедияға тәуекел етіпті. Түркістан музыкалық драма театрындағы кезекті премьераны халықаралық және республикалық театр фестивальдарының лауреаты, 30-дан астам спектакльдің режиссері Дина Жұмабай сахнаға шығарды.
Спектакльдің негізгі идеясы Абайдың «Махаббатсыз – дүние бос» деген ұғымымен үндес. Басты кейіпкерлердің махаббатты бәрінен биік қойып, өздерін сол жолда құрбан етуі – соның дәлелі. Оған қоса автор қос ғашықтың сезімін қорғауда көрсеткен жанкештілігінің ежелден ерген дұшпандықты да, қоғамдағы шектеулерді де жеңе алатынын көрсетеді.
Жас та болса жаңашыл қолтаңбасымен дараланып жүрген Дина Жұмабайдың режиссерлік тәжірибесінде бұл «Ромео мен Джульетта» алғашқы қойылым емес. Аталған трагедияны сахна суреткері бұған дейін үш түрлі нұсқада көрерменге ұсынып үлгерді. Әйтсе де олардың бірі екіншісін қайталамайды, әрқайсысы жеке-дара сараптаудың жемісі. Ал режиссердің Түркістан музыкалық драма театры үшін тудырған бұл жұмысы готика стилінде сөйлеуімен ерекше дер едік.
«Мен «Ромео мен Джульетта» спектаклін еліміздің түрлі театрларында осымен төртінші рет сахналап отырмын. Аталған спектакльдер бір-біріне ұқсамайды, бірақ бәріне ортақ үндестік біреу – ол өлмейтін махаббат тақырыбы. Түркістан музыкалық драма театры сахнасындағы Ромео мен Джульеттаның да өз ерекшелігі бар. Сахнада декорация жоқтың қасы, минимализм, бірақ біз одан ұтылмаймыз. Қайта кейіпкер мен көрермен арасындағы байланысты берік етуге ықпалын тигізеді. Спектакльдің басындағы балғын 14 жастағы Джульеттаның образы көрерменнің көз алдында есейген, өмірден соққы жеген жанға айналады», дейді Дина Жұмабай жаңа қойылымының жаңалығы жайынан сыр ашып.
Режиссер атап өткендей, жаңа да жасампаз театрдың шығармашылық ізденіс ерекшелігіне сай бұл спектакльде заманауи сценография қолданылды. Оған қоса хореографиялық композициялармен көркемдеу, жаңа әуен, танымал таланттар мен жас театрдың беделді әртістерінің ерекше ойыны – бәрі-бәрі «жаңа театр» бағытына сай заманауи үлгіде үн қатты. Қойылымның жарыққа шығуына режиссерден бөлек, қоюшы суретші ретінде Айнұр Есболатова, композитор – Нұрсұлтан Төреәли, хореограф – Мәдина Мұратпекова, грим бойынша суретші Адэль Нұрқасымова тер төкті.
Айтулы қойылымның тағы бір ерекшелігі – әдетте сырттан шақырылған әртістердің қатысуымен қойылатын театрдың бұрынғы спектакльдеріндей емес, бұл қойылым ұжымның төл актерлерінің қатысуымен көрерменін қуантты. Басты рөлдерде Түркістан музыкалық драма театрының жас актерлері ойнады. Атап айтсақ, Ромео рөлін қос құрамда Данияс Нұрқабден мен Мұзафар Ғалымжанұлы сараптаса, Джульетта бейнесін Ақбөпе Жеңісбек пен Нұрай Сайлаубаева кейіптеді.
«Ромео мен Джульетта» – мәңгі өлмейтін, ескірмейтін ғазалы да ғаламат ғашықтық хикаясы ғой. Арада қанша ғасыр өтсе де, көрерменнің бұл шығармаға деген қызығушылығы әсте бәсеңсіген емес. Керісінше, жылдармен бірге көзқарас та, таным да жаңарып, жасарып келеді. Себебі махаббат тақырыбы – мәңгілік. Ал классика ескірмейді. Осыдан тура үш жыл бұрын киелі Түркістан төрінен эксперименталды театр болып ашылып, жастарды ұжымға жинаған едік. Міне, үш жылдың ішінде сол шешіміміз өз жемісін беріп жатыр. Талай сахна тарланынан тәжірибе алып, тай күнінен бапталған жастарымыздың үлкен сахнаға шығатын кезі келді. Сондықтан күрделілігіне қарамай басты рөлді өзіміздің театр әртістеріне сеніп тапсырдық. Үміт үдесінен шыққан сыңайлы. Бүгінгі премьераның басты табысы осы деп білемін. Бүгінге дейін түрлі қойылымдар қойып, қаланың мәдениетін қалыптастыру жолында аянбай тер төгіп жүрсек те, Шекспир тақырыбына жүрексіне келдік. Себебі бұл – театрымыз үшін үлкен емтихан десек те болады. Сынақтан сүрінбей өткен сыңайлымыз. Алдағы уақытта ұжымды әлі де асқаралы асулар, биік белестер мен іргелі ізденістер күтіп тұр. Енді шын мәнінде көрермендерімізді өрелі өнер талғамы тұрғысынан қарсы алуға әзірміз, түркістандық көрермен де оған сөзсіз дайын», дейді Түркістан музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Шынар Омарова.
Театрдың төл әртістерінен бөлек, сонымен қатар өзге өнер ұжымдарынан шақырылған актерлер ойыны да көрерменін кәсіби шеберлігімен тәнті етті. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Медғат Өмірәлиев, Мәдениет қайраткері Зәмзәгүл Бегайдарова, танымал театр және кино актері Кенжебек Башаров, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Саяжан Реал Бланко, қазақ киносының белді актрисалары Қарлығаш Тұрсынбекова мен Жұлдыз Әбдікәрімова да бар.
– Бұл – менің өнер жолымдағы өзге өңірлік театрға шақыртумен келіп ойнаған алғашқы рөлім. Әлбетте шығармашылық ізденіс тұрғысынан үлкен тәжірибе болғаны сөзсіз. Түркістан театры ұжымымен бірлесе жұмыс істегендегі мені ерекше тәнті еткен дүние – ол театр ішіндегі кәсіби балет труппасының жұмысы болды. Алдағы уақытта жергілікті мәдениет басқармасына өзім қызмет ететін Нұрмұхан Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының ішінен де балет труппасын ашсақ деген ұсыныс айтқым келіп отыр. Бұл театрымыздың көркемдік деңгейін жаңа белеске көтерері сөзсіз, – дейді жаңа қойылымда Монтекки рөлін кемеліне келтіре кейіптеген талантты актер, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрының көркемдік жетекшісі Медғат Өмірәлиев.
Премьераға арнайы шақырумен барып, спектакль көрген театр сыншысы Амангелді Мұқан да қойылымға жоғары баға берді. «Жаңа үлгідегі «Ромео мен Джульеттаны» Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында қойылғанын көріп қуанып отырмыз. Дина Жұмабай – үнемі ізденіс үстіндегі, жаңашылдыққа жаны жақын жасампаз режиссерлеріміздің бірі ғой. Әр жұмысынан жаңалық көріп, жан жадырайды. Талай халықаралық фестивальдарда да топ жарып жүр. Әрине, бұл дәстүрлі қойылым емес, заманауи режиссура. Ең әуелі спектакльді сол тұрғыдан талдауымыз керек. Қойылым өз аудиториясына бағытталған, яғни жастарға арналған. Кейбір көрермен: «Спектакльде неге ортағасырлық заман костюмі жоқ, неге декорациясы жұтаң» деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл жерде режиссердің мақсаты басқа, ол сахнаның сән-салтанатын емес, екі жастың махаббатын, трагедиялық жағдайға алып келген оқиғалар мен жастардың қайғылы халін алдыңғы орынға шығарған. Сценографиялық тұрғыдан да минимализм арқылы сәтті шешім тапқан. Әрине, қойылымның көңілімнен шықпаған тұстары да бар. Соған қарамастан режиссер заманауи қолтаңбамен көрерменге жаңаша спектакль ұсынып отырғанына ризамын. Динаның суреткер ретінде заманауи сценография мен хореографиялық композицияларды ұтымды қолданғаны көрініп тұр. Тоқетерін түйгенде, «Жаңа театр» стиліндегі сәні мен сараптауы келіскен табысты жұмыстың куәсі болдық», деп пікір білдірді театртанушы.
Екі күн қатарынан қойылған премьерада ине шаншар орын болмады. Әлемдік классиканың ғажабын көруге асыққан түркістандық көрермендер мен қала қонақтарының шексіз ілтипаты мен риясыз құрметі жас театр ұжымына жаңаша серпіліс сыйлап, қанаттандырғаны сөзсіз.