• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Мамыр, 2024

Қуанса, бала қуансын

43 рет
көрсетілді

Жетісуда қала маңындағы шағын елді мекендердің айтар уәжі көп. Соның бірі – балалар ойын алаңының жоқтығы. Саяжай тұрғындары көбіне орталыққа келіп серуендейді. Мұны естіген қала әкімдігі «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына сенім артқан еді. Міне, нәтижесінде облыс орталығының іргесінде орналасқан 3-бөлімшеде балалар ойын алаңы ашылды.

Бұл ойын алаңын шағын елді мекен балалары көптен күт­кен еді. Тұрғындар да сан рет қала әкімдігіне хат жазып, мәселені ортаға салған. Қазір Еркін ауылдық округіне қарайтын 3-бөлімшеде 150 түтін тұрады. Мұндағы тұрғындар бүлдіршіндер үшін заманауи талапқа сай жабдықталған ойын алаңы қажет екенін айтып, тіпті облыс әкімдігіне де хат жазыпты. Осы ретте игілікті бастамаға «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы мұрындық бол­ған. Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған жобаға 14 млн теңге қаржы бөлінген. Ал құрылыс жұмыстарын «Mir&Er» ЖШС қолға алған.

Осы сәтті балаларымыз көптен күтті. Қаланың сыр­тында орналасқандықтан, балаларымыз ойнайтын жер таппай, қалаға баруға тура келетін. Жаңа алаңда бала­лардың қауіпсіздігі үшін барлық жағ­дай жасалған. Өзіне лайықты шағын қоршауы бар. Ең бастысы, жерге резеңке жабындысы төселген, ойын құралдары да сапалы. Енді балаларымыз осы алаңда алаңсыз ойнайды», дейді бөлімше тұрғыны Светлана Ажикенова.

Талдықорған қаласы әкімдігінің мә­ліметінше, уақыт өткен сайын аталған бағдарламаға қатысқысы келетін тұр­ғындардың саны артып, олар ең маңызды деген жобаларды белсенді ұсына бас­таған. Бұл өз кезегінде абаттандыру жұмыс­тарының қарқынды жүруіне септігін тигізіп жатыр.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша өткен жылы 12 жоба белгіленсе, соның бесеуі іске қосылып, Ынтымақ, Еркін ауылдары, Жастар-1, Көктал тұрғын ауданында ортақ қолданыстағы аулалар абаттандырылды, ал қалған 7 жобаны биыл аяқтаймыз. Атап айт­қанда, «Алмалы», «Ащыбұлақ», «Үйтас» сая­­жайларында, 3-бөлімше және Батыс тұр­ғын ауданында спорт және балалар алаңдарын орнатып, Көкталда тротуа­р ағымдағы жөндеуден өтпек. Соның бірі 3-бөлімшедегі балалар ойын алаңы қолданысқа берілді», дейді қала әкімінің орынбасары Рүстем Бершінбеков.

Оның айтуынша, биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына 500 млн теңге қарастырылып отыр. Бүгінде 68 жоба түскен, соның 22-сі – дауыс беру сатысында. Көп ұзамай 22 жобаның ше­шімі шыққаннан соң қалалық ТҮКШ бөлімі конкурсқа беру жұмыстарын бас­тайды.

Айта кетейік, «Халық қатысатын бюд­жет» – азаматтардың жергілікті бюд­жет қаражатын бөлуге қатысуы. Тұр­­ғын­дар­дың өздері абаттандыру идея­ларын ұсы­нады, оларды жоба дең­гейіне дейін пы­сықтайды, содан кейін онлайн дауыс беру арқылы жеңім­паздарды таң­дайды.

Жоба тұрғындарды кез келген жер­гілікті проблеманың айналасында бірік­тіреді, көршілерді талқылауға тартады, ауланы, саябақты немесе алаңды қалай жақсы жабдықтау керектігін түсінуге мүмкіндік береді.

 

Жетісу облысы