• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Digital 16 Мамыр, 2024

Аймедеттің электрлі көлігі

106 рет
көрсетілді

Робот пен жасанды интеллектіге күніміз қараған заманда ізденіс күшейе түседі. Мұны ғылымды адамзат пайдасына бола оқып, өркениетті игілікке қолданатын Аймедет Тауфикті көргенде ұғындық. Ол мүгедек жандардың жүріс-тұрысын жеңілдететін электрлі көлік жасап шығарған.

Аймедет Орал қаласындағы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған IT лицей мектебін бітірген. Қазір Назарбаев университетінде Роботтехника бағытында оқиды. Жас өнертапқыш мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріс-тұрысын жеңілдеткісі келген. Ол карантин кезінде «Бизнестің жол картасы – 2025» жобасы аясында 3,3 млн теңге грант ұтқан. Сол ақшаға электрлі көлік жасайтын шеберхана ашқан. Онда мүгедектік арбасына бекітілетін, тоқтан қуат алатын қондырғы дайындалады. Көзді ашып-жұмғанша бір жаңалық ашылатын өркениет өрісінде бұл жоба қанша жылдан бері халықты қуантып келеді.

«Менің стартап-жобам ерекше адамдардың өмірін жеңілдетуге көмектеседі. Көбіне сыртқа шығу немесе жай серуендеу үшін оларға біреудің көмегі қажет. Мақсатым – ол кісілерге қозғалыста еркіндік беру. Бұл ой 2019 жылы университеттің дайындық курсында оқып жүрген кезімде пайда болды. Содан кейін алғаш рет NU-да өткен мейкатонға (72 сағаттық марафон, онда өнертапқыштар мүгедектердің өмірін жеңілдету үшін құрылғылар әзірлейді) қатыстым. Біздің командада төрт адам болды, мен байқаудың ең жас қатысушысы болдым. Солай арбаның алғашқы прототипі жасалды. Оқып жатқан бағытым елімізде  енді пайда болып жатыр. Тікелей роботтехника курстарын оқытады. Роботтехника саласында елімізде түрлі жарыс, оқу әдістері көбейіп келеді. Роботтехниканың беретін мүмкіндігі өте көп, бірақ ол мүмкіндік елімізде жоқ. Білімімізді пайдаланатын орындар өте аз. Нақтырақ айтқанда, зауыт, роботтарды пайдаланатын жерлер әлі дамымаған. Біз елдің болашағы саналғандықтан, осы роботтехниканы елде дамытуымыз керек деп ойлаймын», дейді жасампаз жігіт.

Жоба «Bulan» деп аталады. Алғашында кішігірім болып ашылған шеберхана қазір үлкейіп, орталыққа айналып келеді. Электрвелосипед, электрлонгборд, мүгедек арбасына арналған электр қондырмасын жасайды. Бұдан бөлек басқа да «Onewheel», «Дрифт трайк» секілді электрлі көліктерді  ойлап табу жоспарда бар.

«Шығарған жаңа өнімдерімізді айтатын болсақ, мүгедек арбасына арналған электр қондырғысы. Аталған жобамен тұрақты жұмыс істеп жатырмыз. Қондырғы мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірін жеңілдете түседі. Статистикаға сүйенсек, елімізде 702 мың адам мүгедектігі бо­йынша тіркелген. Соның ішінде 250 мыңы – бірінші топтағы мүгедектер. Олардың бас­ты мәселесі – біреудің көмегіне қарап отыру, яғни өз бетімен қалаған уақытында сыртқа шыға алмайды. Уақыты өзгелерге тәуелді. Ал біз жасаған құрылғы олардың тәуелсіз қозғалуына мүмкіндік береді. Артықшылығы құрылғыны арбасына өзі қалаған уақытында қойып, шеше алады. Сондай-ақ қондырғы барлық арбаға келе береді», дейді Аймедет.

«Bulan» жобасымен Аймедет «NURIS Hardware Challenge 2.0» стартап байқауының финалында грантты жеңіп алды. Ол жобаны одан әрі дамытуға, адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін басқа да әзірлемелер жасауға ниетті.

«Елімізде жұмыс істеп, адамдарға пайдалы өнімдер әзірлегім келеді. Жоғары сапалы электр приставкаларын жасаймын. Елімізде әуес­қойлар бар, олар өз беттерінше техника жасап, бір нәрсе ойлап табады, бірақ үлкен көлем­де индустрия мен өндіріске айналғаны ма­ңызды. Өз мысалымда электр көлігінің сұ­ра­нысы жоғары екенін көрсеттім. Ғылым мен жаңа әзірлемелер қарапайым өмірдің сапа­сына қатты әсер етеді, біз оны әрдайым бай­қай бермейміз. Жаңа идеялар қоршаған ор­таны жақсартуға және адамдардың игілігі үшін жұмыс істеуге көмектесуі керек», дейді Аймедет.