Қонаев қаласында «Alatau Hub» өңірлік инновациялық орталығы ресми түрде іске қосылды. Бұл Алматы облысындағы IT-индустрияны дамытудың жаңа кезеңі болмақ.
«Alatau Hub» елдегі басқа да өңірлік инновациялық орталықтар сияқты, «Astana Hub» білім беру және инкубациялық бағдарламаларын таратып, митаптар, «Pizza Pitch» , воркшоптар, «Speaker Talks», «Idea Battle», т.б. сияқты түрлі іс-шараларды өткізуге арналған басты алаңға айналады. Бұл оқиғалар салада IT-қауымдастықтың қалыптасуы мен дамуына, сондай-ақ білім мен тәжірибе алмасуға ықпал етеді. Хабтың ашылуы аясында еліміздің ірі IT-компанияларының көрмесі ұйымдастырылды.
«IT-хабты ашу – технологиялық инфрақұрылымды дамытудағы, өңірдегі инновациялық идеяларды қолдаудағы маңызды қадам. «Alatau Hub» Алматы облысының IT-қоғамдастығын дамытуда жаңа стандарттарды белгілейді. Оның мақсаты – технологиялық кәсіпкерлікті насихаттау, стартап-мәдениетті қалыптастыру, өңірде IT-саланы, цифрлық білім беруді дамыту», деді Алматы облысы әкімі аппаратының басшысы Мұрат Мадигулов.
Бұл «Astana Hub» басқаруымен іске қосылған 14-өңірлік хаб. Негізгі мақсат – осы жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірлерін қамту.
«Біздің аймақтық хабтар инновацияға, кәсіпкерлікке, технологиялық үдеріске ықпал ететін экожүйені құруда, қолдауда шешуші рөл атқарады. Жастар тек оқуға ғана емес, сонымен қатар өз білімін іс жүзінде қолдануға, компаниялары мен инновациялық өнімдерін құруға мүмкіндік алады. Бұл жаңа жұмыс орнының пайда болуына, экономиканың өсуіне, халықаралық аренада елдің бәсекеге қабілеттілігінің артуына ықпал етеді», деді «Astana Hub» басқарушы директоры Дания Ахметова.