Өнердің өлшемі – талант. Екібастан. Дегенмен кейде көркем туындының сәтті шығуына таланттың тағдыры да әсер етіп жатады. Жалпы, өнердегі мұндай оқиғалар туралы мың сан мысал келтіруге болады. Мәселен, кез келген атақты суретшінің есімі оның шығармашылығымен ғана байланысты сияқты.
Ақиқатында, ол картиналардың қатпарында автордың қилы тағдыры мен күйі, жан тебіренісі мен толқынысы жатыр. Иә, әр көркем туындының астарында өз тарихы, өз әуені, өз сезімі, өз мұңы бар. Бәлки, Чак Паланиктің «Өнер тек мұңнан туады» дегені де рас шығар.
Бүгінде орыстың ғажайып портретисі Иван Крамскойдың шығармашылығын өнерсүйер жұрт бір сәт ұмытуға айналғандай көрінеді. Еске салсақ, аңыз-тұлғаның қылқаламы, тек өз заманының бет-бейнесін бедерледі. Өз қоғамының кейіпкерлерін салды. Өз уақытын жырлады. Суретші шығармашылығындағы сол заманның әйдік адамдарының әрқайсысы көзге оттай басылады. Тіпті өзі «Бейтаныс ару» деп атаған әйгілі картинасы да айтарлықтай таныс.
Иә, аталған туынды Крамской шығармашылығында ғана емес, барша әлемде ең көп таралған картина. Өнер әлемінің сыры мен жұмбағы, сан қатпарлы құпияға толы құштарлығы көрген көзді баурап, өз тылсымының тереңіне ала кеткен картина атауы да көпшілікке бірден әсер етті.
Алайда «Бейтаныс арудың» атағы Айға жеткенімен, сол бейтаныс күйінде қалғаны да қызық. Оның кім екендігі туралы түрлі болжам, түрлі аңыз айтылады.
Соның бірінде картинада дворянға тұрмысқа шыққан Матрена Саввишна есімді қарапайым шаруа қызы бейнеленген деседі. Крамской онымен алғаш рет Петербор қаласында жолығып, сұлулығына тәнті болады. Сол шабытпен қылқаламын қолға алған. Ал енді бір аңызға сүйенсек, туынды салынардан бірнеше жыл бұрын орыс әдебиетінің жақұты «Анна Каренина» романы жарық көрген еді. Басты кейіпкердің бейнесіне еліткен шебер атақты картинасын роман ықпалымен жазды деп те айтады. Кейбіреулер суретте Достоевскийдің «Идиот» шығармасындағы Настасья Филипповна бейнеленген дейді. Бәрі де мүмкін.
Десек те Крамской заманының сыншылары картинада жиынтық образ салынғанына сенімді. Олар сол кезде «қымбат камелия» деген атаумен белгілі, яғни бай кавелердің шотына өмір сүретін «үлкен қаланың тумасын» көретінін жазған.
Кезекті болжам бойынша суретші портретті өз қызы Софья Крамскаядан сызған екен. Мұндай пікірге себеп – суреттегі ару суретші қызына арнаған картиналарына қатты ұқсас. Мысалы, «Мысық ұстаған қыз» картинасымен салыстыруға тұрарлық.
Тіпті картина туралы романтикалық болжамдар да айтылыпты. Бұл пікір Игорь Оболенскийдің «Сұлулық тағдыры. Грузин әйелдер өмірі» атты кітабында жазылған. Оның ойынша, белгісіз ару – І Александр таңдаулысы Варвара Туркестанишвили. Таңдаулысы ұрпағын жалғар мұрагер тауып бере алмағандықтан, уақыт өте императордың сезімі суып кетеді. Сүйіктісінен көңілі қалған ару өз-өзіне қол жұмсайды. Осылайша, хас сұлудың қилы тағдыры қылқалам шеберін шабыттандырған деседі.
Иә, әлемге әйгілі атанған картина хақында сөз де, аңыз да, әфсана да көп. Тылсым туындының мұндай пікір-таласқа, құпияға толы болуы заңды да шығар.