• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Балалар 17 Мамыр, 2024

Жазғы демалыстың жайы

101 рет
көрсетілді

Аймақтарда балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру іс-шаралары аяқталды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен өткен кеңесте облыс әкімдерінің орынбасарлары баяндады.

Биыл 3 млн-нан аса баланы белсенді жазғы демалыспен қамту жоспарланған. Оқушыларға 10 мыңнан аса лагерь қызмет көрсетпек. Балаларға демалыстан бөлек жас ерекшеліктеріне қарай түрлі танымдық шаралардың ұйымдастырылуы биылғы жаз мезгілінің басты өзгешелігі болмақ.

Бастауыш сынып оқушылары­ның жан-жақты дамуына мектеп жанындағы лагерьлер жұмыс істемек. Одан бөлек, әртүрлі танымдық шаралар қарастырылып отыр. Мәселен, Атырау облысында «Kids university» жобасы шеңберінде балалар уақытша «студенттік билет» алып, бірнеше күн ерекше сабақтар арқылы ғылым әлеміне бойламақ.

Орта сынып оқушыларына экскурсиялық-туристік бағдар­ламалар ұсынылатын болады. Балалар туған өлкесінің тарихи, мәдени мұраларымен танысу мүмкіндігіне ие болады.

Мысалы, Солтүстік Қазақ­стан облысы ауыл мектептерінің оқушы­ларына Петропавл қаласына сапарлары ұйымдасты­рылады. Мұнда оларға шаһардың көрнекі орындары көрсетіліп, тарихи ескерткіштер мен мұражайларға танымдық саяхаттар қарастырылады.

Шығыс Қазақстан өңірінде балаларға «Қонақжай отбасы» жобасы ұсынылады. Оның аясында ниет білдіргендер қазақ тілін меңгеруге, аймақтың әсем табиғаты мен мәдениетімен танысуға мүмкіндік алады. Жоба­ға қатысушылар 20 күн бойы ауылдық елді мекендердегі отбасыларда тұрады.

Жоғары сынып оқушылары үшін колледж бен жоғары оқу орындары базасында мамандандыру бағытындағы бірқатар шаралар жүзеге асырылады. Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың 94%-ы қамтылады.

Су тасқыны салдарынан зардап шеккен аймақтардың балалары ерекше назарда болады. Тасқын басталған кезден бастап 614 бала оқу-сауықтыру орталықтарында демалған. Қазіргі таңда ол нысандарда 629 бала демалып жатыр. Жазғы демалыс кезінде 3 833 баланы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланған.

«Оқу-ағарту министрлігі ай­мақтардағы оң тәжірибелердің кеңінен таралуын қолға алуға тиіс. Шараларды ұйымдастыру кезінде балалардың қауіпсіздігіне баса мән берілгені жөн. Бүгінде демалыс, сауықтыру орындарын тексеру, қабылдау кестесі бекітілген. Оның сақталуын мүдделі мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері тұрақты бақылауда ұстауы қажет», деп атап өтті Т.Дүйсенова.