Сан түрлі тағдырлы адамдардың қарым-қабілеті де, қызығушылығы да, өнерлілігі мен өнерсіздігі де әртүрлі. Әсіресе шығармашыл жандар өнерден басқа ештеңеде ісі жоқтай көрінеді. Десек те жазудың классикалық үлгісін көрсеткен қаламгерлер де спорттан кенде емес екеніне әдебиетте мысал көп.
Мәселен, Мұхтар Әуезов Семейде семинарияда оқып жүргенде 1913 жылы тұңғыш құрылған «Ярыш» («Жарыс») футбол командасының жартылай қорғаушысы болып ойнағанын білеміз. Кейінірек ат бәйгесіне ерекше жанкүйер болыпты. Бұдан бөлек жазушының бильярд, тоғызқұмалаққа да қызығушылығы артқан. Аңшылыққа шығуы екібастан. Сондай-ақ ұлы Елдармен шахмат ойнап отырғаны деректі фильмде де көрсетіледі. Ал Мұқағали Мақатаев пен Жұматай Жақыпбаевтың бокспен шұғылданғаны да ел аузында әлі айтылады.
Орыс классиктеріне келер болсақ, Максим Горький шаңғы тепкенді ұнатқан екен. Ал Лев Толстой спортқа өте құмар болған. Ол 67 жасында велосипед айдауды үйреніпті. Лев ақсақалдың бұл талпынысын көрген жұрт, әрине күлген. Алайда жазушы күнделігінде: «Кейінгі кездері манежде велосипед теуіп үйреніп жүрмін. Менің оған қызығуым, әрине біртүрлі. Евгений Иванович (дәрігер) мені бұл ісімнен айнытып, оған қоса ренжіді. Ал маған түк ұят емес. Керісінше, мұнда бір табиғи диуаналық бар екенін сеземін», деп жазады.
Мәскеулік велосипедшілер қоғамы өз қатарларының 67 жастағы қаламгермен толыққанына ерекше таңғалды. Сөйтіп, Толстойға ағылшынның «Rover» маркалы велосипедін сыйға тартты.
Бұдан бөлек Толстой ақсақал коньки тебуден де құр алақан емес, атқа мініп, сағаттар бойы жаяу жүруден де жалықпапты. Кей күндері балық аулап, аңға шығатын: тіпті аю атқан деседі (әрине, вегетариан болғанша). Александр Куприн де құмар атлет атанып, циркте өнер көрсетіпті. Ол әуе шарымен көтеріліп, сүңгуір костюмімен су астына түскен.
Ал әуесқой саятхатшы кім десеңіз, ақын Николай Гумилевті айтамыз. Ол бірнеше рет Африкада әрі саяхатшы, әрі экспедиция жетекшісі ретінде болған.
Спорттың ең тыныш әрі сабырлы түрімен Иван Тургенев айналысқан. Шахматты өте жақсы ойнаған ол, тіпті халықаралық турнирлерге де қатысып, жүлделі болған деседі.