• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 17 Мамыр, 2024

Ең алғашқы Шаңсорғыш

166 рет
көрсетілді

Адамзат тарихындағы алғашқы шаңсорғышты адамдар жылқы­лардың көмегімен жылжытатын болған. Осыдан-ақ бұл құрылғының қандай алып екенін аңғара беріңіз.

Ағылшын инженері Хьюберт Сесил Бут 1901 жылы өзінің арнайы фильтрі бар шаңсорғышын жасайды. Вакуумды сорғының күші бес жылқыға татитын. Оған қоса, бензинді қозғалтқышпен жұмыс істейді. Кейін ол электрмоторлы нұсқасын жасайды. Бірақ екі шаңсорғыш та өте үлкен еді, оны тек аттардың көмегімен ғана жылжытуға болатын. 1908 жылы америкалық компания «W. H.Hoover Company» алғаш рет жинақы «tin model» атты шаңсорғыш жасап шығарады. Жинақы дегенде де оның салмағы 20 кг еді. Уақыт өте келе оның салмағы азая берді. Бүгінде ол барлық үйде кездесетін маңызды өнертабысқа айналды.

 

Бағдаршам

Ең алғашқы бағдаршам 1868 жылы Лондонда пайда болған. Оны ойлап тапқан ағылшындық инженер – Джон Пик Найт.

Әуелде бағдаршамның қасында күні-түні полиция қызметкері қарауылдап, іске қосып тұрған. Түстердің мағынасын жалпы халыққа ұқтыру үшін Лондон газеттерінде арнайы ережелер жазылып түсіндіріледі. Бірақ үнемі адамның қатысуымен жүзеге асатын бұл өнертабыс көпке бармайды. Ең алғашқы автоматты бағдаршам АҚШ-тың Кливленд штатында 1914 жылы орнатылады. Айтпақшы, бұлар тек қызыл мен жасыл түстен ғана тұрған еді. Ал сары түс 1918 жылы ғана пайда болды.

 

Электр пеші

1859 жылы 20 қыркүйекте Джордж Б.Симпсонның авторлығымен та­ғамды жылытып, дайындауға ар­налған өнертабыс тіркелді.

Алайда Симпсонның бұл жұмысы тек қағаз түрінде қалады, яғни ол тек жоспарын ғана жасап үлгереді. Ал кана­далық кәсіпкер Томас Ахерн 1882 жылы өнертабысты қайта патенттеп қана қоймай, оның мүмкіндіктерін халыққа ұсына білді. Сол жылы ол «Виндзор» қонақ­үйіне таныстарын шақырып, электр пеші арқылы піскен тамақтарды ұсынады. Канадалық журналистер оның өнертабысы жайында жарыса жазады. Дегенмен газ плиталарын пайдалану сол уақыттары арзан әрі тиімді болмағандықтан, жаңа өнертабысы оған айтарлықтай пайда әкелмейді. Адамдар тек 1930 жылдардан бастап қана электр пештерін қолдана бастады.